Қонаев қаласында балалар арасындағы футболдан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде. Додаға 2014 жылы туған жасөспірімдерден құралған 15 команда бақ сынап, елдің әр өңірінен жиналған 300-ден астам жас футболшы өз шеберліктерін көрсетуде. Басты мақсаты – балаларды спортқа баулу, жас ойыншылардың қабілеттерін шыңдауға жағдай жасау және үздік спортшыларды іріктеу.
Турнирді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығы және облыстық мамандандырылған футбол мектебі ұйымдастырды.
Салтанатты ашылу рәсімінде балалар футболын дамыту мемлекет және футбол федерациясы тарапынан белсенді қолдау тауып отырғаны айтылды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IVотырысында елдегі футбол инфрақұрылымын дамытудың маңызын ерекше атап өтіп, ескі стадиондарды жаңғырту және жаңаларын салу, сондай-ақ балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажеттігін айтты. Президент тапсырмасына сәйкес Талғар ауданында әлемдік деңгейдегі «Atlético de Madrid Kazakhstan» футбол академиясының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар «Jeyran» футбол клубының жобасы аясында Қарасай ауданында футбол базасы салынуда, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек.
Шараны ұйымдастырушылардың бірі, облыстық футболдан мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Ернар Нұрланов ойын барысы қалай өтіп жатқаны жайлы баяндады.
– Бұл – 2014 жылы туған жасөспірімдердің алғашқы чемпионаты. Яғни бәйгеге енді қосылып жатыр. Осы арқылы қатысушылардың деңгейін анықтап, келесі чемпионатқа үздіктерді іріктейміз. Қатысушылар жақсы ойын көрсетуде, дайындықтары бірден байқалды. Алғаш келгеннен кейін балаларда қобалжу болғаны да сезілді. Соған қарамастан, сапалы ойын көрсетуде. Әзірге Батыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Ақтөбе облыстары, Астана мен Тараз қаласы және өзіміздің Алматы облысының командалары үздіктер қатарында. Облыс командасы бірінші ойында Павлодар құрамасын жеңіп, алға шықты. Нәтижесі алдағы ойындарда белгілі болады, – деді Ернар Тасқынұлы.
Биыл Қонаев қаласында 11 жастағы балалар арасында бірнеше маңызды жарыс өткен. Олар – «Болашақ» лигасы, Балаларды қорғау күніне және Д. Қонаевты еске алуға арналған сайыс, сондай-ақ халықаралық «Qonaev cup – 2025» турнирі. Аталған футбол мектебінің бөлімшелері Балқаш пен Райымбектен басқа барлық аудандарда жұмыс істейді. Қазір онда жеті жас санатында 700-ден астам қатысушы тіркелген.
Чемпионатқа Астана қаласындағы №8 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерві спорт мектебінен келген жаттықтырушы Жамбыл Смақов шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына тоқталды.
– 15 жылдан астам уақыт бойы балаларды футболға жаттықтырып келемін. Бүгінгі жарыста бақ сынап жатқан ойыншыларды өзім 6 жасынан бері тәрбиелеп, шеберліктерін шыңдап келемін. Жарыстың Қонаев қаласында өткені қуантты. Қала керемет жағажай маңына орналасқан, өте ыңғайлы, жанға жайлы мекен екен. Төрешілік мәселесінде де қиындықтар, бұрмалаушылықтар болған жоқ. Сайыс әділ өтуде. Ұйымдастырушылар ойынның басы-қасында жүріп, қатаң бақылау жүргізуде. Спортқа деген шынайы жанашырлықтарын байқадық. Футбол қазіргі таңда әлем жұртшылығы көз тіккен, тамсана қарайтын бірінші спорт түрі деп айтсақ, артық емес. Командалық ойын болғаннан кейін де қызығы көп болады. Жарыста ең алдымен Орал командасымен бәсекеге түстік. Есеп теңбе-тең болды. Алдағы уақытта осы қарқынмен алғашқы үштіктің қатарынан көрінеміз деп ойлаймын, – деген жаттықтырушы болашақта мұндай ойындар «You Tube» арналарда тікелей эфирде көрсетілсе деген ұсынысын білдірді.
Чемпионат 13 тамызға дейін жалғасады. Жас футболшыларды алда нағыз тартысты бәсеке күтіп тұр.
Қонаев қаласы