Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мұғалімдер мен оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған ауқымды жоба басталды. Оқу бағдарламасы қаржы және білім беру саласындағы халықаралық сарапшылардың ұсынымдары негізінде әзірленген. Ал жоба аясында еліміздің педагогтеріне қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған арнайы курс оқытылады. Аталған ауқымды бастама Алматы облысында да жүзеге аса бастады.
Жұма күні «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның Алматы облысы бойынша кәсіби даму институты мен ҚР Ұлттық банкінің бірлескен жобасы аясында алғаш «Қаржылық сауаттылық негіздері» курсынан өткен ұстаздарға сертификат табысталды. Бес күндік курс барысында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының тренерлері педагогтерге қаржыны басқарудың негізгі қағидаттарын үйретті. Мұғалімдер қаржылық мінез-құлық психологиясы, отбасындағы бюджет пен шығындарды жоспарлау әдістерін меңгерді. Ал ҚР Ұлттық банкі Алматы облысындағы филиалының (Қонаев қаласы) қызметкері Дастан Қонбаев ұстаздар қауымына инфляцияның жеке қаржыға ықпалы, инвестиция, цифрлық активтер, несие мен зейнетақы жүйесі, алаяқтықтың түрлерін ажырату және жеке деректерді қорғау тақырыптарында дәріс оқыды.
– «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның Алматы облысы бойынша кәсіби даму институты директорының орынбасары Хуршидам Масимова курстың өтуіне жағдай жасаған ҚР Ұлттық банкі Алматы облысындағы филиалының басшылығына алғыс білдірді. «Курс барысында тыңдаушылар топтық жұмыс әдістерін, ұлттық қаржы жүйесі, инвестициялар мен қаржыны басқарудың заманауи тәсілдерін меңгерді. Бұл жоба – қаржылық мәдениетті білім беру жүйесіне жүйелі түрде енгізуге және оқушылардың қаржыны тиімді басқару дағдыларын дамытуға бағытталған нақты қадам. Бұл жолы алғашқы 25 ұстаз арнайы курстан өтті. Енді олар мектеп оқушыларына қаржылық сауаттылық туралы да білім бере алады. Демек бұл курс білім алушылар үшін де маңызды. Жыл соңына дейін 400-ге жуық мұғалім аталған жоба аясында арнаулы курстан өтпек, – дейді Хуршидам Масимова.
Бүгінгі нарықтық қоғамда қаржылық сауаттылық әрбір азамат үшін маңызды. Себебі күнделікті ақшалай операциялардан бөлек, несие, депозит, ипотека сынды ірі келісімдер де бар. Оның әрбірі тиімді шешім қабылдай алу мен мұқияттылықты талап етеді. Әрі жалпы экономиканың өзі азаматтардың қаржылай сауаттылығына байланысты. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің тұрақты экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыру үшін қаржылық сауаттылықтың маңызын атап өткен еді. Ол өз сөзінде оқушылардан бастап зейнеткерлерге дейінгі халықтың барлық топтары арасында қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған білім беру бағдарламалары мен бастамаларын жүргізу қажеттігін айтқан болатын. Бұл саналы және жауапты қаржылық шешімдер қабылдауға қабілетті қаржылық тұрақты қоғам құруға ықпал етеді. Бүгінгі курсты тәмамдап отырған ұстаздар сол игі бастаманың шынайы жүзеге асып жатқанын дәлелдеді. Баршаңызға табыс тілеймін», – деді қатысушыларға сертификат табыстаған ҚР Ұлттық банкі Алматы облысындағы филиалы директорының орынбасары Алмас Сейдахметов.
Іле ауданындағы №28 гимназия мұғалімі Сәуле Молдасанованың пікірінше, қазіргі уақытта смартфонның көмегімен несие рәсімдеуге болатын цифрлық дәуірде баланы қаражатты басқаруға, жоспарлауға және шығындарды есептеуге үйрету өте маңызды. «Мектептерде қаржылық сауаттылықты оқыту маңызды, өйткені бұл балаларға ақшаны басқаруды үйретеді. Бюджет құру, үнемдеу және ақшаға жауапты болуды үйрену әрбір баланың болашағына қажет. Аталған курс қарыздар мен алаяқтықтан аулақ болуға, кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға және болашаққа деген сенімділікті арттыруға көмектеседі. Бұл білім пайдалы және қаржылық тұрғыда тұрақты қоғам құруға игі ықпалын тигізеді», – деді ол.
Шара соңында ұстаздар қаржылық сауаттылықты білім беру жүйесіне енгізу – экономикалық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Бұл бастама қоғамның қаржылық мәдениетін арттырып, қаржы пирамидалары мен интернет-алаяқтықтан қорғануға да мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Ерзат АСЫЛ




