Облыстық мәслихаттың кезекті ХХХІХ сессиясы өтті. Сессияға облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев төрағалық етті. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сөз облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағлан Наурызғалиға берілді.
– Облыста «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Еңбекшіқазақ ауданында 4, Жамбыл ауданында – 3, Іле ауданында – 4, Қарасай ауданында – 8, Талғар ауданында 7 мектептің құрылысы бекітілген. Былтыр Қарасай ауданының Қошмамбет, Елтай, Долан, Көкөзек, Кемертоған ауылдары, Қаскелең қаласы, Алатау қаласының «Еңбек» шағынауданы, Жамбыл ауданының Ұзынағаш, Қарғалы ауылдарындағы мектеп құрылысы аяқталды. Барлық 9 мектеп білім бөлімдерінің теңгеріміне өткізіліп берілді. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның іске асыру кестесіне сәйкес жаңа оқу жылы басталғанға дейін 17 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған. Іле ауданының Тілендиев, Қарасай ауданының Бұлақты, Талғар ауданының Көктал ауылындағы нысандардың құрылыс-монтаждау жұмыстарының кестеден қалып жатқаны байқалуда. Қалған 11 мектеп бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары құрылыс кестесіне сәйкес жүргізілуде. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында 2024-2025 жылдарға арналған Алматы облысында ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 38 денсаулық сақтау нысанының тізімі бекітілді, – деген Бағлан Серікұлы басқа салалар бойынша құрылыс нысандары жайында хабардар етті. Мәселе дауысқа қойылып, халық қалаулылары облыстық құрылыс басқармасының есебі назарға алынуын бірауыздан мақұлдады.
Сессия барысында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Шатанов пен сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Кеңесбаевтың баяндамалары тыңдалды. Депутаттар 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджетке және Алатау қаласының Бас жоспарының жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қолдап дауыс берді.
Әрі қарай жалғасқан сессия отырысында бюджеттік комиссия құрамы бекітіліп, облыс әкімдігінің дербес құрамы келісілді. Сессияның күн тәртібіне сәйкес мәселелер толық қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Сессия отырысын облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев қорытындылады.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
