Облыстық қан орталығы бүгінде Қаскелең қаласында орналасқан. Оның қызметі аймақтағы барлық медициналық мекемелер үшін және адам өмірін құтқаруда үлкен стратегиялық маңызға ие. Жуырда мұнда баспасөз конференциясы өтті. Іс-шара барысында орталық директоры Азамат Зайыров биылғы жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысын жария етті. Жиынға орталықтың бөлім меңгерушілері мен басқа да қызметкерлер қатысты.
Азамат Ғабитұлының айтуынша, жыл өткен сайын қан мен оның компоненттеріне деген сұраныс артып келеді. 2024 жылдың алғашқы алты айында 5277 өтінім тіркелсе, биылғы жартыжылдықта бұл көрсеткіш 8792-ге жеткен. Донорлық қан алуға келсек, 2024 жылы 6 айда 3883 донация болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 4907-ге артты. Тромбоцитке де сұраныс жоғары. 2024 жылы алғашқы жартыжылдықта 50 доза тромбоцит берілсе, биыл бұл көрсеткіш 292-ге жетіп, бес еседен астам өсті.
Жасалған келісімшарттар аясында орталық облыстағы 17 медициналық мекемені қан және оның компоненттерімен қамтамасыз етеді. Биылғы алты айда бұл мекемелерге 9155 доза қан жіберілді. Қан, әсіресе, хирургия, нейрохирургия, травматология, онкология бөлімдеріне қажет екені түсінікті. Бір науқасты емдеу үшін 90 дозаға дейін қан қажет болуы мүмкін. Бұл науқас жағдайының ауырлығына байланысты.
2024 жылы жоспар 14 628 доза болса, нақты орындалғаны – 15 151. 2025 жылға жоспар – 15 856 доза. Алайда қазіргі көрсеткішке қарағанда, бұл жоспар артығымен орындалатыны анық. Сонымен қатар орталықтың қуаттылығы жылына 21 мың доза қан мен оның компоненттерін дайындауға жеткілікті.
Конференция барысында бұл өмірлік маңызы бар қызметті облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым тікелей қадағалайтыны да атап өтілді. Жұмыс 2024-2026 жылдарға арналған «Қан қызметін дамыту жол картасы» негізінде жүргізілуде. Осы құжатқа сай, 2025-2027 жылдарға арналған донорлықты насихаттау жоспары бекітілді. Негізгі мақсаты – қан донорлығының пайдасын түсіндіру, адамдардың өмірін сақтап қалуда оның маңызын көрсету. Бұл жұмысқа жергілікті атқарушы органдар, түрлі мекеме мен ұйымдардың басшылары тартылған.
Тағы бір маңызды жайт, 2025 жылдың 10 ақпанында облыстық денсаулық сақтау басқармасының №10 бұйрығына сәйкес, әрбір медициналық мекемеде қан мен оның компоненттерінің тұрақты қоры болуы қажет. Сонымен қатар жақын орналасқан аудандық медициналық ұйымдар нақты жағдайға және белгілі бір қан тобына деген сұранысқа қарай бір-бірімен қан қорын алмастырып отыруы тиіс.
Қуантатыны, жыл өткен сайын қан тапсырушылардың саны артып келеді. Бүгінде мұнда тұрақты донорлардың саны – 3200 адам, оның ішінде 1500-і – үнемі қан тапсыратындар. Қалғандары жүктілікке, босануға, сырқатқа, іссапарға байланысты уақытша қан тапсыра алмайды. Дегенмен облыстың қанға деген сұранысын толық қанағаттандыру үшін донорлар санын 5000 адамға жеткізу қажет. Сондай-ақ алғашқы рет донор болғандардың оннан бірі уақыт өте келе тұрақты донорға айналады.
Қан орталығының мамандары облыстағы түрлі мекемелерге, соның ішінде әскери бөлімдерге барып, қан мен оның компоненттерін жинау жұмысын жүргізеді. 2024 жылы 9 рет іссапар жасалса, 2025 жылы жоспарланған 32 іс-шараның 13-і қазірдің өзінде өткізілді.
Бұл жұмыста жастарға ерекше назар аударылып келеді. SDU University, Талғар медициналық колледжі және облыстық жастар саясаты басқармасы бірлесіп, 2025-2026 жылдарға арналған донорлықты насихаттау жоспары жасалуда. Соның нәтижесінде студенттер арасында донор болғысы келетіндер көбейіп келеді.
Азамат Ғабитұлының айтуынша, қан тапсыру – денсаулыққа пайдалы. Инфаркт, жүрек-қан тамырлары аурулары, атеросклероз, подагра, асқазан-ішек жолдары, ұйқы безі, бауыр, зат алмасу сырқаттарының алдын алады. Сонымен қатар иммунитетті нығайтады, холестерин деңгейін төмендетеді, ағзаны оттегімен байытады, зиянды заттар шығарылады. Ең бастысы, бір донордың қаны үш адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Осы сөздер әрқайсымызды ойландыруы тиіс.
Ескере кететін жайт, орталықтың аумағы кіші және бөлмелер жеткіліксіз болса да, облыстық қан орталығы тұрақты жұмыс істеп, аймақтың медициналық мекемелерін қан компоненттерімен толық қамтамасыз етіп келеді. Бұл – медициналық мекемелердің үздіксіз жұмыс істеуі және халыққа уақытылы сапалы медициналық көмек көрсетуі үшін аса маңызды. Аталған кездесу мазмұнды өтті және еліміздегі донорлықты дамытуға қосылған тағы бір үлес болды.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы