⛅
14°C
Қонаев
Жексенбі, Қыркүйек 14, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Ерлан ЕРКІНҰЛЫ: Өлеңін өмір сыйына балады

    13.09.2025
    in Барлық жаңалықтар, Сұхбат
    Ерлан ЕРКІНҰЛЫ: Өлеңін өмір сыйына балады
    0
    SHARES
    24
    VIEWS

          Асау өлең бірде ақбас шыңдардың биігіне қарай шығандаса, бірде құздан төмен құлдилап, әлдебір терең сырдың тұңғиығына жетелейді. «Тәңіртаудың арда емген арғымақ құлынының» өлмес рухы, өшпес өлеңі өз өлкесі мен қара орман жұртын өзгеше бір әуенмен әлі әлдилеп келе жатқандай. Осынау аспан тектес асқақ жырдың иесі – Еркін Ібітанов болатын. Қазақ өлеңіндегі саңлақтар санатында дара дауысы, өршіл үні, қайталанбас қолтаңбасы бар ақынның соңында қастерлі мұрасы қалды. Биыл арамыздан өзі кетсе де, сөзі кетпеген Еркін Ібітановтың туғанына 90 жыл толып отыр. Жақсы әкенің жалын жырын жатқа оқып, өнегесін өмірлік мектеп деп білген асылдың сынығы Ерлан Еркінұлымен жүздесіп, ақынның шығармашылығы мен аңызға толы ғұмыры жайында аз-кем әңгіме-дүкен құрған едік.

    Баспаханада өстік

    – Аядай ауылда аңызға бергісіз өмір кешкен ақын туралы оқырман қауымының білгісі келер дүниесі аз болмасы анық. Әке жайында сыр шерткенде ойыңызға не оралады?
    – Еркіннің ұлы дегенде, кеудемді ерекше қуаныш тербейтіні рас. Бұл менің өмірімнің басты қағидасы десе де болады. Ақын әкенің ұлы болу үлкен жауапкершілік жүктейтіні тағы бар. Әкем туралы 4-5 жасымнан, ес білгелі білетінмін. Асқар тау көріп сыйлайтынмын. Кесек бітімі, сөз сөйлеуі бәрі көз алдымда. Артық сөзі жоқ, ойланып сөйлейтін. Кесіп айтатын. Жалаң сөзге ұрынбайтын. Сөздің қадірін бір кісідей білетін. Бізге сөзден биік ұғым жоқ екенін аманаттап кеткендей болды. Соны әкейден ерте жастан бойға сіңіріп өстік. Ал кейде көсіле сөйлеп кетсе, шешен әрі мәрт еді. Ондай ағыл-тегіл сөз үстінде Еркінді тоқтату мүмкін емес. Көкірегінен түйдек-түйдек сөз ақтарылғанда, құдды бір эпос тыңдап отырғандай болатынсың.
    Анам әкемнің көңіліне қарап, қас-қабағын бағып отыратын. Әкем екеуі бір-біріне деген сыйластығын, сырластығын өле-өлгенше сақтап өтті. Ақынның жары болу оңай емес. Анам әкемізді тұңғыш баласындай мәпеледі. Әкеме де, балаларына да көзінің қарашығындай қарады. Ақынның қиын жолын бірге жүріп, бірге басып, бізді өсіріп, тәрбиеледі. Әкем халық театрын құрғанда ел-елді, жер-жерді аралап, қасында жүрді. Бізді де бірге ала жүретін. Біздің өміріміз әкем мен шешем қайда барса, сонда барумен өтті. Кейін әкем «Советтік шекара» газетінде қызмет атқарғанда, шешем баспаханада корректор болып жұмыс істеді. Біздің балабақшамыз баспахана болды. Шешеміз бәрімізге қарап, мұнтаздай таза ұстап, әкемнің де үстіне шаң жуытпай, әлпештеп өсірді. Сол шешеміз, Құдайға шүкір, ортамызда. Жасы сексеннен асты. Әкем өмірде де, өнерде де адал болатын. Тіпті, Көп адам сол адалдығынан сескенетін.

    Кітаптың бәрін сарқып оқыды

    – Өзіңіздің бақытты бала­лық шағыңызды еске алып отырсыз. Ал ақын жырларына үңілсек, соғыс кезінің жылаулы жылдары жайлы жолдар көптеп кездеседі. Ол кісі өзінің балдәурен ғұмыры жайлы не айтушы еді?
    – Ақын Еркін Ібітановтың балалық шағы сонау соғыс жылдарына тап келгенін білесіз. Оны өз өлеңдерінде де жазды. Мұқағали да, Еркін де, екеуімен замандас ақындардың бәрінің де балалық шағы ауыр жылдарда өтті. Олардың поэзиясында, жалпы шығармашылығында біз сөз етіп отырған жағдай кеңінен көрініс табады. Жетімдік, жесірлік, жоқшылық, таршылық, аштық – осылардың бәрімен күнде бетпе-бет келе жүріп, от пен судан аман шыққанына таңғаласың. Бұлар нағыз құрыштан құйған құдірет қой деп ойлаймын.
    – Өскен өлкенің тылсым сыры мен ондағы қарапайым еңбек адамдарының өзегіндегі өмір шындығы ақын шығармасының алтын арқауы іспетті. Өз шығарма­ларының кейіпкерлері туралы айтқан сәттер есіңізде ме?
    – Менің білетінім, Еркін өлеңші емес, нағыз тума талант ақын болды. Ол өлеңді жазбайтын, ол алдымен жырды жүрегінде тербетіп, дүниеге нәресте әкелгендей туатын. Мұндай құбылыстарды өз басынан өткізбеген адам бұл ерекшелікке ешқашан сенбейді. Егер жанын қинамай, жалаң ұйқас қуалайтын болса, бір түнде бір поэманы жазып бітіріп, көлеміне қол соққызатын еді. Нағыз ақынның өлеңшіден айырмашылығы осында. Ол ой құшағынан арылмайтын.Темекісін бұрқыратып, Мұзтаудың биіктеріне үнсіз қарап тұрған шағы басында өлең шумақтарының құралып жатқанын сездіретін. Өзіңіз айтқандай, ақын айналасындағы адамдардың күлкісі мен күрсінісін жырмен кестелеп, жүрек қылын шертті. Сонымен қоса, өзінің соны шығармаларына кең құлашты эпикалық тыныс беріп, астарлы ой үстемелейтін. Айталық, оның «Қойшылар» поэмасы – қой баққан адамдар туралы емес. Халқымыздың негізгі кәсібін өзек ете отырып, қазақ туралы жазылған дастан. Оның «Ата-бабам», «Әкем», «Өзім» атты үш бөлімі осыны анық аңғартады. Бұл поэма Еркінді әдеби ортаға, күллі оқырманға танытқан ерекше дүние болды. Кезінде оған ірі әдебиеттанушылардың өзі үлкен баға берді. Туынды «Социалистік Қазақстанға» жарияланды. Респуб­ликаның бас газетіне шығу ол кезде мыңнан біреудің ғана тәлейіне бұйыратын. Іле-шала «Қойшылар» деген атпен тұңғыш жинағы жарық көрді. Ол өлеңін өмірінің ең ғажап сыйы деп білді.
    Әкемнің бір сөзінен байқағаным, ол кісінің пір тұтатын ақыны – Ілияс Жансүгіров болатын. Кейбір сөз орамдарынан Ілиястың ізі байқалып қалып жататын. Нағыз эпостық ақын, кең тынысты жүйрік деп Жансүгіровті ардақтап, еске алып отырушы еді. Әкей ауылда жатқанымен, бүкіл дүниежүзілік әдебиеттен, жаңалықтан хабардар болды. Аудандық кітапханадан тартып, қолы жеткен кітаптың бәрін сарқып оқыды. Кейде бізді қалаға жұмсап, кітап алдыратын. «Новый мир», «Простор» журналдарын жаздырып оқитын. Оқудан бір жалыққан емес. Кітап десе, ішкен асын жерге қоятын. Оқығандарын қорытып, түсінікті тілде бізге байыппен баяндап беретін еді жарықтық. Соның арқасында ҚазҰУ-дың филология факультетіне түскенде дайын әдебиетші болып бардым. Әдебиетті оқуды, талдауды, қандай кітап оқуды әкемнен үйрендік.
    – Әкеңіздің қазақ поэзия­сының құлагері – Ілияс Жансүгіровтің шығарма­шылығын жанымен сүйгенін айтып отырсыз. Ақынның Мұқағали бейнесін сомдаған «Хантәңірі, қайдасың?!» деген ірі дастаны бар. Қайталанбас жыр жұлдызына қойылған мәңгілік ескерткіш іспетті осы шығарма қалай өмірге келді?
    – Бұл өлең-романы туралы әкем біраз жерде айтты. Былайғы оқырман хабардар болуы керек. Мұқағали қайтыс болғаннан кейін көп ақындар өлең арнады, көптеген естелік айтылды. Кейбірінің шын-өтірігі аралас дегендей. Мұқағали Мақатаевтың аңызға толы дәуірі басталған кез. Содан Еркін Ібітановтың айналасындағылар сіз неге айтпайсыз, сіз неге жазбайсыз, сізден артық кім біледі Мұқаңды деп қолқала­ған. Әкем әуел баста ол тақырыпқа көп барғысы келмеген сыңайлы. Біраз жыл өткесін неге жазбасқа деп бекиді. Сөйтіп қолына қаламын алған. «Басында жүрексіндім, бірақ қолыма қалам алып, ақ қағазға үңілген сәтте поэма өзінен-өзі төгіле жөнелді», – дейді әкем. «Мұқағалидың туғанынан бастап, қайтқанына дейінгі бүкіл өмірі көз алдымнан өтті. Өйткені мен Мұқаңның соңғы демі шыққанша қасында болған адаммын. Міне, жүректен шықты деген осы болады, балам, оны халық қалай қабылдайды, өзі біледі. Менің енді Мұқағали алдындағы арым таза. Мұқаңа өз ескерткішімді қойдым», – деп өзіне аса бір ризашылық кейіппен масаттанып отырды. Мен сол кезде-ақ оқып шықтым. Шындап келгенде, мықты өлең-роман. Мұқағалидың ғұмырнамасын бөлім-бөлімге бөліп, кең тыныспен, үлкен поэтикалық қуатпен ақынның тағдыр-тәлейін, махаббат пен ғадауат майданындағы күресін тебірене жеткізген. Марқұм Асқар Наймантаев: «Осы жұрт Мұқағали туралы пьеса жазады, кино түсіреді. Негізінде Еркін Ібітановтың «Хантәңірі қайдасың?!» өлең-романы – дайын тұрған сценарий. Осы дайын дүниені неге алмасқа? Осылар өлең оқымайды-ау», – дейтін. Сол Асқар бауырымның да арманы осы шығарманы қою еді. Сөйтіп дайындалып жүргенде өзі өмірден озып кетті. Мен Мұқағали туралы 2-3 фильмді көрдім. Бірақ дәл Еркіндей Мұқағалидың портретін берген адам жоқ. Қаншама актерлар ойнады, әлі ешбірі Мұқаңның бейнесін дөп басқан жоқ. Ал «Хантәңірі қайдасың?!» Мұқағали образын, бейнесін дәл ашқан туынды. Өйткені екеуі де ақын, екеуі де тағдырлас, тамырлас тұлғалар еді.

    Жақсыларды іздейтін

    – Еркін Ібітановтың есімі дүр­кіреген шақтарды ауыл­дастары әлі жыр қылып айтады. Сіздердің ауылға атбасын бұратын қонақ­тардың «әлқиссасы да» өзгеше бір әңгіме. Оның шет жағасын Әбіш Кекілбаевтың сіздердің елге барғандағы әңгімесімен, ақынның Тұманбай құрдасына жазған хатынан аңғарамыз. Осы орайда Еркін ағаның шығармашылық ортасы, дос-жараны туралы айтып берсеңіз.
    – Еркін Ібітанов – ауылға мәңгілік кіндігі байланған ақын. Бір өзі – бір әдеби орта. Біраз жыл бойы өлең жазбай кеткені де рас. Оның себебін мен өз басым түсіне алмадым. Кейінірек қаламын қайыра қолына алды. Соның өзі кештеу болды ғой деймін. Әйтпесе әдебиетке берері көп еді. Мұқағали да өмірінің соңғы он жылында өндіре жазды ғой. Бәріміз үшін де бір кем дүние сияқты бұл. Әйтеуір үлгермей жатамыз. Ақынның көп араласқан ортасы – өзінің Мұқағалиы, Тұманбайы мен Қадыры, Оразақын Асқары, Әбіші сынды саңлақтары. Бәрі үйге ат ізін суытпай келіп тұратын. Соңғы жылдары ауылға Фариза Оңғарсынова жиі келіп тұрды. Шығармашылық кеш те берді. Нұрлан Оразалин, Есенқұл Жақыпбек, әйтеуір әкеме рухы жақын ақындардың бәріне құшақ ашатын. Мен ойыма түскендерін ғана айтып жатырмын. Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов сынды композиторлар әкемді қадір тұтты, жақсы көрді. Айта берсек, кейінгі буын інілері де көп. Бәрі де әкеммен әңгімелесу үшін сәлемдесіп, келіп-кетіп жататын. Әбіш Кекілбаев өзінің «Ханша-Дария» хикаясында әкемнің «Бұл өзі әлде шындық, әлде өтірік. Ақиқатын білетін адамдарды, Уақыт өзі жіберген көрге тығып» деген жыр жолдарын эпиграф етіп алған. Мұның өзі классик жазушының ақынға деген зор құрметі деп білемін. Ал Тұманбай досына жазған:
    «Қалам ұстап бастадық сапар жолды,
    Өткелдері қатерлі, қатал болды.
    Ойлы-қырлы көңілдің қонысына
    Сергелдеңдер… Сенімдер қатар қонды», – деп келетін өлең хаты қос ақын арасындағы ғажап сыйластық пен қимастықты тереңінен аңғартады. Сол бір жаны жақын жақсыларын әкем үнемі іздейтін, қашан келер екен деп жолға қарап, елеңдеп отыратын.
    Өткен ғасырдың 60-жыл­дарының басында мектепте мұғалім болып жүрген әкемді қамқор ағасы Әлнұр Мейірбеков аудандық газетке шақырыпты. Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде қызмет істеген жылдары бұл басылымның беделі ерекше көтеріліпті. Оның «Әдебиет бетін» оқырмандар асыға күтсе керек. Себебі жұрт сүйіне оқитын мазмұнды һәм мәнді дүниелер жарияланады. Нәтижесінде шалғай аудандағы газетте Сағат Әшімбаев, Баққожа Мұқай, Жанболат Аупбаев секілді небір мықтылардың тұсауы кесіледі. Меніңше, ол Әлнұр ағаның үмітін толық ақтады. Өйткені, өзіндік ерекшелігі бар «Ібітанов мектебі» қалыптасты. Мұның барлығы өз деңгейінде зерттелуі керек деген ойдамын.
    Еркін Ібітанов бұрынғы Нарынқол аудандық халық театрының құрыл­уына да біркісідей үлес қосты. Аталған өнер ұжымы өткен ғасырдың 60-90- жылдары жұмыс істеп, көрерменін өнермен сусындатуда өз міндетін мінсіз атқарды. Театр әртістері 1963 жылы Мұхтар Әуезовтің «Түнгі сарын» мен Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» драмасын республикалық деңгейде сахналап, «халықтық» деген құрметті атақты жеңіп алған. Мұнымен шектелмей, 1970 жылы Мәскеудегі бүкілодақтық байқауға қатысып, лауреат атанды. Қысқасы, әкеміз сол дәуірдегі аспантаулар аясындағы өнердің алтын көшін бастады.
    – Бүгінде Қарасаз ауылындағы Мәдениет үйіне Еркін Ібітановтың аты берілді. Ақынның шығармашылық жолын насихаттау жұмыстары қалай жүріп жатыр? Ібітанов әлемін ашу туған өңірі көлемінде ғана әспеттеліп жатқан жоқ па?
    – Қарасаз ауылындағы Мәдениет үйіне әкемнің есімі беріліп, мүсіні орнатылды. Бұл – үлкен мақтаныш. Ортақ іске ауыл азаматтары, жолдас-жоралар, ел ағалары атсалысты. Оларға көп рақмет айтамын. Еркін Ібітановтың шын бағасы әлі берілген жоқ деп ойлаймын. Осы күнге дейін ақынның поэзиясын толық талдап, саралап шығатын бір ғалым шығуы керек еді. Ібітанов тек қана Нарынқолдың, Кегеннің ғана ақыны емес қой. Тұтас Алаштың ақыны деген түсінік қалыптастыруымыз керек. Осы орайда, ақынның ұлы ретінде мына бір идеямды басшылықтың назарына ұсынғым келеді. Нарынқол ауылына кіреберісте «Нарынқолға қош келдіңіздер» деп тұратын стелла бар. Бұл өзі елге келе жатқан ағайынды күтіп алатын шағын демалыс аймағы. Осы жерге Еркін Ібітановтың ескерткіші қойылса деймін. Жаттанды, бір қалыптан шыққан мүсін емес, ақынның образын ашатын, көрген жұрт сүйінетіндей сөйлеп тұрған ескерткіш болса. Елді әңгімеге тартып, шақырып тұрғандай бейнеде болса деп армандаймын. Сол жер жастардың демалатын орнына айналса. Ашық аспан астында жыр кештері, мәдени іс-шаралар өтіп тұрса деп үміт етемін. Бұдан аудандық әкімдік ұтылмайды. Бұл да бір әуезді нышан, жақсы үміт, ақынға деген құрмет қой.

    Музей ашуға мән берілсе

    – Биыл айтулы ақынның 90 жылдығы. Осы бір айшықты мерейтойға байланысты қандай ауқымды шараларға куә болып жүрсіз?
    – Еркін Ібітановты оқырмандары ұмытқан жоқ, Ал өлеңдерімен жаңа танысқандар оның нағыз ақын екенін мойындап жатыр. Қаламгер үшін керегінің өзі осы емес пе? Меніңше, ақынға деген құрмет қандайда бір уақыт шеңберімен өлшенбеу керек. Оның жыры дабыралы той, даңғаза шусыз-ақ сезінген жанның жүрегіне құдіретімен құйылатыны анық. Ал биыл өзінің туған жері мен Алматы қаласында ақынды еске алуға арналған мәдени шаралар өтіп жатыр. Айталық, шілде айында Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Тау мінезді тарлан» атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Шарада ақынның рухани мұрасы дәріптеліп, оқырман қауым назарына шығармаларынан үзінділер ұсынылды. Сондай-ақ «Хантәңірі, қайдасың?!» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті. Меніңше, ақын мұрасын ұлықтау жалғаса береді. Алда Еркін Ібітанов атында әдеби-мемориалды музей ашуды қолға алып, ақынның қасиетті қара шаңырағындағы көзіндей болған мұраларын сонда қойсақ деген жоспарымыз бар.
    – Қара шаңырақ туралы айтып қалдыңыз. Сол қасиетті ұядан қан­ша балапан түлеп ұшты? Ақын­ның отбасы жайлы да айта кетсеңіз.
    – Біз отбасымызда төрт ұл, бір қыз өстік. Үлкені – Тұманбек, одан кейін мен, Ербол, Нұрбол, сосын Айнұр деген жалғыз қарындасымыз бар. Тұманбек ағаның атын әкемнің құрдасы, досы, ақын Тұманбай Молдағалиев қойған. Ол ағамыз елуге жетер-жетпес жасында өмірден озды. Мамандығы филолог болатын. Мектеп қабырғасында көп жұмыс істеп, білім саласына мол үлес қосты. Мұқағалитануға біршама еңбек етті. Тұман ағамыз өте бір бекзат, кісілікті жан еді. Пейіште нұры шалқысын дейміз, жатқан жері жайлы болып, Алла панасына алсын. Күніге тілейтін дұғамыз осы. Әкем қайтыс болғаннан кейін екі жыл шамасында Тұман ағам қайтты. Әкемнен бір, тетелес ағамнан бір айрылып, сол жылдары қатты күйзеліске түсіп кеттім. Әкенің жөні бір бөлек, бауырдың жөні бір бөлек қой қашанда. Бәріміздің қабырғамызға қатты батты. Қалған жанның амандығын берсін. Тұманды жоқтап жазған жырларым да көп. Әлі күнге іздеймін, әлі күнге қатты сағынамын. Балалық шағымды аңсаймын. Балалық шақты сағыну, аңсау әркімнің басында бар нәрсе. Өйткені, өмірдің жолы – біз үшін бір-ақ із. Сол тәрбие, сол із, сол көңіл, ескі өмірдің соқпағы. Формалары өзгергені болмаса, біз бәріміз әкенің салып берген жолымен осы күнге жеттік. Мен өмірді солай түсінемін, бар бітіміммен қабылдаймын. Ең бастысы, ақынның аруағы шалқысын, рухы шат болсын! Соңындағы қара ормандай халқы, оқырманы аман болсын дейміз!
    – Әсерлі әңгімеңіз үшін рақмет, аға! Ел алқаған ақынның тойы халқының қазынасына айнала берсін!

    Сұхбаттасқан – Ерзат АСЫЛ

    Ұсынымдар

    Министр: 36 апталық оқу мерзіміне мұқият дайындық қажет

    Министр: 36 апталық оқу мерзіміне мұқият дайындық қажет

    2 years ago
    Доссор кентіндегі жаңа өрт сөндіру депосы 15 мың тұрғынды қорғайды

    Доссор кентіндегі жаңа өрт сөндіру депосы 15 мың тұрғынды қорғайды

    4 months ago
    Ұлттық құрама үздік шықты

    Ұлттық құрама үздік шықты

    12 months ago
    Бодандықтың мұрасынан арылған жөн

    Бодандықтың мұрасынан арылған жөн

    1 year ago
    Қонаевтағы туризм: 1 млрд теңгеден астам сомаға қызмет көрсетілді

    Қонаевтағы туризм: 1 млрд теңгеден астам сомаға қызмет көрсетілді

    1 day ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>