Қонаевтағы Балаларды қолдау орталығының кітапхана сөрелері тағы бір мәрте жаңа кітаптармен толықты. Бұл жай ғана сыйлық емес, жас жүректерге үміт отын жаққан, болашаққа жол көрсеткен шырақ тәрізді. Орталықпен тығыз байланыс орнатқан облыстық қоғамдық кеңес мүшелері бұл жолы да балалардың сұранысына құлақ асып, олардың қиялын баурайтын, жүрегін нәрлендіретін рухани қазынасын алып келді.
Кітаптардың қатарында Абайдың қара сөздері мен Мұқағалидың мөлдір жырлары, Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» атты таңдамалысы бар. Балалардың біріне грек мифологиясындағы Геракл тағдырын ұсынса, екіншісіне Гарри Поттердің сегіз томдығы берілді. Әрбір кітап – балаға ашылған жаңа әлем, таным көкжиегін кеңейтер айна.
Бұл кездесудің тағы бір ерекше сәті – балалардың өз оқығанын ортаға салып, тәтті әсерлерімен бөлісуі болды. Николай есімді жасөспірім «Менің атым Қожа» шығармасының оқиғасын қысқаша баяндап берді. Оның әр сөзіне кітаптан алған қуаныш пен толқыныс сіңіп тұрғандай. Бұл – жас жүректердің әдебиетке бет бұрғанының, рухани байып келе жатқанының айқын көрінісі.
Қонақтарға балалардың ықыласы да ерекше болды. Олар өз қолымен салған картинаны сыйлап, оны орталық кітапханасының төріне іліп қойды. Көрген жанға бұл сурет – достықтың, мейірімнің, бірлік пен ынтымақтың айғағындай әсер қалдырады.
Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қазыбек Дәуітәлиев:
– Балалар – қоғамның ажырамас бөлшегі. Оларды бөлек ұстау емес, қайта үлкен өмірге араластырып, арманын қолдау – біздің парызымыз. Келесі жолы олардың болашақ мамандығына сай кітаптар сыйлауды ойластырып отырмыз. Бірі полиция, бірі спортшы, бірі аспаз болуды қалайды. Әрқайсысына өзіне лайық кітап табылып, қиялына қанат бітсе дейміз, – деді.
Кеш соңында караокеден ән шырқалып, достық отырысы қызықты ойындармен жалғасты. Ән айтқан сәттегі әр баланың шат күлкісі шараның ең үлкен жемісін сездірді.
Қоғамдық кеңес мүшелері бұған дейін де балаларға алпысқа жуық кітап сыйлаған еді. Сол кезде балдырғандардың жазып берген тілектері бұл жолғы таңдаулардың бастауына айналды. Ал бүгінгі сәт олардың өсіп, ойларының да биіктей түскенін аңғартты.
Құралбек СӘБИТОВ
Қонаев қаласы