Білім күнінде күрделі жөндеуге байланысты уақытша жабылған Қонаев қалалық Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектебі қайта ашылып, оқушылар мен ұстаздарды және білім ордасының табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндерді қарсы алды.
Мерейлі мерекеге орай «Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты шараға өз білім ұясы уақытша күрделі жөндеуге жабылған Ахмет Жұбанов атындағы №5 орта мектептің 1-сыныбына қабылданған балалар да қатысты.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы кіргізіліп, Гимн шырқалған соң, Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова жиналған қауымды Білім күні мерекесімен құттықтап, бірінші сыныпқа қабылданып жатқан оқушылардың қадамына құтты болсын айтып, сәттілік тіледі. Одан кейін сөз Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектеп директоры Гүлмира Амангелдіге берілді.
– «Екі дүниең абат болсын, қос тойың қабат болсын», – демекші, бүгін сіздер Қасым Қайсенов атындағы №4 мектептің ұжымындағы қос бірдей қуанышына куә болып тұрсыздар. Оның біріншісі – күміс қоңыраудың сыңғырымен бірге білім әлемі деген күрделі де қызықты жолы басталатын, тұңғыш рет мектеп партасына отырып, алғашқы ұстаздың бірінші сабағына қатысқалы тұрған балдырғандардың қимастықпен еске алатын қымбат та ұмытылмас сәті. Екіншісі – күрделі жөндеуге байланысты жабылған алтын ұяның есігінің ұстаздар мен оқушылар үшін қайтадан айқара ашылуы. Қай халықтың да болашағы – оның білімді ұрпағында. Біздің еліміз үшін де білім – мемлекеттің дамуы мен өркендеуінің басты тірегі. Сондықтан білім алу үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауларында білім саласын назардан тыс қалдырмайды. Осы орайда Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектепте де оқушылардың заманауи үлгіде өркениет талабына сай жан-жақты терең білім алып, тәрбиелі әрі мәдениетті азамат болып шығуына қолайлы мүмкіндік туғызуды күн тәртібінен түсірмейміз. Биыл білім ордасының табалдырығын 140-тан астам бүлдіршін аттағалы отыр. Жаңа оқу жылында ұлағатты ұстаздарымыздың «Білім» атты ғажап әлемнің сырын шәкірттерінің бойына дарыту жолында аянып қалмайтынына сенімдімін, – деді Гүлмира Несіпбайқызы.
Ахмет Жұбанов атындағы №5 орта мектептің директоры Мақпал Байжанова сөз алып, баршаны Білім күні мерекесімен құттықтаса, Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектептің ата-аналар комитеті төрағасы Юлия Трофимова мереке қуанышымен бөлісті.
Келесі кезекте Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай жиналған қауымның назарына сахналық көрініс ұсынылып, оқушылар ұлы ақынның жыр жолдарын жатқа оқыды.
Шара барысында мектептің өнерпаз шәкірттері ән-жырдан шашу шашып, мың бұрала би билеп, көрермендердің көңілін көтеріп, мереке салтанатының мәртебесін асқақтата түсті.
Алғашқы қоңыраудың сыңғырынан соң қала әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова, қалалық білім бөлімінің басшысы Қаламқас Сәрсенбаева, ата-аналар комитетінің төрағасы Юлия Трофимова 1-сыныпқа қабылданған бүлдіршіндердің алғашқы сабағына қатысып, оқушылардың қанаттары талмай, еліміздің ертеңгі болашағына өлшеусіз үлес қосатын білімді де тәрбиелі азамат болуларына тілектестік білдірді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы




