Бүгінгі таңда ғарыш кеңістігін игеру – ғылым мен технология дамуының басты бағыты. Әлемдік бәсекелестік жағдайында әрбір ел өзінің ғылыми әлеуетін ғарыш саласында көрсетіп, жаңа технологияларды дамытуға ұмтылуда. Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Елдің аэроғарыш саласы соңғы жылдары қарқынды дамып, халықаралық серіктестіктермен жаңа жобаларды жүзеге асырып келеді.
Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – «Space Days Kazakhstan – 2025» халықаралық форумы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті география және табиғатты пайдалану факультетінің картография және геоинформатика кафедрасы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесе ұйымдастырған бұл форум ғарыш саласындағы серпінді идеялар мен тәжірибе алмасудың кәсіби алаңына айналды.
Форум аясында тек жаңа технологиялар мен ғылыми зерттеулер ғана емес, сондай-ақ Қазақстан ғарышының символына айналған тұлғалардың еңбегі де дәріптелді. Солардың ішінде ерекше орын алғаны – қазақтың даңқты ғарышкері Талғат Мұсабаевтың өмір жолына арналған көрме.
«Space Days Kazakhstan – 2025» халықаралық форумының басты мақсаты – ғаламдық ғарыш қауымдастығы арасындағы стратегиялық диалогты нығайту, заманауи ғарыш технологияларын дамыту, сондай-ақ ғылым, білім және өнеркәсіп арасындағы байланысты тереңдету. Бұл жолғы форумға 50-ден астам елдің өкілдері қатысты. Олардың қатарында жетекші ғарыш агенттіктері, халықаралық ғылыми ұйымдар, қаржы институттары және ірі технологиялық компаниялар бар. Мәселен, Еуропа ғарыш агенттігі, NASA-ның ғылыми бөлімшелері, Ресейдің «Роскосмосы», Қытайдың Ұлттық ғарыш басқармасы сияқты ірі құрылымдар делегаттарын жіберді. Қазақстандық ғалымдар мен мамандар үшін мұндай деңгейдегі пікір алмасу – тәжірибе бөлісудің, жаңа жобаларды бірлесе жүзеге асырудың бірегей мүмкіндігі.
Форум аясында ұйымдастырылған көрме Талғат Мұсабаевтың өмірі мен қызметіне арналды. Бұл – кездейсоқ таңдау емес. Өйткені оның ғарышқа үш мәрте ұшып, барлығы 341 тәулігін әуеде өткізуі – қазақ ғылымының тарихындағы теңдесі жоқ жетістік.
Еске сала кетер болсақ, ол 1994 жылы «Союз ТМ-19» ғарыш кемесімен алғашқы сапарға шықты. 1998 жылы «Мир» стансасына екінші рет көтерілді. 2001 жылы Халықаралық ғарыш стансасына барып, бірқатар ғылыми тәжірибе жүргізді.
Осы сапарлар барысында ол 6 рет ашық ғарышқа шығып, онда 33 сағаттан астам уақыт өткізді. Мұндай жетістік тек кәсіби дайындықты ғана емес, нағыз ерлікті қажет ететіні сөзсіз. Ғарышкер кейінгі жылдары Қазақстанның Ұлттық ғарыш агенттігін басқарған болатын. Оның басшылығымен елімізде «KazSat» байланыс спутниктері жасалып, ұшырылды. Мұның барлығы Қазақстанның ғарыш державасына айналуына негіз қалады.
Көрмені ұйымдастыруға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры мен басшылығы тікелей қолдау көрсетті. Бұл шара университет қабырғасында ғана емес, бүкіл Қазақстан ғылымы үшін тарихи оқиғаға айналды.
Көрменің мазмұнын байытуға география және табиғатты пайдалану факультетінің картография және геоинформатика кафедрасының ұжымы белсене қатысты. Экспозицияда ғарышкердің балалық шағы мен отбасылық суреттері, үш рет ғарышқа ұшқан сапарының хроникасы, ғылыми тәжірибелердің нәтижелері, картографиялық деректер мен ғарыштан түсірілген суреттер ұсынылды. Бұл көрме жастарға тарих пен ғылымды ұштастыра отырып жеткізілген мазмұнды саяхат іспеттес болды.
Көрменің ең басты ерекшелігі – оған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың геодезия, картография, геоинформатика және табиғи-техногендік қауіп-қатерлер мамандықтарының студенттері ерікті ретінде қатысып, қонақтарды қарсы алу, бағыт-бағдар беру және көрме барысындағы қызмет көрсету жұмыстарын атқарды. Бұл олардың белсенділігін арттырып, кәсіби дамуына серпін берді.
Бұл көрме бірнеше қырынан құнды болды. Ең алдымен, студенттер ғарыштық технологиялар мен картографияның өзара байланысын нақты деректер арқылы ғылыми тұрғыдан түсінді. Екіншіден, ғарышкердің өмір жолы жас буынды отансүйгіштікке, қажырлы еңбекке тәрбиелейтін бағыт болды. Үшіншіден, студенттер өз мамандықтарының заманауи ғарыштық технологиялармен қаншалықты тығыз байланысты екенін тәжірибеде көріп, кәсіби тұрғыдан өздеріне қажетті деңгейде шабыт алды.
Форум барысында Қазақстан мен бірқатар мемлекет арасында жаңа келісімдер жасалды. Атап айтқанда, Қазақстан мен Еуропа ғарыш агенттігі ғарыш деректерін алмасу туралы келісімге келді. Қытаймен бірлесіп жаңа жерсеріктерді құрастыру жөнінде меморандумға қол қойылды. Қазақстандық жоғары оқу орындары NASA-ның ғылыми бағдарламаларына студенттерді тағылымдамадан өткізуге мүмкіндік алды. Бұл келісімдер Қазақстанның ғылыми әлеуетін арттыруға және жастарды халықаралық тәжірибеге тартуға жол ашады.
«Space Days Kazakhstan – 2025» халықаралық форумы – Қазақстанның ғылымы мен білімінің жаңа биікке көтерілгенінің айқын дәлелі. Форум аясында өткен Талғат Мұсабаевқа арналған көрме – тек өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағдар.
Жастарға бұл шара рухани шабыт пен кәсіби серпін сыйлады. Ал Қазақстан ғылымы үшін әлемдік қауымдастықпен стратегиялық серіктестікті нығайтудың нақты қадамы болды.
Осындай форумдар мен көрмелердің жүйелі түрде өтуі еліміздің ғылымы мен білімінің болашағын айқындап қана қоймай, жас ұрпақты ғарышқа, ғылымға жетелейтін шамшырақ болатыны сөзсіз.
Айжан Асылбекова,
Әл-Фараби атындағы ҚазуҰУ
картография және геоинформатика кафедрасының меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор