Беларусьте өткен халықаралық классикалық әндер байқауында жерлесіміз Лала Бақытнұрқызы топ жарып, ел мерейін асқақтатты. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған өнерпаздардың арасынан суырылып шығып, жеңіс тұғырына көтерілу – екінің бірінің қолынан келмейтін биік.
Бұл додаға Ресей, Украина, Беларусь, Италия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және тағы басқа елдердің ең мықты әншілері қатысқан еді. Әлемдік деңгейдегі ұстаздар мен әйгілі әншілерден құралған қазылар алқасы әр өнерпазға әділ бағасын берді. Осындай бәсекесі қатты, қарсыласы көп бәйгеде Лала жеңіске жетіп, Қазақстанның атын төрткүл дүниеге танытты.
Бұл жеңіс оған оңайлықпен келген жоқ. Өйткені ол біраз жылдар бойы үнсіздік кезеңін бастан кешірді. Дауысы сыр беріп, өнерден алыстап қалған күндері де болды. Бірақ тағдырдың қиындығына мойымай, ең бастысы, өз жүрегінде өнерге деген шынайы махаббатын сақтап қалғаны – оның бүгінгі табысының сыры. «Әуелі Алланың, сосын күндіз-түні тынбай еңбектенудің арқасында қайта түлеп, сахнаға оралдым. Бұл жеңіс – мен үшін өзіме деген сенімді қайта тапқан ерекше белес», – дейді ол.
Лала Бақытнұрқызы – өнерлі әулеттің перзенті. Қытай Халық Республикасының Құлжа қаласында дүниеге келген оның әкесі Бақытнұр Оразақынұлы – Шанхай консерваториясын тәмамдаған, профессор, өнер академиясының деканы болып талай шәкірт тәрбиелеген тұлға. Анасы Ақиқат Дәулеткелдіқызы – Бейжің ұлттық өнер университетінің түлегі, театр сахнасында би режиссері болып еңбек еткен білікті маман. Осындай отбасында тәрбиеленген қыздың бойына өнердің дарымауы мүмкін емес еді. Екі жасынан ән айтып, үш жасынан фортепианоға, төрт жасынан домбыраға, ал бес жасынан биге үйреткен ата-анасы оның болашағын бала кезінен қалыптастырды.
Алғашқы байқауына ол он екі жасында қатысты. 2006 жылы Бейжіңде өткен халықаралық өнер додасында ән, би, аспап номинациялары бойынша үш бірдей бас жүлдені қанжығасына байлап, көпшіліктің назарын өзіне аударды. Сол кездің өзінде Бейжіңдегі ең беделді оқу орнына емтихансыз қабылданар сәті болған. Алайда, жүрегі қазақ деп соққан Лала 2008 жылы ата-анасымен бірге атажұртқа оралды. Әкесінің ақылымен Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түсіп, театрлық музыкалық драма мамандығын меңгерді.
Студенттік кезінде талай додаларда топ жарып, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты атанды. Нұрғиса Тілендиев атындағы халықаралық байқаулардан да жүлде алды. Академия қабырғасында жүріп Түркияда өткен халықаралық театр фестивалінде үлкен марапатқа ие болды. Оқу орнын үздік аяқтап, ұстаздарының мақтанышы бола білді. Торғын Смаилова мен Әбиболла Қыздан сынды ұстаздарынан тәлім алған шәкірт бүгінге дейін сол кісілердің батасын арқалап келеді.
Лаланың жүрекке жақын әуені – халық әндері. Балалық шағында домбырамен халық әндерін шырқаған ол уақыт өте келе классикалық әнге ғашық болды. Бүгінде әншінің репертуарында классикалық туындылармен қатар эстрадалық және халық әндері бар. Әкесінің авторлық шығармаларын да жиі орындайды. «Бұлбұл» атты әні классикалық пен эстрадалық бағытты тоғыстырған ерекше туынды болып саналады.
Халықаралық классикалық әндер байқауында орындаған шығармаларының арасынан ол бір әнді міндетті түрде қазақша айтуға бел буды. «Өйткені біз қазақтың әнін әлемдік сахнаға шығаруымыз керек», – дейді ол. Сол байқаудағы «Қуанамын» әні тек әуезбен ғана емес, биімен де сүйемелденіп, тыңдармандарға ерекше әсер қалдырды. Әдетте классикалық туындылар салтанатты сипатта бір орында тұрып шырқалса, Лала әнін қазақ биімен өрнектеп, сахнаны түрлендіріп жіберді. Әділқазылардың жылы қабылдауы да сондықтан болса керек.
Қазақтың әнін, биін, өнерін әлем сахнасына жеткізуді мұрат еткен әнші қыз – біздің мақтанышымыз.
Құралбек СӘБИТОВ