Өз мамандығын терең меңгеріп, күнделікті атқарып жүрген жұмысына жауапкершілікпен қарайтын білікті маман деп Балқаш аудандық электр торабы мекемесінің ток тарату стансасының жөндеушісі Ерік Нәдірбаевты айтуға болады.
Ол 1964 жылы Бақанас ауылында дүниеге келген. Туған жерінде балалық шағын өткізіп, осында білім алған. Ерік Нәдірбаев еңбек жолын 1981 жылы Береке ауылындағы «ПМК-126» мекемесінде құрылысшы болып бастаған. Ал 1994-1998 жылдар аралығында аудандық ауылшаруашылық техникасы мекемесінде еңбек еткен. 1998 жылы аудандық электр торабы мекемесіне ауысады. Қазіргі таңда «Алатау жарық компаниясы» АҚ-ның электр тогын тарату стансасында жөндеуші болып өз несібесін тауып жүр.
Ерік Мұғалиұлы жұмыс істей жүріп Алматы қаласындағы аграрлық колледжде оқып, электр мамандығын алып шыққан. Ер жігіттің бойына тән жеті өнерді де аздық еткен еңбек адамы дәнекерлеу жұмысын да меңгеріп алған. Қай салада болсын өзінің іскерлігін көрсетіп, әріптестерінің алдында абырой-беделі биік тұратын Ерекең өзінен кейінгі өкшебасар інілеріне адал еңбек етіп, адал табыс табудың үлгісін көрсетіп келеді.
«Осы мекемеде жұмыс істеп жатқаныма 27 жыл болды. Мамандығым өзіме ұнайды. Қазір өмірді электр қуатынсыз елестету мүмкін емес. Өйткені күнделікті қолданыстағы тұрмыстық техникалардың барлығы да электр қуатына тәуелді. Технологияның қарыштап дамыған заманында электр жарығының адамзат баласы үшін маңызы өте зор. Қанша заман өтсе де, энергетика әлеуметтік сала мен индустрияны алға жылжытушы күш әрі экономиканың негізгі діңгегі болып қала беретіні ақиқат. Жаңа ғасырда адамзат баласының өмір сүру мүмкіндігі тікелей осы сала мамандарының төккен тері мен еткен еңбегіне байланысты. Сондықтан қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, жарықтандыруға атсалысып жүрген әріптестерімнің еңбегі ерен», – деген Ерік осы салада еңбек етіп жүрген әріптестерінің есімдерін мақтанышпен атап, оларға ерекше тоқталып өтті.
Адал еңбектің көрігін қыздырған азаматтың жасы асқаралы алпыстан асып бара жатса да, еңбектен әлі шаршай қоймаған. Мұны оның алдағы жылдарға жасаған жоспарынан анық аңғардық.
Кез келген мемлекеттің халқы еңбекке бейім болса, сол елдің ырысы артып, өзгелермен терезесі тең, керегесі кең, бай-қуатты, бәсекеге қабілетті болатыны анық. Сондықтан да еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік, беделі жоғары тұрады.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы