Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті «БАКАД Инвестициялар және Операциялар» ЖШС-нің қызметіне қатысты тұтынушылардың өтініштерін қарады. Қарау нәтижесінде ЖШС-нің әрекеттерінде Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (ҮАААЖ) пайдаланушыларға жеңілдік абонементтерін ресімдеу кезінде адал емес бәсекелестік белгілері анықталды.
Атап айтқанда, жеке тұлғаларға жеңілдік абонементтерін ресімдеу кезінде серіктестік қосымша құжаттарды, оның ішінде көлік құралын тіркеу мекенжайы көрсетілген анықтаманы сұратқаны анықталды. Бұл талап қосымша кедергілер туғызды және жеңілдік абонементін ресімдеу құқығын жүзеге асыруға тосқауыл жасап, қызметтің қолжетімділігіне әсер етіп, бәсекелестікті шектеу белгілерін тудыруы мүмкін еді.
Анықталған бәсекелестік заңнамасын бұзу фактілері негізінде департамент тарапынан серіктестікке жеңілдік абонементін ресімдеу кезінде қарастырылмаған қосымша құжаттарды сұратуды тоқтату туралы хабарлама жолданды. Қазіргі уақытта серіктестік аталған хабарламаны толық көлемде орындады.