Жылқы жануары – қазақ үшін ең қасиетті ұғымдардың бірі. Тарихи деректерге тереңірек үңілетін болсақ, жабайы аттарды ең бірінші үйреткен біздің ата-бабаларымыз екені жиі айтылып жүр. Өйткені, қазақ пен жылқы жануарының жаны бір, бірі – адамзат, бірі – сәйгүлік болса да, бір-бірін тілсіз ұғынып, түсіне білген. Жылқының ешбір жануарға ұқсай бермейтін асыл қасиеті туралы ата-бабаларымыздан небір тамаша жыр-дастан қалды. Озық технология дамыған өркениетті қазіргі дәуірдің өзінде атқа мінсек, рухтанып, арқаланып жүре береміз.
Зұлымдықпен аты шыққан Сталин – сол кездегі Қазақстан өлкелік коммунистік партиясын басқарып тұрған Голощекинге: «Қазан төңкерісіне 12 жыл толса да, қазақтардың Кеңес өкіметіне бас иетін түрі жоқ. Еркін, батыр қазақ халқын құртудың жалғыз жолы бар. Ол – қазақ жеріндегі жылқы жануарын жойып жіберу. Атқа мінсе, аруақтанып кететін қазақтардың рухы түсіп, қоңыз теріп кетеді», – деп кеңес беріпті. Шаш ал десе, бас алатын Голощекин бұл кеңесті бұлжытпай орындады да! Небәрі екі жылдың ішінде Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан қазақтың кең-байтақ жерінде 5 миллион жылқы жануары жойылып кетті. Сталиннің айтқан сөзі дәл келіп, қазақтың рухы түсіп, есін жия алмай қалды. Көп ұзамай-ақ қолдан жасаған ашаршылық басталып, 4 миллион қазақ аштан қырылды. Ұлтымыздың бетке шығар қаймақтары атылды, асылды, түрмеге айдалды.
Кеңес дәуірі кезінде қазақтың ұлттық ойындары – көкпар, бәйге өткізуге тыйым салынды. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, тәуелсіздік таңы арайлап атқанда ғана жылқы жануарын өсіруге, асылдандыруға, қазақтың теңдессіз өнеріне жататын көкпар, бәйге, қыз қуу дамып, әр дәрежеде өтетін мерекелер мен тойлардың көркіне айналды. Осы орайда Түркістан және Жамбыл, Алматы облыстарын қамтып жатқан «Қаңлы» атты атбегілер қауымдастығының ұлт мүддесі үшін үлкен жұмыстар атқарып жатқанын ерекше атап өткен жөн. Бұл ретте Түркістанның зиялы азаматтары Балтабай Асан және Бекзат Жандарбекұлы көпке үлгі-өнеге болатын игілікті істерді жүзеге асыруда. Құрамында 300-ден астам мүшесі бар атбегілер қауымдастығы аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып, мерейлері үстем болуда. Игі істерді сөз еткенде белгілі атбегілері Орынбай Исабеков, Асылбек Керімқұлов, Мұтахан Орынбайұлы, Ахмет Сапарұлы, Өсербай Досанұлы, Нұрғиса Қалмаханұлы, Ұлықбек Назарұлы, Медеу Әбдібайұлы, Бекзат Жандарбекұлы, Руслан Өсербаевтардың есімдерін ерекше атап өткен жөн.
Жуырда Түркістан облысы Төле би ауданының таулы аймақтарындағы көрікті жерде орналасқан «Алтын дән» демалыс аймағында тамаша басқосу болды. Есте қалар бұл кездесуге Түркістан, Жамбыл, Алматы облысында тұратын белгілі атбегілер шақырылып, ағайындар сағынышпен кездесіп, мәре-сәре болып жатты. Сондай-ақ бұл басқосуға елдің ынтымағы мен бірлігін, татулығын әріден ойлап, шежіре зерттеп, зерделеп жүрген, абыз ақсақалдар, жазушы және өнер қайраткерлері, зиялы қауым құрметті қонақ ретінде қатысты. Жан-жақтан жиналған ағайын ата-баба аруағына Құран бағыштап, құрбандық шалды. Үлкен мен кіші бас қосқан бұл кездесуде Тараз қаласынан арнайы келген 80 жастағы қария Сұлтанбек Байжігітұлы ақ батасын беріп, жүректегі ақ тілегін жеткізді. Игілер мен жақсылар бас қосқан бұл қауышуды белгілі атбегі, өнер қайраткері Ұлықбек Назарұлы жүргізіп, ағайындар бір-бірімен танысып, дидарласып, атбегілік өнерін дамытудағы өз ойларын, ұсыныстарын ортаға салды. 150-ге жуық ағайынның басын қосып, осынау игі шараны үлкен дәрежеде өткізуге мұрындық болған түркістандық зиялы азамат Балтабай Асан мен Бекзат Жандарбекұлына жиналған халық алғыс сезімдерін жеткізді.
Тау баурайындағы кездесуге данқты боксшы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Байбосынов, қолкүрестен дүниежүзілік жарыстың күміс жүлдегері, Азия чемпионы Нұрсұлтан Назарұлы қатысып, өтіп жатқан игі шараларға ізгі тілектерін айтты. Айтулы басқосуда белгілі көкпаршылардың, атбегілердің өнерін баяндайтын бейнекөріністер көрсетілді. Әр жүрекке ұмытылмайтын әсер қалдырған кездесу спорт жарыстарымен жалғасып, қызықты сәттерге ұласып жатты. Қолкүрес, арқан тарту, гір тасын көтеру, суда жүзу жарыстары өте тартысты өтіп, жеңімпаздар марапаттарға ие болды.
Тау баурайындағы кездесуде ел мүддесі үшін атқарылып жатқан игі істер жан-жақты әңгіме болды. Амандық болса, әр жүрекке қуаныш, үміт сыйлайтын кездесу келесі жылы Алматы қаласында өтетін болып келісілді.
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы, режиссер,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
Төле би ауданы,
Түркістан облысы