Есік алдында отырған едім. Әкем көліктен түсті. Жүзі жайдары, көңілді көрінді. Сөйтсем, зейнетақысын алыпты. Әдеттегідей немерелеріне таратып беріп жатты. Бала емес пе, немерелері де «Атам ақша берді» деп мәз. Соның алдында ғана көше басындағы ауылдас кісі құдайы тамаққа шақырып, Құран оқып келген беті еді. Жасы 83-тен асса да, қимылы ширақ әкеме ризамын. Жанары суалып, көзі көрмей қалған анамның дәрісін беріп, қолынан демеп жүргені. Осы бір көрініске қарап, ата-анамның барына бір марқайып қаламын. Иә, расында мен бақытты жанмын.
Әкем Қуатбек Төлжарасов 1942 жылы Балқаш ауданы Көкжиде ауылында дүниеге келіпті. Анам Тазабаламен 1961 жылы шаңырақ көтерген екен. Айтуынша, жас кезінен туған ауылында тырма айдап, шөп шауыпты. Әйтеуір жұмыс талғамай істей беріпті. Ат жалын тартып мінгеннен бері мал шаруашылығымен айналысып, қой, жылқы, сиыр – бәрін баққанын көріп өстік. Олай дейтінім, мен ес білгелі, әке-шешем мал бағатын. Қандай қиындық көрсе де, «Сендерді бағу үшін, мал соңында салпақтап жүрмін» деп ешқашан кейігенін естімеппін.
Әкем сегізжылдық мектепті аяқтамағаны болмаса, мектепте жақсы оқыпты. Жеті жыл бойы Көкжидеде оқып, 8-сыныпта интернатқа ауыстым дегені бар. Алайда сол жерде бір ағайымен келіспей қалып, оқуын бітірместен, тастап кетіпті. Десе де, әкемнің сауатты әрі маржандай жазуына қарап, жақсы оқығанын байқауға болады. Есепке де жүйрік. Өзінің айтуынша, білім бөлімінің бастығы іздеп келіп: «Әй, Қуатбек, жүр. Қайтадан оқы. Мен тұрғанда, ешкімнен қорықпа. Саған ешкім тиіспейді», – депті. Анам сол кезде төлде болатын. Оқуға бармағалы бір айдан асып кеткен. Анам сонда: «Алда үш күн демалыс қой. Кір-қоңын жуып, дұрыстап жіберейін», – депті. Бірақ сол күйі оқуға бармай қалдым», – дейді әкем.
Мехнаты көп мал бағудың қыр-сырын әбден меңгерген әкем бала тәрбиесінен де қалыс қалып көрмепті. Бар білгенін үйретіп, бізді еңбекке баулудан еш жалыққан емес. Көпбалалы отбасы болғандықтан ба, біз бауырмал болып өстік. Әкем Қуатбек өзінің айтуынша, әкесіз өссе де, үлкеннің қабағын бағып, сол кісілердің батасын алуға асық болыпты. Атамыздың бойы сұңғақ болғанымен, әкем нағашыларына тартыпты. Өз анасын «жеңеше» деп атаса керек. Нағашы атасы жиендерін көріп қайту үшін жиі келетін көрінеді. «Жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» демекші, нағашы жұрты әкемді басына көтеріп, қатты еркелетіпті. «Әпкеміздің баласы» деп бетіне жел болып тимепті. Біреуі бетіне қарсы келмек түгілі, ләм-мим деп ауыз ашпапты. Атам соғысқа аттанғанына бір ай толғанда, менің әкем туылыпты. Ал анасы о дүниеге аттанғанша, күйеуінен хабар-ошар келіп қалар деп алаңдап, күдерін бір үзбепті. Ол заманда сурет те қат еді. Сол кездің естелігі болған жалғыз суреті кейіннен жоғалып кетіпті.
Кеңес өкіметі тұсында аудан басшысы келіп:
– Қуатбек аға, сіздің үйіңізге қонақ әкелсем қалай қарайсыз? – деп сұрапты.
– О, не дегеніңіз, басеке? Әкеле беріңіз, – деп әкем ұсынысын құп алыпты.
Содан аудан басшысы қонақты ертіп келді. Ол кісі су жағасында қармақ салып, балық аулады. Бала кезім ғой, «Қармақпен аулағанның несі қызық екен?» деп таңғалып жүрмін. Қалалық қонақпен дастарқан басында жақынырақ танысудың сәті түсті. Үй тола кісілердің әңгімесінен ойын баласы болсам да, сұңғыла көңіліммен мейманымыздың тегін емес екенін аңғарғандай болдым. Сөйтсем, әлгі кісі күллі қазақты әлемге танытқан, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің баласы Мұрат Әуезов екен. Орысша сөйлегенімен, әрбір қимылынан, сөзінен мәдениеттіліктің, парасаттылықтың лебі есіп тұрды. Өзі әкеммен түйдей құрдас екен. Екеуінің әңгімесі жарасып, қауқылдасып қалды. Асылдың тұяғымен осы бір кездесу, осы бір сәт әдемі естелік болып есімде жатталып қалды.
Әкем көненің көзі емес пе? Мал бағудан тыс уақытта да еш тыным таппайтын. Қолы сәл босай қалса, қамшы өріп, жүген тоқитын. Мал баққан қайбір оңай дейсің? Арасында ит-құстан аман алып қалу үшін түз тағысын аулайтын. Бүгінде кіндігінен тараған он баласы балалы-шағалы болып кетсе де, бәріне ақылын айтып, бағыт беріп отырады. Бала күнімізден адалдыққа тәрбиелеп, біреудің ала жібін аттамауға баулыды. «Кісі ақысын жемеңдер» деп, үнемі айтып отыратын әкемнің мен үшін алар орны ерекше. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, ауылда ғана емес, әкем өзінің үлгі аларлық жақсы қасиеттерімен ауданға да сыйлы. Жақында ғана бауырларымызбен ақылдасып, анам екеуінің отау құрған гауһар тойын жасап бердік. Ата-анамның бақыттан бал-бұл жанған жүздеріне қарап тұрып, сүйсіндім. Жан-жақтан ағылған қонақтар, жақын туыстар, құда-құдағилары ақ тілектерін жаудырып жатты. Әкем сол бар болса, тасымайтын, жоқ болса, жасымайтын сабырлы, сырбаз қалпын сақтап тұр. Ол ол ма, шау тартып, қартайып қалдым демей, құран оқып, барған жерінде бата беріп жүргені. Батасын жаңартып, жаңадан жаттап жүретін әкеме қарап, кейде өзімді қамшылап алатыным бар. Иә, қос бәйтерегім тұрғанда, мен қашанда бақыттымын! Әке-шешемнің еңбексүйгіштігіне, өмірді сүйетініне қарап, қуат аламын. Иә, бізге бар асыл қасиеттерін сіңіріп, жақсы тәрбие берген ата-анаммен мақтанамын! Өйткені, менің әкем мен анам – өмірдегі ең жақсы жандар.
Айзат Қуатбекұлы
Балқаш ауданы