Қолөнерді отбасылық кәсіпке айналдырған Есен Мұхтарұлының мамандығы – заңгер. 25 жылға жуық қолөнердің бірнеше түрін қатар алып келе жатыр. Тері илеп, темірден түйін түйіп, жанқаға жан бітіреді, асыл тасты әдемі әшекейге айналдырады. Жұмыстарында ұлттық нақыш, қазақы болмыс пен көне тарихымыз жаңғырып тұр. «Нағыз ұста болу үшін әлі де үйренерім көп», – деген кейіпкерімізбен жақынырақ танысып көрдік.
«Қолөнер ұлттың тұрмыс-салтымен біте қайнасып жатқан егіз арнасы іспетті. Мен Монғолияда қарапайым шаңырақта дүниеге келдім. Әкем Мұхтар мектепте еңбек пәнінің, анам Күләй – қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Атам Текшіл мемлекеттік қызметте еңбек етті. Марқұм Зукар апам зертханада жұмыс істеді, өте ісмер кісі болатын. Төсеніш, сырмақ, текеметтен бастап, тұскиіз, көрпе-жастықтың бәрін кестелеп, оюлап, үйдің ішін жайнатып қоятын. Соның бәрін бала кезден көріп өстік.
Сол естеліктер студент кезімде тоқ жүруіме себепші болды. 1996 жылы Түркістан қаласында заңгерлікті оқып жүрген кезім. Жергілікті жігіттердің бірі менен: «Түлкінің терісін илей аласың ба?» – деп сұрады. «Илеймін», – дедім. Апамнан көргенім бойынша иін қандырып, илеп бердім. Содан бір күні базардан ескі, тозығы жеткен түлкі тымақ көріп қалып, сатып алдым», – деген Есен оны сөгіп, үлгі жасап алады. Сол үлгісімен түлкі тымақ тігіп, сата бастайды. Түлкіні түркістандық студенттерден алады. Солай студенттер арасында кәсіп ашып, түлкі сатқандар да, одан тымақ тіккен өзі де еңбекке төселе түседі. Бірте-бірте бөрік пен ішік тігуге де машықтанады.
«1998 жылы Алматыдағы әйгілі сауда үйі – Орталық әмбебап дүкеніне бардым. Сондағы сатушының біріне тіккен тымақтарымды көрсетіп едім, қолымдағының бәрін бірден сатып алды. Әрі ол: «Алдағы уақытта тымақтарыңды тек маған әкеліп тұр», – деп тапсырды. Сауда үйін аралап жүріп сатылымда тұрған шоқпарды көріп қалдым. Үй жақтағы өзеннен тауып алған нобайы шоқпарға келетін үлкен ағаш тамыры болатын. Соған түркістандық жігіттер берген қасқырдың тістерін қондырып, оюлап, басын жұмырлап, шоқпар жасадым. Оны да әлгі сауда үйіне апардым. Тағы тапсырыс алдым», – деген Есен енді батырдың бес қаруын түгендеп, сауыт-сайман, сондай-ақ ат әбзелдері, тері мен ағаш ыдыстарды да жасап, сатылымға шығарады. Жан-жақты жұмыстары жиналып, қоры көбейеді. Ендігіде тек бір сауда үйімен шектелмей, кәсібін кеңейтіп, басқа дүкендерден де тапсырыс ала бастайды. Жасаған дүниесін көрмелерге шығарып, ел-жерді аралайды. Қолөнердің тек бір бағытымен шектелмей, жұмыстарында теріні де, асыл тас пен металды да, жан-жануар, аң-құстың сүйегі, тісі мен тұмсығы, тұяғын да үйлестіре пайдаланып, түрлі технология мен әдіс-тәсілді меңгереді. Қолөнер шеберлерімен танысып, олардан да көрген-білгенін кәдесіне жаратады.
«Есенәлі Асқаров деген мықты зергер бар. Сол кісіден көп нәрсені сұрап-білдім. Берік Әлібайдың жұмыстары керемет. Сүйекпен жұмыс істейтін Бектас деген шебердің бұйымдары да қатты ұнайды. Ол кісілерден үйренеріміз көп», – деген Есен 2000 жылдардан бері білгенімен бөлісіп, 20-25 шәкіртке жол көрсеткенін айтады. Бүгінде шеберханасында бес жігіт жұмыс істеп, қолөнердің қыр-сырын меңгеріп жатыр. Бір қызығы, бес жігіттің бесеуі – бес түрлі ұлт өкілі.
«Мен таза шығармашылықпен айналысамын. Шеберханадағы ұйымдастырушылық жұмыс, тапсырыс берушілермен байланыс, қаржы мәселесі – мұның бәрін әйелім атқарады. Екі ұлым – Шыңғыс пен Темірлан да осы отбасылық кәсіпте», – дейді кейіпкеріміз.
Үлкен көрме ұйымдастырып, елдің жоғары бағасын алмай тұрып, өзін шебер деп атауға қарсы Есен Мұхтарұлы: «Сақ дәуірінің жауһарларын көру үшін биыл жазда Берел мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына арнайы бардым. Сақтардың қолөнер, бейнелеу өнері, зергерлік стиліне өте қатты қызығамын. Сонша ғасыр бұрын күрделі жұмыстарды ерекше дәлдікпен, шеберлікпен жасап, әр композицияға шынайылық, әдемі үйлесім берген техникалық әдістерін меңгергім келеді. Алдағы уақытта сақ стилінде жасалған жұмыстармен көрме ұйымдастырсам», – дейді.
Қолөнер – жан-жақтылықты талап ететін ерекше өнер. Онымен айналысу үшін он саусақтан өнер тамған шебер болу аздық етеді. Халықтың тұрмыс-тіршілігін, сан ғасырдан жалғасқан салт-дәстүрін, тереңде жатқан тарихын білу маңызды. Осыларға қиял еркіндігі мен қол шеберлігі қосылғанда нағыз үздік туынды дүниеге келері сөзсіз. Ұлттық рухымызды асқақтатар ұлттық нақыштағы, қазаққа тән бітім-болмысымызды айшықтап, талай ғасырдың сынынан өтіп, бүгінге жеткен асыл өнерімізді болашаққа көздің қарашығындай аманат ету – ортақ парыз.
Құралай МҰратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы