Алматыда мемлекеттік органдар, әкімдік, бизнес және қаржы институттары өкілдерінің қатысуымен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын (ЭКСЖ) іске асыру бойынша көшпелі семинар өтті. Алқалы жиынға Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты.
Жиынды ашқан Асан Көбентайұлы басқосудың себебін түсіндіріп, қолға алынып отырған шаруаның маңыздылығына тоқталды. Осыдан кейін ұлттық жобаны іске асыру құралдары, мемлекеттік қолдау шаралары және нарыққа қатысушылар үшін инвестициялық мүмкіндіктер туралы жиналғандарға Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Қанат Құлназаров, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ өкілдері айтып берді.
Семинар барысында инвестициялық жобалардың 2025-2029 жылдарға арналған жоспарлары ұсынылды. Биылғы ірі қатысушылардың бірі «Алатау Жарық Компаниясы» акционерлік қоғамы екені белгілі. Ол электр желілік инфрақұрылымды жаңғыртуға 9,7 млрд теңге бөліп отыр. Бұл салада 361 км желіні және 3300-ден астам жабдықты жаңарту жоспарлануда. Аталған шаралар компания инфрақұрылымының тозуын 5 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Алдағы бес жылда аталған ұлттық жоба шеңберінде жаңғыртудан бірқатар коммуналдық кәсіпорындар өтеді. Атап айтар болсақ, «Алматы жылу желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде күрделі жөндеу жоспарлануда. Атап айтқанда, 2,1 км жылу желілері жаңартылмақшы. Содан кейін «Алматы электр стансалары» акционерлік қоғамы. Олар тозуды 1 пайызға дейін төмендете отырып, ЖЭО–2-БТК жылу магистралін реконструкциялау шеңберінде 4,3 км құбырды толық ауыстырады. Сонымен қатар «Алматы Су» ШЖҚ мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорнында 60 шақырым су құбырын қайта жаңарту жоспарланған. Пилоттық жобаларды іске асыру нәтижесінде, Алматыда қалалық инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейі 6,1 пайызға төмендейді деп күтілуде. 2026 жылы өңірдің коммуналдық және энергетикалық секторларын жаңғыртуға инвестициялардың жалпы көлемі 105,3 млрд теңгені құрайды.
– Былтыр Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын қабылдағанын жақсы білесіздер. Бүгінгі семинар Алматы қаласы мен облысының табиғи монополиялар саласының мамандарымен осы жобаны талқылауға арналып отыр, – дейді «Бәйтерек» ҰБХ акционерлік қоғамының басқарушы директоры Әлия Мырзағалиева бізге берген сұхбатында. – Алдағы уақытта осы шаруаны қалай жобалау керектігі, қаржыландыру көздері, оның ерекшеліктері жайында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жасыратыны жоқ, бізде аталған нысандардың барлығы тек мемлекеттік қаржыландыру арқылы, яғни бюджет ақшасына қызмет жасап келген болатын. Алайда, бюджет қаржысы үнемі жетіспейтіндіктен негізгі қордың жөнделуі жыл сайын 20 пайызды ғана құрап, ал тозуы жылдан-жылға артып отырғаны белгілі. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында алдағы уақытта электр, су және кәріз желілерін жаңарту, қондырғыларды ауыстыру жұмыстарын несие арқылы атқару жоспарланып отыр. Бұл үшін екінші деңгейдегі банктердің, «Даму» қоры мен шетелдік гранттар мен инвестицияларды пайдалану көзделуде.
Әлия Ерболатқызы аталған шаралар үшін несие пайдаланатын болғандықтан, көрсетілген қызмет үшін тұтынушылардан алынатын төлемдер артатынын да айтып өтті. Алайда аталған қызметтердің құнын бірте-бірте, бірнеше жылға созып арттыру көзделіп отыр.
Семинарға қатысушылар ұлттық жобаны жүзеге асыру жайлы жан-жақты мәліметтер мен өздерін толғандырған сауалдарға толыққанды жауап алып тарасты.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ