⛅
2°C
Қонаев
Сейсенбі, Желтоқсан 2, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Аймақ әлеуеті жоғары

    30.09.2025
    in Барлық жаңалықтар, Экономика
    Аймақ әлеуеті жоғары
    0
    SHARES
    3
    VIEWS

         Алматы облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров алғашқы кезекте Алатау қаласындағы «FRUIT ART» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Бұл – еліміздегі ең ірі жеміс-жидек кешені. Мұндағы сорттау бөлімінде бір сағатта 8 тонна алма сортталып, арнайы қапшыққа салынады. Ал жемістер Алматы облысындағы алма бақтарынан әкелінеді. Осылайша отандық өнім ТМД елдеріне экспортталады.

    Компания жоғары технологиялы кәсіпорын құруға 50 млрд теңге жұмсаған. Жоспар бойынша жыл сайын 15 мың тоннаға дейін өнім өндіреді. Жоба қазірдің өзінде жоспарланған технологиялық қуатқа ие. Өндірістік желілер жеміс пен жидектің дәмін, түсін және пайдалы қасиетін сақтауға мүмкіндік беретін жедел терең мұздатуға арналған озық жабдықтармен жарақталған. Өнімді сақтау үшін жалпы сыйымдылығы 3 мың тонна болатын кең қоймалар, сондай-ақ заманауи бақылау жүйесі бар көлемі 15 мың тонналық жеміс қоймасы бар.
    Кәсіпорын құрылымында ерекше орын алатын нысан – жыл бойы құлпынай өсіретін, аумағы бес гектардан асатын жылыжай кешені. Инновациялық агротехнология кез келген маусымда тұрақты өнім алып, ішкі нарықты да, экспортты да жаңа піскен жеміс-жидекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
    Кешен өніміне шетелдік серіктестер үлкен қызығушылық танытып отыр. Экспорттау мүмкіндігі Еуропалық Одақтың жетекші нарығын, Азияны және ТМД елдерін қамтиды. Жоғары сапа мен заманауи қаптама қазақстандық өнімді халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті етеді.
    «FRUIT ART» жобасы әдеттегі өндіріс алаңы емес, өсіру, қайта өңдеу, сақтау және экспортты бір орталықта тоғыстыратын интеграцияланған агроөнеркәсіптік кластер. Бұл ірі инвестиция мен инновация агробизнестің жаңа деңгейде қалыптасып жатқанының жарқын мысалы. Осыған ерекше мән берген Айдарбек Сейпілұлы Алматы облысы заманауи өндіріс қана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы, логистикадан бастап машина жасауға дейінгі байланысты салаларды дамытуға мол мүмкіндігі бар аймақ екеніне көз жеткізді.

    ***

         Бұдан соң Қонаев қаласына ат басын бұрған Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров облыс тұрғындарымен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті. Жүздесу барысында өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту және саланы өркендетуге арналған мемлекеттік қолдау шаралары сараланды.
    Облыста ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бүгінде аймақта 29,0 мың ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі жұмыс істейді. Республика бойынша ауыл шаруашылығы өнді­рісінде Алматы облысы 11,8 пайыз үлеспен 2-орында тұр. 2025 жылы ауыл шаруа­шылығы дақылдарының жер көлемі 434,1 мың гектарды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,2 мың гектарға артық. Дегенмен, аймақ әлеуетін бұдан да зор көрсеткішке жеткізуге мүмкіндік мол. Айдарбек Сейпілұлының айтуынша, жергілікті әкімдіктің алдында тіректі салаға тыңнан серпін беру міндеті тұр.
    «Мемлекет басшысы агроөнер­кәсіптік кешен бағытында ауыл шаруа­шылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыруды тапсырды. Мұны орындау үшін заманауи агротехнологияларды кеңінен енгізу қажет. Атап айтқанда, тыңайтқыш қолдану, сапалы тұқым пайдалану, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, сондай-ақ мал шаруашылығын қарқынды дамыту керек. Алматы облысы – еліміздің жетекші аграрлық аймағының бірі. Сондықтан аймақ әлеуетін мүмкіндігінше толық пайдалану маңызды», – деді министр.
    Облыс әкімдігінде өткен кездесуде қайта өңдеу кәсіпорындарына жеңілдетілген лизинг, несие беру, тұқым шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, өнімдердің экспорты және басқа да өзекті мәселелер талқыланды. Өз кезегінде Айдарбек Сейпілұлы мем­лекет ауыл шаруа­шылығын дамытуға баса назар аударып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, соңғы он жылда көктемгі дала жұмыстары мен егін жинауға бөлінген қаржы 70 млрдтан 700 млрд теңгеге дейін, яғни он есеге артқан. Биыл еліміз бойынша шамамен 8 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 502 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде Алматы облысындағы 320 шаруашылыққа 14,4 млрд теңге берілген. Қаржыландыру «Аграрлық несие корпорациясы», екінші деңгейлі банктер, өңірлік инвестициялық орталықтар, несие серіктестіктері, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, микроқаржы ұйымдарын қосқанда алты бағыт бойынша жүзеге асырылады. Кепілзаты жеткіліксіз шаруалар үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қарыз сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беру тетігі қолданылуда. Биыл жеңілдетілген лизинг бағдарламасына 250 млрд теңге бөлінді, бұл 7 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға мүмкіндік береді.
    – Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларын орындау мақсатында мал шаруашылығын дамытудың нақты, қаржылық тұрғыда қамтамасыз етілген шаралары бар жеке кешенді жоспар әзірленуде. Онда асыл тұқымды мал сатып алуға несиелер, «Даму» қоры арқылы қарыздарға кепілдік беру, жас фермерлерге жер алу рәсімдерін жеңілдету, сала қызметкерлеріне әлеуметтік жеңілдіктер сияқты жаңа қолдау түрлері көзделетін болады, – деп атап өтті министр.
    Айдарбек Сапаров қабылданып жатқан мемлекеттік шаралар Алматы облысының ғана емес, республиканың аграрлық секторын тұрақты әрі бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік беретінін айтты. Кездесуде шаруашылық иелері субсидия беру, жеңілдікті дизель отынын бөлу, мемлекеттік қолдауды жетілдіру бойынша бірқатар ұсынысты ортаға салды. Министр кәсіпкерлердің барлық бастамасын ескеріп, тиісті шешімдер қабылдауға уәде берді. Жиынды қорытындылаған Айдарбек Сейпілұлы жергілікті әкімдіктердің сапалы өнім өндіру мен қайта өңдеу кәсіпорындарын дамытуға күш салып, мемлекеттің ауыл шаруашылығына бағытталған қолдау бағдарламаларына барынша басымдық беру керегін айтты. Соңында министр азаматтарды жеке мәселері бойынша қабылдады.

    ***

          Келесі кезекте Қарасай ауданына жол тартқан Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Жібек жолы ауылының маңындағы «Neo Milk» компаниясына тиесілі сүтті терең өңдейтін зауыттың ашылуына куә болды. Салтанатты шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысты.


    Ашылу салтанаты барысында Айдарбек Сейпілұлы мен Марат Елеусізұлы сөз алып, жаңа кәсіпорынның жұмысына сәттілік тіледі. Мәртебелі қонақтар аталған зауыт өңір мен ел экономикасының дамуына ерекше маңыз беретініне тоқталды. Ол жаңа жұмыс орындарының ашылуына, салықтың артуына ғана емес, сонымен қатар ұлт денсаулығының нығаюына да септігін тигізбек.
    Ресми бөлімнен кейін зауыт дирек­торы Болат Аманбаев құрметті қонақтар мен БАҚ өкілдерін өндірілетін өнім түрімен және бұл бірегей өндірістің технологиялық үдерістерімен таныс­тырды. Мұнда сублимацияланған және құрғақ сүт өндіріледі.
    Кәсіпорында Германиядан әкелінген заманауи жабдықтар қолданылады. Қазіргі таңда зауытта жеті сублиматор орнатылған және тәулігіне 10 тоннаға дейін ешкі және бие сүті өңделеді. Үшінші және төртінші кезеңдер іске қосылғанда, сублиматорлар саны мен өндірістік қуат та артады. Төртінші кезең аясында түйе сүтін терең өңдеу жолға қойылып, жалпы өндірістік қуат тәулігіне 400 тонна сүтке дейін ұлғаймақ. Бұл жоспар 2026 жылы жүзеге асырылуы тиіс.
    Кәсіпорын шығаратын өнімдер – биологиялық белсенді қоспалар, ересектер мен балаларға арналған арнайы тағамдар. Олар – «Мама знает» брендімен шығарылатын Neo Saumal, Neo Goat milk және Neo Shubat өнімдері. Бұлар капсула түрінде де, құрғақ ұнтақ күйінде де өндіріледі. Жобаның бастапқы кезеңінде 4,5 миллиард теңге инвестиция салынған. Бұл қаражат заманауи жабдықтарды орнатуға, инновациялық өндірістік желіні құруға және өнім сапасы мен қауіпсіздігінің жоғары стандартын қамтамасыз етуге бағытталған.
    Екінші кезеңге 2,5 миллиард теңге, үшінші кезеңге – 6,5 миллиард теңге, ал төртінші кезеңге – 14,5 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.
    Зауыт 10 гектар аумақта орналасқан. Құрылыс нысанының жалпы аумағы – 2200 шаршы метр. Қазіргі уақытта зауытта шамамен 50 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын толық қуатында іске қосылғаннан кейін жұмысшылар саны 150-200 адамға дейін жетеді.
    Зауыттың жанында ешкі мен бие ұстайтын мал шаруашылығы фермасы орналасқан. Сонымен қатар өңірдегі фермерлерден сүт сатып алу жолға қойылған. Өнімді өткізу мәселесін шешу мақсатында дистрибуциялық желі де даму үстінде. Алғашқы кезеңде ішкі нарықты қамту жоспарланса, өндірістік қуат артқанда Қытай еліне экспортқа шығару да көзделуде.

    ***

         Ары қарайғы сапарында ҚР Ауыл шаруа­шылығы министрі Айдарбек Сапаров Талғар ауданын­дағы «ҚазҒЗИ жеміс-көкөніс шаруа­­шылығы» ЖШС өңірлік филиа­лында болды. Институт қыз­мет­керлері еліміздің аграрлық сала басшы­сын помологиялық бақ аума­ғында дәстүрлі нан мен тұздың орнына бүгінгі күні ғалымдардың мақтаны­шына айналған қызыл алмамен қарсы алды.


    Ғалымдар мен мамандар министрге филиалдың «Сиверс алмасының» жаңа сұрыптарын өсіру бойынша жүргізіп жатқан селекциялық жұмыстары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сапар кезінде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев және облыстың басқа да өкілдері бірге жүрді.
    Алғаш сөз алған «ҚазҒЗИ жеміс-көкөніс шаруашылығы» ЖШС Талғар өңірлік филиалының директоры Сағи Солтанбеков министрге апортты жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Ол бірнеше тармақты қамтиды, яғни мамандандырылған питомниктерді дамыту, күтімді аса қажет ететін осы сұрыпты өсіру үшін заманауи агротех­никаны қолдану, ескілерін қолдау және жаңа апорт бақтарын құру, сондай-ақ оны бірегей отандық бренд ретінде ілгерілету.
    Оның тарихи құндылығы мен ерекше дәмдік қасиеттерін атап өткен Сағи Сайранұлы бағбандарға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін апорт көшеттерін өсірумен айналысатын тәлімбақтар қажет екенін атап өтті. Заманауи технология­ларды қолдануға келетін болсақ, мұнда алманың осы сұрыбының жоғары сапасын сақтай отырып, қазіргі жағдайда табысты өсіруге мүмкіндік беретін озық агротехникалық әдістерді енгізу қажет. Сонымен қатар жаңа бақтар құру және қолдау қажет, апортты тек туыстық алма ағаштары ғана емес, сондай-ақ басқа да тұрақты телімдерін пайдалана отырып, ескі бақтарда да, жаңа бақтарда да отырғызу керек. Тағы бір маңызды міндет, брендтеу және ілгерілету. Алматыдан шыққан апорттың бай тарихын, оның ерекше дәмдік қасиетін, сондай-ақ ғылыми зерттеулерді және бағбандармен жұмыс жасауды атап көрсете отырып, оны бірегей бренд ретінде позициялау аса маңызды. Оның қажеттілігі мен ерекшелігін түсіну үшін апортты ғылыми деңгейде зерделеу, сондай-ақ бағбандарды бұл сұрыпты күтудің жаңа әдістеріне үйрету қажет. Мұнда тарихи тәжірибені пайдаланудың да маңызы зор, апорттың бұрын қалай өсірілгенін зерттеп, осы тәжірибені қазіргі заманғы жағдайларға бейімдеген жөн.
    Жетекші селекционер Сәуле Қазыбаева институтта апортқа ұқсас жаңа сұрыптарды шығару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, апортты Верный қаласына (қазіргі Алматы) Егор Редько 1865 жылы әкелген және дәл осы өңір бұл сұрыптың отанына айналған. Апорттың нарыққа қайта оралуы Алматының тарихи мұрасы мен брендін жаңғыртуда маңызды қадам болар еді.
    Сәуле Жамбылқызы 30 жылдан бері селекциямен айналысып келе жатқанын айтты. Осы уақыт аралығында институт қызметкерлері үлкен селекциялық жұмыс жүргізіп, 30 жаңа алма сұрыбын шығарған. Олар – «Дамира», «Анель», «Мақсат», «Талғар» және басқа сұрыптар. Сол 30 сұрыптың 22-сі тізілімге енгізілген. Ғалымның айтуынша, тек бір сортты өсіруге 20 жыл кетеді. Ең басты фактор, жаңа түрлерді жергілікті климат­тық жағдайға бейімдеу. Қазірдің өзінде барлық 22 сұрып 200 гектар алқапта өсіп тұр. Отандық сұрыптарды ілгерілету үшін қосымша субсидиялар, техника, МТБ және көшеттер сатып алу қажет, біреуінің құны – 600 теңге. Бұл сұрыптар өте тиянақты және үшінші жылы жеміс береді. Бүгінгі таңда Ауыл шаруа­шылығы министрлігі 110 гектар жерге апорт бағын отырғызуға 163 млн теңге бөлген, селекционерлер 2028 жылдың маусымына қарай өнім алуға үмітті.
    Сәуле Жамбылқызы мүмкіндікті пайдалана отырып, министрге Алматы қаласының Бостандық ауданындағы 127 гектар жерді қосымша «Сиверс алма» ағаштарын өсіру үшін ҚазҒЗИ-ға қайтару қажеттігін жеткізді.
    Өз кезегінде Айдарбек Сейпілұлы бұл мәселеде көмек көрсетуге дайын екенін білдіріп, қарамағындағы қызметкерлерге тапсырма берді.
    Ауыл шаруашылығы министрі мен облыс басшылығы барып көрген келесі нысан «Green Eco» ЖШС смарт-жылыжайы болды. Мұнда қонақтарды жылыжайдың бас директоры Роман Шнайдерман қарсы алды. Ол өзінің бірегей шаруашылығы жайлы егжей-тегжейлі айтып берді. Әңгіме барысында өсіріліп жатқан көкөніс түрлері көрсетілді және олар тұтынушыларға қалай жеткізілетіні жан-жақты түсіндірілді. Кешен шын мәнінде бірегей, өйткені мұнда бәрі ұсақ-түйекке дейін ойластырылған және смарт-технологиялар бар. Өндіріс 2017 жылдың күзінде басталып, қазір жылына 3,5 млн қаптама деңгейіне шыққан. Бұл ай сайын 100 тонна жас көкшөп өндіріледі деген сөз.
    Роман Шнайдерманның айтуынша, оны бірегей ету үшін көп еңбек жұмсалған.
    – Бұл соңғы, бесінші буынның жылыжай кешені. Бір жылыжай жоба­сында әлемдегі ең үлкен сұранысқа ие және ең озық технологияларды біріктіруге тырыстық. Бұл технологиялардың Қазақстанда жұмыс істеуі үшін құры­лыстың, жабдықтарды монтаждау мен жөндеудің түрлі кезеңдерінде бізге үш елден – Израильден, Даниядан, Нидерландыдан маман­дар келді. «Green Eco» компаниясының Алматыға ғана емес, Қазақстанның Астана, Қарағанды, Павлодар, Тараз, Талдықорған сияқты қалаларына, сондай-ақ меншікті тарату орталықтарына тауарды үздік­сіз жеткізуді қамтамасыз ететін өз логис­тикалық орталығы бар. 30-ға жуық көкөніс сұрыптары өсірілетін аумақ 1,5 гектардан асады және 4+ буынына жататын голландиялық жылыжай. Барлық өнім гидропоникада өсіріледі, бұл егіншіліктің ерекше тәсілі, онда өсімдіктер топырақсыз, жасанды ортада өсіріледі, – деді ол.
    Қазіргі кезде жылыжай кешенінде дәмді шөптерді өсіретін екі желі (розмарин, базилик, руккола), сондай-ақ ең танымал латук салаттар желісі жұмыс істейді. Оған пайдаланылатын Батавия, Лолло-росса, Лолло-бионда, Фризе және басқа да сұрыптар үшін бүкіл аумақтың жартысы берілген.
    Министр жылыжайды аралап көрген соң, кешен жұмысына жоғары баға берді.

    Бағдат ШОЙБАС, Ерзат АСЫЛ, Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
    Қуат ҚАЙРАНБАЕВ,
    «Алатау арайының» арнаулы тілшілері

    Ұсынымдар

    Қауіпті кәсіпорындардың жабдықтары ауыстырылады

    Қауіпті кәсіпорындардың жабдықтары ауыстырылады

    1 year ago
    Жыл қорытындысы: Білім беру жүйесіндегі тенденциялар – инклюзивті оқытудан цифрландыруға дейін

    Жыл қорытындысы: Білім беру жүйесіндегі тенденциялар – инклюзивті оқытудан цифрландыруға дейін

    11 months ago
    В Алматинской области стартовала трехмесячная акция по профилактике ВИЧ и ИППП среди молодежи

    В Алматинской области стартовала трехмесячная акция по профилактике ВИЧ и ИППП среди молодежи

    2 months ago
    Оқушымыз озық шықты

    Оқушымыз озық шықты

    1 year ago
    Балалар үйінің тәрбиеленушілері облыс әкімімен кездесіп, жаңа ғимаратты аралайды

    Балалар үйінің тәрбиеленушілері облыс әкімімен кездесіп, жаңа ғимаратты аралайды

    9 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>