Қарадала төсінде тіл жанашырларының басын қосқан ауқымды шара өтті. Ұлт ұстазы, Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келетін тіл мерекесіне орай ұйымдастырылған «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық тіл фестивалі Ұйғыр ауданында қорытындыланды. Сонымен қатар дәл осы күні облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың құрылғанына да 20 жыл толды.
Орталық стадионда өткен тіл фестиваліне Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басшылығы, қоғам қайраткерлері, облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары, ақсақалдар алқасы, аналар кеңесі, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы облыстық филиалы мүшелері, жастар көшбасшылары, аудан, қала әкімдігінің өкілдері, тіл оқыту орталықтарының меңгерушілері қатысты.
Фестивальдің мақсаты – Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі шеңберінде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту және оның мәртебесін арттыру, сондай-ақ ұлт ұстазы, қазақ тілі білімі ғылымының негізін салушы ғалым, қайраткер Ахмет Байтұрсынұлының әдеби мұрасын дәріптеу, мемлекеттік тілдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға қолдау көрсету.
Тіл майталмандарының басын қосқан шара әрбір ауданнан қойылған көрмені тамашалаумен басталды. Абай Құнанбайұлының, Нұрғиса Тілендиевтің, Тұманбай Молдағалиевтің мерейтойларына арналған тақырыптар мен Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларына, еңбегіне, татулық пен бірлікке арналған тақырыптарды қамтыған көрмеде көптің көңілін аударған құнды дүниелер ұсынылды.
«Саяси тұрақтылықтың да негізгі кілті – тілде жатыр. Себебі, тіл – қай ұлттың болсын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, ең құнды байлығы, қатынас құралы екендігі сөзсіз. Бұл шараның міндеті де маңызды, мақсаты да айқын. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның қолданыс аясын кеңейту. Тілдік кемсітушіліктерге жол бермеу, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде халқымызды ұйыстыру жолындағы маңызды рөлін дәріптеу, мемлекеттік тілде сөйлеуді өзге этностармен бірлесе отыра сәнге айналдыру. Осындай бағытты бетке алған тіл фестивалі халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайта түседі деген сенімдемін», – деп жиынның шымылдығын ашқан Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту бағытындағы нәтижелі жұмыстардың арқасында халықтың тарихи жады қайта тіріліп, өшкені жанғандай болғанын, елімізде қазақ тіліне деген құрмет артқан сайын тұрақтылық пен бірлік те арта беретінін айтып, сөзін қорытындылады.
Мінбеге көтерілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Қайыржан Рахымжан аталмыш фестивальдің маңыздылығына тоқталып, еліміздегі бірліктің кепілі болған тіл мәртебесінің биік болуын тілеп, облыста мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің марапаттарын тапсырды.
Құттықтау сөзге шыққан облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев дүниеге бекзат болмысымен келіп, жазған дүниесімен мыңдаған жүрекке, қазақ баласының санасына шырақ жаққан, күллі ұрпаққа рухани көсем болған Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келген тіл мерекесімен құттықтап, облыстағы тіл саясатының дамуын тілге тиек етті. Сондай-ақ тіл жанашырларына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, «Тіл жанашыры» арнайы сыйлығын табыстады.
Қуат Сұлтанұлы тіл фестивалінің қорытындысы бойынша жеңіске жеткен аудандарды да марапаттады. 300 мың теңге мен ынталандыру сыйлығына Балқаш, Райымбек, Іле аудандары, үшінші орын мен 500 мың теңгеге Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандары мен Алатау қаласы ие болды. Ал екінші орын мен 700 мың теңгені Кеген, Жамбыл аудандары иеленді. Бірінші орынға Талғар ауданы тұрақтады. Оларға бір миллион теңге көлеміндегі қаражат табыс етілді. Ал бас жүлде мен бір жарым миллион теңгені Ұйғыр ауданы иеленді.
Мәдениет саласының қайраткері Тәңірберген Қасымақынұлы, ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, тіл жанашыры Дарья Шулима да мінбеге көтеріліп, жүрекжарды тілектерін ақтарды. Ал «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Гүлзира Сейітбекқызы бірқатар қоғам қайраткерлері мен тіл мамандарына «Тіл жанашыры» төсбелгісін табыстады. Шара соңы «Сүйінбай сазы» халықтық фольклорлы-этнографиялық ансамблінің және өнер жұлдыздарының концертіне ұласты.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бірауыз сөзге сыйдырған. Әр ұлт үшін тілден артық байлық, тілден артық қазына жоқ. Бұл шара осы қазынаның бағасын тағы да бір мәрте асырды. Тіліміз тұғырдан түспей, қасиетті қазақ жеріндегі ұлтаралық татулық пен рухани келісімнің ұйытқысы болып отырған мемлекеттік тіліміздің мәртебесі биіктеп, мерейі өсе берсін!
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы




