Қонаев қаласының орталық саябағында «Жасыл ел» жастар жасағының XXI маусымы салтанатты түрде ашылды. Елімізде аталған бағдарлама 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жоба жасөспірімдер мен жастарды табиғатты аялауға баулып, оларды еңбекке тарту арқылы экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастыруды көздейді.
Биыл облыс бойынша еңбек жасағына 14 пен 35 жас аралығындағы 1000-нан аса жас тартылып, маусымдық жұмыспен қамтылған. Соңғы үш жылда қатысушылардың саны 3000-ға жеткен. Олардың 70 пайызы – ауыл жастары. Алдағы екі ай көлемінде жастар өңірді абаттандырып, өз өлкесін көгалдандырып, тиісті еңбекақысын да алады, арнайы киімдермен қамтамасыз етіледі. Осылайша «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмысты жалғастырып, облыс экологиясын жақсартуға үлес қоспақ.
Шараның ашылу рәсімінде облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мәди Ахметов бағдарламаның мән-маңызына тоқталып, жасақшыларға сәттілік тіледі.
– «Жасыл ел» жобасы арқасында шалғайдағы ауылдар, елдімекендер мен қалаларда тазалық сақталып, қоғамда экомәдениет қалыптасады. Әсіресе әлеуметтік осал, көпбалалы отбасылардың балалары, NEET санатындағы жастар екбекақысын алып, жаңа оқу маусымына дайындала алады. Шара қыркүйек айының ортасына дейін жалғасады. Арнайы желілік кесте құрылып, онда қатысушылар мен олардың жұмысы жайлы нақты ақпарат көрсетіледі. Осы уақытқа дейін орташа айлық көрсеткіш 70000 теңге болған. Биыл республика бойынша алғашқы облыстардың бірі болып еңбекақыны 85 000 теңгеге өсірдік. Былтыр 300-ден астам экологиялық акция ұйымдастырылып, 20000 тоннаға жуық қоқыс шығарылған. Осы жылы бұл көрсеткішті екі есе асырып орындаймыз деген жоспар бар. Жоба жасақшылардың өзіне де пайдалы, отбасына да көмек әрі айналамыздың тазалығына сеп болуда. Бұл – тек маусымдық жұмыс емес, сонымен қатар қоғамға пайдалы іс, болашақ ұрпаққа жарқын үлгі, – деді ол.
Облыстық мәслихат депутаты, тұрақты комиссия төрағасы Сұлтан Нұрдәулет жыл сайын жобаның маңызы артып, таныла түскенін айтты.
– «Жасыл ел» жобасы – ең табысты әрі ауқымды әлеуметтік жобалардың бірі, жастармен жұмыс жүргізудің тиімді құралы. Белсенді, еңбекқор жандар үшін тамаша мүмкіндік. Елімізді көгалдандыру, қоршаған ортаны қорғау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Мұнда жастар табиғат тазалығын сақтауға үлестерін қосып қана қоймай, жаңа достар тауып, тәжірибе жинайды, табыс табады. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай бағдарламалар жастардың адал еңбек пен табандылық сынды қасиеттерді сіңіруіне негіз болмақ, – деді Сұлтан Нұрғайыпұлы.
Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков еңбек жолын «Жасыл ел» жобасынан бастағанын, сондықтан бұл шара өзіне әрқашан ыстық екенін жеткізді. «Осы бағдарлама арқылы табиғатты аялау, қоқыс тастамау сынды қарапайым болса да маңызды дүниелер жадыңда мәңгі сақталып қалады. Жастар арасында мұндай жобалар жиі өтіп тұрады. Бірақ «Жасыл елдің» орны бөлек. Себебі бұл – қанша уақыттан бері жалғасып келе жатқан, ауқымды, нақты жоба», – дей келе шара қатысушылары мен ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
«Жасыл ел» еңбек жасағының мүшесі, Талғар медициналық колледжінің студенті Ботагөз Қасымбек жобаға биыл екінше рет қатысып отырғанын айтты. «Бағдарлама аясында Талғар ауданындағы саябақтар мен аулаларда тазалық жұмысын жүргіздік. Біз тек жұмыс істеп қоймай, жақын достар таптық. «Жасыл ел» жобасы арқылы жазғы демалысымды тиімді өткізу үстіндемін. Келер жылы да жасақ мүшесі болып, өңіріміздің жайлы әрі таза болуына үлес қосқым келеді», – деді ол.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін «Жасыл ел» сарбаздары жұмыстарына бірден білек сыбана кірісіп, Қапшағай су қоймасы жағалауын қоқыстан тазартып, демалушылар арасында қоршаған ортаны ластамау керегі жайлы ақпараттық түсіндірме акциясын өткізді.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
Қонаев қаласы