🌧️
9°C
Қонаев
Сенбі, Қараша 1, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Туристік өлке төрінде

    15.09.2025
    in Барлық жаңалықтар, Туризм және саяхат
    Туристік өлке төрінде
    0
    SHARES
    5
    VIEWS

           Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Кеген ауданына барды. Мұндағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне назар аударды. Алғашқы кезекте Кеген ауылында жаңадан салынған Кеген орман шаруашылығы ғимаратының ашылу салтанатына қатысты. Бұл орман қызметкерлері үшін үлкен қуаныш, себебі, бұл күнді олар көптен күтті.

    Кеген орман шаруашылығы мекемесінің тарихы тереңде жатыр. 1946 жылдан бері ұжым орманды қорғау, сақтау және көбейту жолында үздіксіз еңбек етіп келеді. Аталған мекеме иелігіндегі жалпы аумақ 89 940 гектар болса, оның таза орманды алабы 27 038 гектарды құрайды. Орманды алқаптар Жалағаш, Ұзынбұлақ, Темірлік, Қарқара, Екіаша орманшылықтарының бақылауында. Мекемеде 109 адам жұмыс істейді.
    Екі қабатты ғимаратты салу жұмысын мердігер «DOS STORY INVEST» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алды. Жұмыстың сметалық құны 414,4 млн теңгені құрады. Еңселі ғимараттың жалпы аумағы – 440,1 шаршы метр.
    Ғимараттың ашылуына қатысқан аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев ел Президенті 2 млрд ағаш отырғызу туралы тапсырма бергенін, облыста бұл іске айрықша мән беріліп отырғанын, бүгінгі шара соның бір парасы екенін атап өтті.
    – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында жергілікті атқарушы органдарға орман шаруашылығы бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын күшейтуді тапсырған болатын. Бұл – еліміздің экологиялық қауіпсіздігі мен жасыл қорды сақтау жолындағы стратегиялық міндеттерінің бірі. Бүгінгі шара тек ғимараттың салтанатты ашылуы ғана емес, өңірдің орман шаруашылығын жаңа деңгейге көтеретін, экологияны қорғауға бағытталған нақты қадам. Көлемі 400 шаршы метрден астам аумақты қамтитын заманауи нысан қызметкерлерге қолайлы жағдай жасап ғана қоймай, олардың кәсіби міндеттерін жоғары деңгейде орындауына мүмкіндік береді. Бұл ең алдымен сапалы еңбекке, табиғатты аялау ісіндегі жаңа жетістіктерге жол ашады. Осы іске атсалысқан құрылысшыларға, мердігер ұйымға және жауапты тұлғалардың барлығына алғысымды білдіремін. Сіздердің орманды қорғау жолындағы адал еңбектеріңіз елдің ертеңіне қосылған баға жетпес үлес. Қуаныштарыңыз құтты болсын! Жаңа ғимарат берекелі істеріңіздің бастауына айналсын! Еңбектеріңіз жемісті, бастамаларыңыз сәтті болсын! – дей келе ғимараттың символикалық кілтін мекеме директоры Айболат Солтанғазиевке тапсырды.
    Қарқара орманшылығының орманшысы Ренат Бақытбекұлы мекеме қызметкерлері атынан облыс әкімі Марат Елеусізұлына алғысын айтып, орманды ары қарай көбейтуге, көгалдандыруға атсалысатындарын жеткізді. Тоғызбұлақ ауылының тұрғыны, орман шаруашылығының ардагері Кенжебек Досайбеков «Жаңа ғимараттың қабырғасы мықты, табал­дырығы берік, орманшылардың еңбегі жемісті болсын!» деген ақ батасын берді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков те ақжолтай тілегін жолдады.
    Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, орман шаруашылығының ардагері Махамбет Ноғайбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков жаңа ғимараттың лентасын қиып, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Бұдан соң жиналған көпшілік жаңа ғимараттың ішін аралап көрді.
    Кеген орман шаруашылығы мекемесінің директоры Айболат Солтанғазиев орман қоры мен оны күтіп-баптау, көшет отырғызу, Шренк шыршасының тұқымын қолмен себу, өсіру технологиясы жөнінде баяндап берді.
    Расында қоршаған ортаға қам­қорлықпен қарап, жасыл желекті көбейту, тазалық мәдениетін қалыптастыру қашанда өзекті. «Бір тал ексең, еліңе орман салғаның» деген сөзді мәйек етіп, өңірді көркейтуге үлес қосып жүрген орманшыларға ашылған жаңа ғимарат қызметкерлер жұмысын бұрынғыдан да ширата түспек.
    Келесі кезекте облыс әкімі әлеу­меттік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында Кеген ауылында салынып жатқан 72 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын көрді. Аудан әкімінің орынбасары Медет Исаев пен мердігер «Компания Строй индустрия» ЖШС-нің басшысы Самат Ахман мұндағы жұмыс барысын таныстырды.
    Тұрғын үйдің іші-сыртын аралап, заманауи үлгіде салынып жатқанына көңілі толған аймақ басшысы оның сапасына да жіті назар аударды. «Хайтек» үлгісіндегі баспаналарды жеке кәсіпкер өз қаражатына салуда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 75 пайызы орындалған.
    Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев:
    – Бұған дейін аудан бойынша үй кезегінде 540 адам тұрған болатын. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 380-ге дейін төмендеді. Жаңа үйлер пайдалануға берілген соң, баспанаға зәру жандардың қатары біршама азаяды, – деді.
    Бұдан соң Марат Елеусізұлы Қарқара ауылындағы суару желілерін, Қарқара өзенін көріп, жағалаудағы жөндеу жұмысымен танысты. Қазіргі таңда өзен бойына су өткізу құрылғысы орнатылып, жағалау нығайтылуда.
    Мердігер – «Г.С.Г.Высотник» ЖШС, авторлық қадағалаушы – «АиГТР» ЖШС. Мердігер компания өкілі жөндеу жұмыстарының кешігіп басталғанын баяндап, жұмыс барысымен таныстырды. Облыс әкімі Марат Елеусізұлы уақытты оздырмай, дер кезінде аяқтауды тапсырып, жұмысты өз бақылауына алатынын жеткізді. Аудандағы каналдардың жалпы ұзындығы – 121,5 шақырым. Каналдарға қатысты суарылатын жер көлемі 9198 гектарды құрайды. Олар – «Құмтекей», «Ұзынбұлақ», «Жылысай», «Алғабас», «Ақсай», «Саты», «Иірсу», «Қарқара», «Мөңкебай» каналдары. Айта кетерлік бір жайт, ауданда егістік алқаптарын суаруға қажетті су көлемі тапшы. Мамандардың айтуынша, егістік науқанында ағын су жеткізу үшін «Құмтекей» каналы іске қосылса, ауыл тұрғындары үшін ғана емес, жалпы аудан үшін ауыл шаруашылығы және экологиялық маңызы бар су көзі болмақ.
    Әкім сапары барысында Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы «Кеген» өткізу бекеті де назардан тыс қалмады. Бұрын тек күндіз екі ел азаматтарына қызмет көрсететін қазақтың «Кеген», ал қырғыздың «Қарқара» шекара бекеттері енді тәулік бойы жұмысын жалғастыруда. «Кеген» шекаралық бақылау бөлімшесінің бастығы Д.Өмірзақов «Кеген» өткізу бекеті ғимаратының ескіргенін, интернет желісінің қолжетімсіз екенін тілге тиек етіп, аймақ басшысына өз ұсынысын жеткізді. Өз кезегінде облыс әкімі шекара шебіндегі қызметкерлердің тұрмыс жағдайы мен әлеуетін арттыруды басты назарда ұстайтынын айтып, шекаралық бақылау бөлімшесі атынан облыс әкімдігіне тиісті хат жолдауын тапсырды. Алда инфрақұрылымдық, техникалық жаңартулар қолға алынып, халықтың бекеттерден кедергісіз қатынауына барлық жағдай жасалмақ.
    Сапарының екінші күнін Марат Елеусізұлы Қарқара ауылындағы Мәдениет үйінде ауыл тұрғындарын қабылдаудан бастады. Облыстық басқарма басшылары да аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, мұң-мұқтаждарын тыңдады.
    Бұдан соң аймақ басшысы аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, жиынды облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев жүргізіп отырды.
    Алғашқы кезекте өңірдің 2025 жыл­дың 7 айындағы әлеуметтік-экономика­лық дамуының қорытындылары мен алдағы атқарылатын жұмыстары туралы Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев баяндама жасады.
    – Ауданымызда биылғы 7 айда әлеуметтік салада, инфрақұрылымды дамытуда, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті қолдауда бірқатар нәтижеге қол жеткізілді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету мақсатында инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында нақты шаралар қолға алынуда. Бұл жұмыстар өз кезегінде тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, кәсіпкерлікті өркендетуге және өңірдің тұрақты өсімін қамтамасыз етуге ықпал етпек. Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ауыл шаруашылығы салаларында маңызды жобалар іске асырылып, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы шаралар жалғасын табады. Инвестициялық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы ірі кәсіпорындарды тартуға, шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасалмақ, – деген өңір басшысы әр сала бойынша атқарылып жатқан істерге жеке-жеке тоқталып өтті. Аудан көлемінде атқарылған жұмыстар туралы толыққанды есеп берді.
    Келесі кезекте облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мінбеге көтеріліп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Ауданның негізгі күнкөріс көзі ауыл шаруашы­лығымен тікелей байланысты екенін еске салып, осы саланы барынша дамыту қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар тамылжыған табиғатымен танымал ауданда туризмді дамытуға баса көңіл бөлу керектігіне тоқталды.
    Көптен бері аудан тұрғындарының көкейінде жүрген газ мәселесі де жиында сөз болды. Бұл ретте облыс әкімі газдандыру бойынша құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтіп, қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Шекарадағы интернет байланысын қалпына келтіру, ауданда өндірістің тиімділігін көтеру мәселесі де сөз етілді. Сонымен қатар аймақ басшысы жауапты мамандарға Көлсайдағы жүз орынды автотұрақты тезірек аяқтау туралы тапсырма берді. Автокөлік жолы жайына да тоқталған Марат Елеусізұлы: «Қайыңдыға жол салуға мердігер тағайындалды, «Кеген-Нарынқол» тас жолы 0-74 шақырымының 0-37 шақырымы жасалуда. Яғни, қазір Кеген-Сарыжаз ауылдарының арасы жөнделуде, қалған Текес-Сарыжаз ауылдарының арасы 2026 жылға жоспарлануда», – деді.
    Облыс әкімі тұрғындар сұрақтарына да жауап берді. Шырғанақ ауылының тұрғыны, «Саниязов» шаруа қожа­лығының төрағасы Серік Саниязов «Ауданда мал тұқымын асылдандыру пунктін ашуға атсалыссаңыздар» деген ұсынысын жеткізді. Бұл өтінішті аймақ басшысы қолдап, алдағы уақыттың еншісінде шешімін табатынын айтты.
    Тұрғындар тарапынан ауызсу, жол және тағы басқа мәселелер көтерілді. Қойылған сұрақтарға тиісті мамандар жауап берді. Жиын соңында облыс басшысы қорытынды сөз сөйлеп, кездесу ауыл ақсақалының ақ батасымен түйінделді.
    Іссапар барысында Марат Елеусізұлы Жалағаш ауылындағы жөндеуден өткен «Екіаша» орманшылығының кеңсесі мен «Жалағаш» орман шаруашылығы тұқым бағының тыныс-тіршілігімен танысты.
    «Кеген орман шаруашылығы» мекемесінің директоры Айболат Әскербекұлының айтуынша, «Жалағаш» орманшылығында базалық 54,0 гектар және Тұйық ауылында орналасқан «Темірлік» орманшылығында уақытша 5,4 гектар тұқымбақ бар. Бұл тұқымбақта Шренк шыршасы, арша мен басқа да ағаштардың көшеттері өсіріліп, күтіп-баптау жұмысы жүргізіліп, төрт жылдан соң орманды алқаптардың көлемін көбейтуге жұмсалады. Мамандар әкімге екі, үш және төртжылдық Шренк шыршасының күтімі мен ерекшеліктерін көрсетті.
    – Алдымызға қойған міндет зор. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың мемлекет қорларында 2 млрд ағаш отырғызу туралы тапсырмасына сәйкес, Алматы облысында 2021-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. Алдағы уақытта 23 мың га жерге 52 млн ағаш өсірілетін болады. Бұл ағаштарды өсіру үшін, ең бірінші бізге көшет қажет. Сол көшеттер, осы «Жалағаш» тәлімбағында өсірілуде. Өздеріңіз көргендей, тұқымнан жинап, төртжылдық стандарттық көшетке жеткізіп, содан кейін таулы аймақтарда отырғызылатын болады, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қанат Нүсіпбаев.
    Бұл күні Жалағаш ауылында жаңа Мәдениет үйі ашылды. Облыс басшысы бастаған топ ауыл халқының қуанышын бөлісті.
    – Жалағаш ауылының бұрынғы Мәдениет үйінде халықпен кездесу өткізгенбіз. 1959 жылы салынған ғимарат өте ескі болатын. Небәрі төрт қызметкер ғана еңбек ететін. Екі жүз адамға дейін көрермен қабылдауға мүмкіндігі бар жаңа Мәдениет үйінде енді сегіз қызметкер еңбек етпек, соның төртеуі мәдениет саласының мамандары. Үйірмелер саны онға дейін көбейіп, ауыл өрендерін шығармашылыққа баулуға жол ашылады. Осылайша жаңа Мәдениет үйі халықтың рухани сұранысын өтеуге, жастарды өнермен мәдениетке баулуға, ауылдың қоғамдық өмірін жандандыруға мүмкіндік береді, – деген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа ғимараттың символикалық кілтін аудандық Мәдениет үйінің директоры Еркебұлан Нұрбайұлына табыс етті.
    Мәдениет үйінің ашылу салтана­тында облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев, ғалым-ұстаз, фило­логия ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы, Қазақстан Республикасының Құрметті құрылыс­шысы, Райымбек ауданының Құрметті азаматы Нұраш Жақашев, Райымбек, Кеген аудандарының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Әріп Сыбанбаев құттықтау сөз сөйлеп, ғимараттың лентасын қиды. Ауыл халқы мәре-сәре болып, әжелер қазақы салт-дәстүр бойынша шашу шашты. Заман талабына сай салынған, екі қабатты Мәдениет үйінде барлық жағдай жасалған. Ғимараттың ашылуына арнайы келген құрметті қонақтарға ризашылықтарын білдірген ауыл халқының қуанышында шек болмады.
    Кереге таулы Кегендегі екі күндік сапарында өңір тынысымен жете танысқан облыс әкімі Марат Елеусізұлы қабылдауына және есептік жиналысына келген азаматтардың арыз-шағымдары, талап-тілектері ескерусіз қалмай, орындалатынын жеткізді. Жиын барысында басқармалар басшылары мен аудан әкіміне, орынбасарларына арнайы тапсырма берген аймақ басшысы кейбір мәселелер аудан шеңберінде жауабын табуға тиіс екенін ескертті.

    Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

    Кеген ауданы

    Ұсынымдар

    Дамудың басым бағыттары белгіленді

    Азаматтық жауапкершілік көрінісі

    6 months ago
    Қауіпті анықтайтын көк код

    Қауіпті анықтайтын көк код

    9 months ago
    Ортопедиялық ауруларды емдеудің озық әдістері енгізілді

    Ортопедиялық ауруларды емдеудің озық әдістері енгізілді

    2 years ago
    Фотоөнерге қызығасың ба?

    Фотоөнерге қызығасың ба?

    5 months ago
    Премьер-министр: Алматы мен Атырау облыстарында негізгі макроэкономикалық өсім төмен

    Әлеуетті аймақтан қуатты елге

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>