Биыл Қонаев қаласының құрылғанына 55 жыл толды. Айтулы мереке қарсаңында шаһарда бір апта бойы түрлі шара өтіп, орталық алаңда ауқымды концертпен қорытындыланды. Мерейтой Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.
Қала әкімі Асхат Бердіханов қадірлі қонақтармен бірге Димаш атамыздың рухына тағзым етті. Одан кейін шаһардың экономикалық дамуына ықпал етіп отырған кәсіпорындардың көрмесін тамашалады. Онда жүгері таяқшасын өндіретін «АЯМ» ЖШС, қазақстандық антифриз брендінің негізін қалаушы «Бағашар мекен» ЖШС, құтыларды шығаратын «Юнипак Шымкент» ЖШС, Қосқұдық ауылындағы кірпіш зауыты, трансформаторлар шығаратын «ПФ Электросервис» ЖШС өнімдері қойылды. Сондай-ақ танымал туристерге арналған демалыс орны «Del Mare» мен көпфункционалды ойын-сауық кешені «ASP ARENA» басшылығы да өз жұмысын таныстырды.
Мерекеде балалар да назардан тыс қалмады. Қала әкімі Б.Соқпақбаев атындағы орталық саябаққа барып, шеберлік сабақтарын, шоу бағдарламаны бүлдіршіндермен бірге көрді. Жас суретшілер арт-аймақта Д.Қонаевтың портретін бояды. Бұдан бөлек орталық саябақтың спорт алаңында жарыстар ұйымдастырылды. Қала жұртшылығы асық ату, қолкүрес, тоғызқұмалақ сынды қазақтың ұлттық ойындары мен волейбол, футбол, үстел ойындарынан өзара сынға түсті. Әртүрлі этнос өкілдері 30 метрлік алма бәлішін пісіріп, халықтың бірлігі мен татулығын паш етті.
Шараның ресми бөлімінде Асхат Ермекұлы жиылған жұртты мерекемен құттықтады. «2022 жылдың 3 мамыр күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қапшағай қаласы Алматы облысының орталығы болып бекітіліп, атауы ресми түрде Қонаев болып өзгертілгені баршаңызға белгілі. Сол уақыттан бері қаламыздың келбеті жаңарып, инфрақұрылымы қарқынды дамуда», – деген әкім қаланың жетістіктерімен де бөлісті. «Қала халқының саны 3,7 пайызға өсіп, бүгінде 66 200 адамға жетті. Қаламыз облыс орталығы болған сәттен бастап 312 млрд теңге инвестиция тартылса, өнеркәсіпте 418 млрд теңгеге өнім өндірілді, ауыл шаруашылығында 135 млрд теңгеге өнім алынды. 177 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 235 пәтер кілті табысталды. Бұл үрдіс әлі де жалғасын табады. Кешенді жоспар аясында 187 іс-шараны іске асыру жоспарланған. Қонаев қаласының 2027 жылға дейінгі бекітілген әлеуметтік-экономикалық даму жоспарында қала инфрақұрылымын, туризмді дамыту басты нысанға алынған», – деген шаһар басшысы Қонаевтың дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтар мен ұжымдарды марапаттады. Олардың қатарында Қонаев қаласы төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Ержан Арыстанов, Алматы облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының көліктегі бақылау бөлімінің басшысы Әлинұр Бақытұлы, қалалық көпсалалы аурухана мейірбикесі Әсел Кеңесбай, Қонаев қаласының Құрметті азаматы Александр Чжен, жазушы Вагифа Гаджиев және өзге де азаматтар болды. Қала маңындағы демалыс орындарының, сондай-ақ қалалық көпсалалы аурухана, «Қапшағай пәтер қызметі» ЖШС, қалалық мәслихат депутаттары, «Ақдидар» бөбекжай-балабақшасы, «Қонаев тұрғын үй» ЖШС, Ш.Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-і мен қалалық Мәдениет үйі ұжымы марапатталды. Баспагер Вагиф Гаджиев қалалық кітапханаға Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолы туралы құнды кітапты тарту етті. Естеліктер мен деректер екі жарым жыл жинақталып, салмағы 8 келіге жеткен. Концерт барысында шаһар тарихынан сыр шертетін қойылым қойылып, әуе шары аспанда қалықтап, той-думанның шырайын кіргізді.
Қоғам қайраткері Асылы Осман: «Дінмұхамед Ахметұлы қазығын қалап, болашағына сенім артқан шаһар бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздегі маңызды, әлеуеті зор қалаға айналды. «Өткенді еске алу – өскендіктің белгісі. Өткенді ұмыту – өшкендіктің белгісі» дейді. Бүгінде шара тек ойын-күлкі емес, бұл – тарихты еске алып, оны қайта жаңғырту, мәніне үңілу», – дей келе жерлестерін мерейтоймен құттықтады.
Кешке қарай қала жұрты керемет гала-концерттің куәсі болды. Орталық алаңға 15 мыңнан астам халық жиналды. Онда қазақ эстрадасының жұлдыздары Мирас Жүгінісов, DJ NURBOOGIE мен Дана Кентай және «Bellucci», «Skillz» топтары ән шырқады. Қызықты жарыстар ұйымдастырылып, 50-ге жуық сыйлық таратылды. Олардың қатарында «Alatau visit» орталығының тақырыптық арнайы сый-сияпаттары, «ASP ARENA» ойын-сауық кешенінің, «Arystan gym» фитнес орталығының және «Del Mare» демалыс аймағының сертификаттары болды. Гала-концерт әсем отшашумен қорытындыланып, түнгі аспанды түрлі-түсті нұрмен көмкерді. Осылайша мерейтой жоғары деңгейде өтіп, тұрғындардың көңілін бір серпілтіп тастады.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
Қонаев қаласы