Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауы ел дамуының стратегиялық бағдары мен нақты қадамдарын айқындаған маңызды саяси шара болды дер едім. Онда инфрақұрылым, әуе тасымалы, логистика, ғылым, білім, инновация саласының дамуы, жасанды интеллект жайында бірнеше басымдықтарға тоқталды.
Әсіресе Жолдауда мені қуантқаны – білім саласын дамыту жолындағы басымдықтар. Алдағы үш жыл ішінде еліміз жаппай цифрлық елге айналуы қажет. Осы жолда цифрлық платформалар мен жасанды интеллекттің жоғары технологиялық мүмкіндіктерін пайдаланып, мұғалімдердің құзіреттілігін арттыру, мектеп оқушыларына жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама мен оқу бағдарламасын қолға алу өте орынды қадам. Бұл – мұғалімнің де заман талабына сай функционалды сауатты болуын, оқушымен бір толқында жұмыс жасау қабілетін арттырады.
Сонымен қатар мектеп пен жоғары оқу орындары арасында тығыз байланыс орнату арқылы болашақта техникалық мамандықтарды көбейту, шетелдік кәсіби мамандарды тарту, оларға жағдай жасау- елімізде сапасы жоғары адами ресурстардың артуына үлкен жол ашады деп ойлаймын. Сол себепті де 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы –қоғам сұранысы.
Туған жер, туған өлкенің тазалығы мәселесі де Жолдаудан тыс қалмады. Бұл жайында Президент қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен қамқорлықпен қарау, балаға экологиялық білім беруді мектеп қабырғасынан бастау керектігін баса айтты. Мектепте, отбасында алған тәрбиесі, әрбір отырғызған ағашы, баланы табиғат алдындағы жауапкершілігін сезінуге, туған жеріне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға негіз болмақ.
Жалпы алғанда, Жолдау қоғамда оң өзгерістердің орын алуына, білім саласының дамуына жаңа леп беретін құжат деп ойлаймын. Әрқайсымыз осы міндеттердің орындалуына атсалысуымыз керек.
Айнұр ЕСБАЕВА,
Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылындағы орта мектебінің директоры, тарих пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші