Биыл 10 қаңтарда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Аталған өзгерістер негізінде 1 қыркүйектен бастап жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін жазаның жаңа түрі – қоғамдық жұмысқа тарту енгізілді.
Қонаев қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жаңа ереженің атқарылуын үйлестіру жұмысы бойынша жиналыс өтті. Құқық қорғау органдарының өкілдері мен жергілікті әкімдік қызметкерлері қатысқан жиналыста сот төрағасы Әлинасыр Қадыров ұсақ бұзақылық пен вандализмге қатысты істерде де әкімшілік жазалар қатаңдатылғанын атап өтті.
«Қоғамдық жұмыстарға Әкімшілік кодекстің нақты қай бабын бұзғандар тартылатынына тоқталсақ, біріншісі – 73-бап. Яғни, отбасының мазасын алып, зайыбының ар-намысын таптағандар. Кемі 20 сағат көшені қоқыстан тазартуға міндеттеледі. Егер бұзақылық есепті жыл ішінде қайталанса, жаза еселенеді. Одан кейін 434-бап – ұсақ бұзақылық. Бұл бап бойынша көпшілік көп жиналатын жерлерде былапыт сөздер айтып, айналасындағы адамдарға тиiсіп, балағаттағандар 20-60 сағат көлеміндегі қоғамдық жұмысқа жегіледі. Қайталанса, 100 сағатқа дейін ұлғаюы мүмкін. Ал қоғамдық орында қоқыс тастаса, жаза 40-80 сағат аралығында болады. Бұл – кодекстің 434-бабының 2-бөлігі. Сондай-ақ, 440-бап. Демек, алкоголь iшіп не қоғамдық орындарға масаң күйде келсе, 20 сағаттық жұмыс күтіп тұр»,– деді сот төрағасы.
Жиналыста қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті сақтауға, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың тыныштығын қорғауға бағытталған маңызды тетіктерді үйлестіру қажет екені баса айтылды. Жиын қорытындысы бойынша түйткілді мәселелер талқыланып, ұсыныстар берілді. Құқықбұзушылықтың алдын алу, сот жүктемесін азайту мақсатында зерделеу жұмыстары жоспарланды.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы