Талғар ауданында өткен «Алматы облысы әкімінің кубогы» жабық облыстық шахмат турнирінің қорытындысы шығарылды. Турнирге Алматы облысының аудандары мен Қонаев, Алатау қалаларынан келген мектеп оқушылары мен ересек әуесқой шахматшылардан құралған 11 команда, жалпы 120-дан астам ойыншы қатысты.
Шахмат турнирі – бұл ежелгі ойынды жақсы көретіндерді біріктіретін игі дәстүрге айналған шара. Турнирдің басты мақсаты – еліміздегі ең танымал әрі болашағы зор спорт түрлерінің бірі ретінде шахматты дамыту, балалар мен жасөспірімдерді интеллектуалды спорт түрлеріне тарту, болашақ шахмат жұлдыздарын анықтау және ойыншылардың кәсіби деңгейін арттыру.
«Біздің облыста шахмат спорты қарқынды дамып келеді. 2022 жылы шахмат пен үстел ойындарына арналған облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылып, барлық аудандарда жас спортшыларды дайындау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бүгінде жас шахматшыларымыз Елназ Қалиахмет пен Иманғали Ахилбай сынды танымал спортшыларға қарап бой түзейді. Олар шахмат әлемінде биік белестерге ұмтылып келе жатқан жас дарындар. Халықаралық және ұлттық турнирлердегі жетістіктері олардың деңгейін көрсетеді. Биыл Елназ қыздар арасында 16 жасқа дейінгі әлем чемпионатында рапид бойынша жеңімпаз атанды. Ал Иманғали Ахилбай 2022 жылы 16 жасқа дейінгі Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында жекелей есепте қола медаль жеңіп алды. Бұл – олардың әзірге ең жоғары жетістіктері», – деп атап өтті Алматы облысы бойынша «Қазақстан шахмат федерациясы» филиалының президенті Сарсенғали Жанқұатов.
Турнир рапид форматында швейцар жүйесі бойынша 9 турда өткізілді. Уақытты бақылау – әр партияға 10 минут және әр жүріс үшін 5 секунд қосылады.
Бәсекелестік басталған сәттен-ақ жоғары деңгейде өтті. Кейбір ойыншылар әр жүрісті мұқият ойласа, енді біреулері сенімді әрі жылдам әрекет етті.
Әсіресе әйелдер арасындағы ересектер санатында Жамбыл ауданынан Шаншарбекова Жұлдыз бен Іле ауданынан Бекмұханбет Бетес арасындағы шешуші партия үлкен қызығушылық тудырды. Партия соңына дейін интрига сақталып, ақыры Жұлдыз қарсыласына тамаша шабуыл жасап, жеңіске жетті.
Ерлер арасында ересектер санатында Іле ауданынан келген Маратұлы Матжан жеңімпаз атанды.
65 жастан асқан қатысушылар арасында ең үздік ойыншы – Пермұхамбетов Рустам деп танылды.
13 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасынан Іле ауданынан Кодири Нуқрабону және Қарасай ауданынан Тойбол Диас үздік шықты.
Кіші жас санатында (балалар) Талғар ауданынан Таубасар Мариям мен Іле ауданынан Дадобоев Хумоюн чемпион атанды.
Жалпы жүлде қоры – 1 000 000 теңгені құрады.
Турнирді Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Алматы облыстық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығы, «Қазақстан шахмат федерациясы» Алматы облысы филиалы, шахмат және үстел ойындары бойынша облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырды.




