Қарасай ауданы Іргелі ауылындағы «Group of companies Altyn Juldyz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде Еңбек ұтқырлығы орталығы мен облыстық білім басқармасы «Career day» атты іс-шара өткізді. Бұл шараның мақсаты – өңір нарығында сұранысқа ие мамандықтардың әлеуметтік беделін арттыру және кәсіптік білім беру ұйымдарымен жаңа әлеуметтік әріптестік түрлерін дамыту.
Ашық есік күні ретінде өткізілген шараға Алматы, Қонаев қалалары мен Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарындағы колледждерде тігін бағыты бойынша білім алып жатқан 100-ден астам студент, өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пәндер оқытушылары қатысты. Қатысушылар фабриканың жұмысымен және тігін өндірісінің негізгі кезеңдерімен танысты.
Облыстық еңбек ұтқырлығы орталығының өкілі Олжас Нұржұма кәсіби бағдар берудің маңыздылығын атап өтіп, жұмысшы мамандықтарының қоғамға қаншалықты қажет екенін сөз етті. Сонымен қатар, «Altyn Juldyz» тігін фабрикасында өткізіліп жатқан экскурсияның мақсаты болашақ колледж түлектерін осы кәсіпорында жұмыс істеуге ынталандыру екенін де жеткізді. Мұнда жинақтаған тәжірибе жастардың жеке кәсібін ашуға, шағын цех немесе ателье жұмысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Ол сондай-ақ қолданыстағы жеңілдіктер жайында мәлімет берді. Атап айтқанда, Еңбек ұтқырлығы орталығы арқылы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасуға болады, ал мемлекет тарапынан берілетін грант арқылы өз бизнесіңді бастау мүмкіндігі қарастырылған.
Бұл фабрикада тігіншілерді даярлайтын арнайы оқу орталығы жұмыс істейді. Оның базасында үш айлық курстар өткізіледі. Осы курстарға қатысушылардың жол шығындары, тұру ақысы және шәкіртақы Еңбек ұтқырлығы орталығы арқылы төленеді.
Облыстық білім басқармасының бас маманы Ербол Жанбіровтің айтуынша, жыл басынан бері осындай іс-шараларға 1000-нан астам студент қатысқан. Мұндай шаралар колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы әріптестікті нығайтады, студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастыруға және кейін жұмысқа орналасуына септігін тигізеді.
Фабрика директоры Заманбек Алтынғадисұлы мен бас технолог Зоя Оразова мұндағы жұмыс барысымен таныстырды. Бұл тігін фабрикасы 15 жылдан бері жұмыс істейді. 200-ден астам адам еңбек етуде. Қазіргі таңда бос жұмыс орындары бар, жұмыс екі ауысымда ұйымдастырылған.
«Altyn Juldyz»-да негізінен тапсырыс бойынша әскерилер мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне, спортшыларға, теміржолшыларға және басқа да сала мамандарына арнайы киімдер тігіледі. Өндіріс конвейерлік жүйеде жүргізіледі. Бес жыл бұрын бұл жерде әртүрлі сала қызметкерлеріне арналған арнайы аяқ киім тігу де қолға алынған. Жұмысшылар саны артқан сайын кәсіпорынның жаңа тапсырыстар алып, жұмыс аясын кеңейтуіне мүмкіндігі бар.
Ашық есік күніне студенттерін ерте келген Алматы облыстық сервис және тамақтандыру саласы инновациялық технологиялар колледжінің аға шебері Перизат Әбиева бұл оқу орны мен фабрика арасында сегіз жылдан бері ынтымақтастық орнатылғанын айтты.
– «Altyn Juldyz»-да өте жақсы өндірістік база |қалыптасқан. Мұнда заманауи тігін машиналары, сандық бағдарламалық басқару жүйесімен жұмыс істейтін кесу станоктары және басқа да құралдар бар. Біздің студенттер матаны, үлгіні таңдаудан бастап дайын өнімге дейінгі барлық өндірістік үдеріс кезеңімен танысты. Олар сондай-ақ конвейерлік жүйеде жұмыс істеудің мәнін түсінді, яғни, бір бұйымның әр бөлігін әртүрлі тігінші тігетініне көз жеткізді. Бұл экскурсия өте пайдалы және мазмұнды болды, – деді Перизат Манапқызы.
«Career day» акциясы аясында тігін фабрикасының басшылығына қызметкерлер үшін жатақхана мәселесін қарастыру жағы ұсынылды. Көптеген адам бұл жерде жұмыс істегісі келеді, бірақ көлік кептелісі мен арақашықтыққа байланысты жету қиындық тудырады. Ал тұрғын үй мәселесін шешу арқылы кәсіпорын бос тұрған 100-ден астам жұмыс орнын толтырып, жаңа тапсырыстар қабылдау мүмкіндігін арттырып, компанияның кіріс бөлігін ұлғайта алады.
Қуат Қайранбаев




