2025 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялап, ел дамуындағы жаңа кезеңнің бастауын айқындады. Бұл Жолдау – мемлекетіміздің болашағын бағдарлайтын стратегиялық құжат қана емес, халқымыздың бірлігін бекемдеп, елдігімізді нығайтатын темірқазық болып саналады.
Президентіміз өз сөзінде саяси жүйені жетілдіру, экономиканы әртараптандыру, әлеуметтік саясатты күшейту бағыттарын нақтылап қана қоймай, білім беру мен ғылымды дамыту, жастарды қолдау, ұлттық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне де айрықша назар аударды. Алатау қаласы аумағындағы 6654 әскери бөлімінің жеке құрамы Мемлекет басшысының Жолдауын зор ықыласпен қабылдап, оның әрбір міндеті мен тапсырмасын жүзеге асыруға дайын екенін атап өткім келеді. Әскерилер үшін тәртіп пен талап – басты ұстаным. Сондықтан біз Жолдауда көрсетілген бағыттарды өз қызметімізде басшылыққа алып, әскери тәртіпті күшейтуге, жауынгерлік даярлықты арттыруға және жеке құрамның құқықтық санасын жетілдіруге ерекше мән береміз.
Әрбір сарбаз – туған елінің қорғаушысы, тәуелсіздік қалқаны. Сарбаздың басты парызы – антқа адалдық, тәртіп пен заңға мойынсұну, ел мүддесін бәрінен жоғары қою. Біздің бөлімде осы қағидаларға сүйене отырып, жеке құрамды жан-жақты тәрбиелеу, олардың әскери машығын жетілдіру, патриоттық рухын көтеру бойынша жүйелі жұмыс атқарылып келеді.
Президентіміз атап өткендей, жастар – ел болашағының тірегі. Біздің сарбаздарымыз заман талабына сай білімді, тәртіпті, жауапкершілігі жоғары әрі батыл офицерлер мен кәсіби мамандар болып қалыптасуы үшін барлық жағдай жасалуда. Заманауи цифрлық технологияларды енгізу, әскери ғылымды дамыту, жауынгерлік даярлықты үздіксіз жетілдіру – бөлім жұмысындағы басты басымдықтардың бірі болып қала береді.
Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген бастамалар бүкіл Қазақстан халқының болашаққа деген сенімін нығайтып, елді жаңа жетістіктерге жетелейтіні анық. Біз, 6654 әскери бөлімінің ұжымы, Жолдаудағы тапсырмаларды адал орындап, Отанымыздың бейбіт өмірі мен тұрақтылығы жолында аянбай еңбек етеміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Сағындық АЛҚАЙДАРОВ,
Алатау қаласындағы 6654 әскери бөлімінің командирі,
полковник