Райымбек аудандық Мәдениет үйінде Мәуліт мерекесі облыстық деңгейде зор мереймен атап өтілді. Аудан тұрғындары, дін қызметкерлері, кәсіпкерлер, ұстаздар мен жас буын шәкірттер, рухани қоғамдық ұйым өкілдері, қазыналы қариялар мен ақ кимешекті аналар бас қосып, Алланың елшісі, ардақты Пайғамбарымыздың ізгілікке толы асыл қасиеттерін паш етті.
Облыстың бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы қасиетті күннің құрметіне Құран бағыштап, дұға жасады. Алғашқы құттықтау сөз алған Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Жанарбек Жақсылық ізгі тілегін былайша жеткізді:
– Мәуліт – барша адамзаттың ұстазы, әлемге мейірім мен әділет нұрын сыйлаған ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с) дүниеге келген қасиетті күні. Бұл мереке бізге ата-бабамыздан мирас болған имандылық жолын еске салып, жүрегімізді ізгілікке, мейірімге, бауырмалдыққа толтырады, – деген Жанарбек Жантөреұлы аудандағы имандылық жолындағы қызметі арқылы халықтың рухани жандүниесін байытып, ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып жүрген азаматтарға ақ ниетке толы алғысын білдірді.
Өз кезегінде мінбеге көтерілген облыстың бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы Ислам дініне қатысты мағынасы терең уағыздар айтты. Заманға тыныштық, елге береке-бірлік, жамағатқа иман байлығын тіледі. Еркебұлан қари Пайғамбарымызды (с.ғ.с) мадақтаған Мәуліт жырын жатқа оқыды.
Мереке барысында ән мен жырға да кеңінен орын берілді. Өнер мектебінің домбырашылар оркестрі орындаған халқымыздың күйлері көпшіліктің жүрегіне жол тапты. Өнер байқауларының жүлдегері Ершат Кәмілжанұлы жырдан шашу шашты. Салауат, Әбдурашид, Абдулхамит сияқты жас буын шәкірттер орындаған салауат та көңіл түкпірінен орын алды. Мәдениет үйінің қызметкері Ербақ Құрметжан төгілдірген Бөлтірік шешен мен Жәнібек Кәрменовтің өмір туралы термелері де тыңдарман құлағының құрышын қандырды. Жамағатқа Исламға қатысты сұрақтар қойылып, жауабын дәл тапқандарға арнайы сыйлықтар тапсырылды. Мешіт имамдары қатар тұрып Мәуліт құрметіне хормен айтқан салауаты да кештің мәнін ашты. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүйікті гүлі раушан болған дейді. Мерекелік шараға қатысқан әйелдер қауымына жас мөлшеріне қарамастан раушан гүлі сыйға тартылды.
Мәулітке осылайша құрмет көрсеткен жамағат рухани құндылығымыз артып, иман байлығымыз молықсын, жасаған әрбір дұғамыз қабыл болсын деген ақжарма тілекпен тарқасты.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы