Ауыл мәдениетінің көтерілуі, тұрғындар денсаулығының жақсаруы, экологиялық тұрғыда көгеріп-көктеуі тазалыққа тікелей байланысты. Осынау игі іске «Таза Қазақстан» акциясының тигізіп жатқан ықпалы зор. Бұл ойымызды Райымбек ауданында осы уақытқа дейін қолға алынып, нәтижесін беріп келе жатқан іс-шаралардан анық аңғаруға болады.
Аталған акция жалғасын тауып, аудан орталығында, ауылдық округтерде сенбілік өткізілді. Шараға аудандық деңгейдегі барлық мекемелер, білім, денсаулық, мәдениет саласы, жастар ұйымы, ауыл тұрғындары қатысып, мән-маңызы зор игілікті істің жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қосты.
Сенбілікке қатысушылар ауылдағы көшелерге, мәдени ескерткіштердің айналасына, мәдени орындарға, білім ошақтары мен денсаулық сақтау орындарының төңірегіне, саябақтарға, гүл алаңдарына тазалық жұмыстарын жүргізсе, тұрғындар өз үйлерінің айналасын ретке келтірді. Тал-теректер мен көктемде өз қолдарымен еккен жас өскіндерді, гүлзарларды суарып, түптерін қопсытты. Көгалдандыруға қатысты басқа да қол еңбегін қажет ететін жұмыстардың жүзеге асуына мұрындық болды.
Бұл күні ондаған тонна күл-қоқыс сыртқа шығарылып, арнайы орынға жеткізілді. Сөйтіп, сенбілікке қатысқан 1000-ға жуық адам белсенділік таныта отырып, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының талабына лайықты істерімен жауап берді. Маңызды шара алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы




