Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы облыс көлемінде кеңінен аталып өтті. Өңірде 180-нен астам шара ұйымдастырылып, 30 мыңға жуық адам қатысты. Соның бірі – Қонаев қаласының орталық алаңында өткен «Ата Заңым – айбыным» атты салтанатты шара.
Мерекелік шарада алдымен мемлекеттік рәміздерге ерекше құрмет көрсетілді. Ел тәуелсіздігі мен бірлігінің нышаны саналатын Көк Туымыз қаланың 55 жылдығына орай арнайы орнатылған 55 метрлік тұғырда желбіреп, Гимніміз зор ықыласпен шырқалды.
Салтанатты шарада алғашқы сөз облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевке берілді.
– Бұл күн – халқымыздың тарихындағы алтын әріппен жазылған мерейлі белес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ата Заң – еліміздің саяси және қоғамдық құрылысын, айнымас құндылықтары мен даму жолындағы стратегиялық бағыт-бағдарын айқындайтын басты құжат», – деп атап өткен болатын. Биыл осы тарихи құқықтық дәстүрлермен сабақтас тәуелсіз Қазақстанның жаңа кезеңдегі басты құжаты Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толды. Осы жылдар ішінде ғасырға татырлық ғаламат істер атқарылды. Әрине, талай қиыншылық пен экономикалық дағдарыстарды, саяси сындарды бастан өткізіп келеміз. Бәсекелестік талаптары күшейді. Адамзат үшін мүлде жаңа экономикалық, технологиялық, ақпараттық және мәдени орта қалыптасуда. Осы өзгерістер жағдайында Конституция мемлекетіміздің берік іргетасы болып, елдің бірлігін, қоғамның тұрақтылығын және әрбір азаматтың құқығы мен бостандығының сенімді кепіліне айналды. Қазақстан бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің, өзара сыйластықтың үлгісін көрсетіп келеді. Түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі – Конституцияда бекітілген ұлттық бірлік, діни сенім бостандығы және әлеуметтік әділдік қағидаттарының нақты көрінісі. Ата Заң мемлекетіміздің даму бағдарын айқындап, барлық саладағы жетістіктердің негізіне айналды. Соның нәтижесінде халықтың әл-ауқаты артып, тұрмыс сапасы жақсарды, әлеуметтік қорғау жүйесі нығайды, азаматтардың құқықтық мәдениеті дами түсті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста жалпы өңірлік өнімнің көлемі 6,0 трлн теңгені құрап, республикада 5-орынға көтерілдік. Соңғы үш жылда инвестиция көлемі екі есеге артып, 1 трлн 18 млрд теңгеге жетті, – деген облыс басшысы әр сала бойынша жеткен жетістіктерге тоқталды.
Сахна төрінде Марат Елеусізұлы облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаевқа, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мейрамгүл Айтоваға, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қазыбек Дәуітәлиевке, облыс прокурорының аға көмекшісі, аға әділет кеңесшісі Алмагүл Қалысқызына, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Оразға, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиевке «Қазақстан Конституциясына – 30 жыл» мерекелік медалін табыстады. Сонымен қатар бірқатар азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.
Шара соңы мерекелік концертке ұласып, сахнада Қазақстанның Халық әртісі Талғат Күзембаев, халықаралық байқаулардың лауреаты Шара Әбенқұлқызы, Қазыбек Әдікей, Бибігүл Қилыхан, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мирас Бекжанов және тағы басқа өнерпаздар елдік пен бірлікті дәріптеген әндерді әуелетіп, мың бұралған бишілер де ұлттық билерімен көрермен көңілін көтеріп, мереке салтанатын арттыра түсті.
Келесі кезекте аймақ басшысы облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау орталығына атбасын бұрып, тәрбиеленушілерді Конституция күнімен құттықтады. Кез келген өркениетті елдің негізгі атрибутының бірі Конституция екенін айтқан Марат Сұлтанғазиев қазақ халқы да ежелден құқықтық негіздерді берік ұстанып келгенін, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» елдің бірлігі мен әділдігін, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз еткенін атап өтті. Сонымен бірге балаларды Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы шеңберінде өткізілген шаралар жайлы хабардар етті. Өз кезегінде балалар да жыр жолдарын оқып, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін әкіммен бірге қосыла шырқады. Марат Елеусізұлы екі үстел теннисі мен барлық балаға оқу құралдары салынған сөмке табыс етті.
Бүгінде облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау орталығында 24 тәрбиеленуші тұрып жатыр. Олардың төртеуі биылғы оқу жылында колледжге қабылданса, екеуі балабақшаға барады. Жеті тәрбиеленуші қалалық Ахмет Жұбанов атындағы №5 орта мектепте, 11 жеткіншек қазақ орта мектеп-лицейінде білім алады. Балалар мектепке орталықтың жекеменшік автобусымен тасымалданады. Облыс басшысының аталған орталықта болып, ондағы қызметкерлер мен балаларды мерекемен құттықтап, жаңа оқу жылына дайындық барысымен танысуы олардың жүрегіне жылылық ұялатып, жарқын болашаққа деген сенімін үкілей түсті.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы




