Адамзаттың сан ғасырлық тарихында оның көкірегіне ілім дарытып, көңілдегі кірді кетіріп, рухани нәр сыйлаған бірден-бір құрал – кітап. «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», – дейді жазушы Әбіш Кекілбаев. Өкінішке қарай, білім мен даналық ошағының қадірін жете түсінбей, кітапханашы маманына күле қарайтын кезеңдер де болды. Бірақ қазір бұл қасаң, таяз түсінік өзгеріп келеді. Кітапханашылардың жұмысы да тек кітап айналасында ғана емес, шығармашылықпен де байланыстырылып, оларға қойылатын талап та күшеюде.
Осы бір қастерлі саланың қадірін кетірмей, тұрғындардың алтыннан қымбат қазынадан қалыс қалмауына сеп болып жүргендердің бірі – Қонаев қалалық кітапханасы. Тарихы да тереңнен басталады. 1958 жылы Іле поселкесі типіндегі кітапхана болып құрылған. Сол кезеңде мұнда жұмысшылар көп шоғырланғандықтан кітап қоры да соған сай жинақталған. 1970 жылы Қапшағай қаласы бой көтергенде қала қарамағына өтіп, бүгінгі күнге дейін жұмысын жалғастырып келеді. Жақында кітапханада жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, заман талабына сай ерекше кейіпке енген. Сәуір айында салтанатты ашылу рәсімі болып, қызметкерлер мен оқырмандар жаңа әрі жайлы орынға қадам басты.
Кітапханаға кірген бойда жайлылық, тыныштық сезіледі. Әдемі көрінісі, жайлы атмосферасы бірден баурап алады. Оқырманның да жүзінен соны аңғардық. Мұнда 90000-ға жуық кітап қоры, оның ішінде 20 сирек кездесетін кітап бар. Ең көнесіне 115 жыл болған. Арасында оқырман сүйіп оқитын Абай Құнанбайұлының 1952 жылы шыққан таңдамалы шығармалар жинағы бар. Электронды нұсқаға да көшірілген. Жәдігер түріндегі кітаптарды сақтаудың өз ережесі бар. Мамандар ай сайын арнайы сұйықтықпен жұмыс істеп, жарамсыз болып қалмау үшін, ұрпақтан ұрпаққа жету үшін барын салуда.
Модернизацияға дейін 8 кітапханашы жұмыс істесе, қазір тағы 8 шығармашылық қызметкер жұмысқа қабылданған. Сондай-ақ күрделі жөндеуден кейін кіреберісте қабылдау бөлімі қосылған. Онда кітапхана жұмысымен, кітап қорымен танысуға болады. Киім ілетін орын да қарастырылып, электронды каталог құрылғысы орнатылған. Бірінші қабаттағы қалған бөліктің бәрі оқу залына арналған. Онда интернет, WI-FI іске қосылып, ноутбуктар қойылған, жиһаздар мен құрылғылар жаңартылған. Коворкинг орталығы да бар. Бұл оқырманмен тығыз байланыс орнатуға көмектеседі. Күніне 50-ге жуық адам келеді екен. 9000-нан астам оқырман тіркелген.
Кітапхананың салтанатты ашылуы кезінде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев 1000-нан астам кітапты сыйға тартқан. Ең қызығы, сол кітаптың бәрін кітапхана қызметкерлерінің өзі таңдауына мүмкіндік берген. «Көп жағдайда кітапхана қорын толықтырғанда мемлекеттік бағдарламамен шығарылған, бір адамның өз өмірі жайлы жазған немесе тағы сол сияқты оқырманға қызықсыз кітаптарды бере салады. Осы жолы өзімізге еркіндік бергенде қуанышымызда шек болмады. Қазіргі кезде классикалық әдебиеттің озық үлгілерін шығарып жүрген «Qasym баспа үйіне» барып, оқырмандар көп сұрайтын, мәнді-мағыналы кітаптарды алуға тырыстық», – дейді қызметкерлер.
Кітапхана басшысы Айгүл Ақтанованың айтуынша, бастапқы кезде мұнда орыс тілді кітаптар көп болған. Қала қарамағына өткеннен кейін әкімдікпен біріге отырып, қазақша кітаптар санын көбейткен. Қазір жартысына жуығы төл тілдегі оқулықтар. Көбіне оқырман көркем әдебиет пен тарихи кітаптарды сұрайтын көрінеді. Заман талабына сай психологиялық, жеке дамуға, қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған шығармалар да көп оқылады екен.
Қазір онда кітаптарға чип орнату жұмысы жүргізілуде. Осы арқылы кітаптарды тіркеу, іздеу жұмысы әлдеқайда жылдам әрі тиімді жүзеге асады. Чиптің көмегімен бірнеше кітапты бір уақытта сканерлеп, оқырманға тез қызмет көрсетуге мүмкіндік туады. Бұл жүйе кітаптың жоғалуына, ұрлануына жол бермейді. Кітап қорының есебін жүргізу, қандай шығармалар жиі оқылатынын анықтау сияқты жұмыстар автоматтандырылып, уақыт пен күш үнемделеді. Сондай-ақ оқырманға өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндігі ұсынылады. Яғни олар арнайы құрылғы арқылы кітапты өздері алып, өздері қайтара алады. Планскан құрылғысы да бар. Ол бір минутта бір кітаптың жартысын сканерлей алады. Яғни кітаптың электронды нұсқасын жасау да біршама жеңілдемек.
– Бүгінде кітапханашы тек кітап беріп, алып отыратын маман емес. Керісінше, олар қазір сегіз қырлы, бір сырлы дер едім. Газет-журналдарға мақалалар жазып, жариялап, тілшілік қырымызды танытамыз. Кітап әлеміне алғаш еніп, сенен көмек сұрағанда, оқырманға қай кітап қызық болатынын ойлап, ішкі жандүниесіне үңіліп, психолог рөліне де кіреміз. Шығармашылық шараларды өткізерде сценарист болып, оны бейнеүзіндіге түсіріп, мобилограф қызметін де атқарып кетеміз. Бүгінде кең тараған интернет жүйесіндегі электронды оқулықтардың бәрін кітапханашылар енгізеді. Сканерлеп, артық жерлерін қиып, беттеп, жүйеге келтіреміз. Кітапханашының қап ішінен ине іздегендей қиын жұмысының бірі – мерейлі күндерді іздеу. Интернеттегі ақпарат сенімсіз. Шатасып кетуге болмайды, ешқандай айтулы күн қалыс қалмау керек. Сол үшін Ұлттық кітапханадағы энциклопедияларға үңілеміз. Нақтыланған ақпарат негізінде күнтізбе жасап, жылдық жоспар әзірлейміз. Оны ай-айға, күн-күнге жіктеп, әрбір шығармашылық кезметкерге бөлеміз. Кітапханада осындай қызу жұмыс жүріп жатады. Ал оны көпшілік қауым біле бермейді, – дейді мекеме директоры.
Кітапхана қоры оқу залы, абонемент және балалар бөлімі болып үшке бөлінген. Оқу залындағы кітаптар үйге берілмейді. Оны «Алтын қор» деп атайды екен. Кей кітаптардың тек бір данасы болады. Немесе кейбірі өте қымбат болуы мүмкін. Сондықтан оқырман керек мәліметті сол жерден түртіп алып, қайтадан оқу залына қояды. Көп қор абонемент бөліміне қойылған. Ондағы кітаптарды бір айға үйіне алып кете алады. Белгіленген уақытта оқып бітпесе, мерзімі автоматты түрде ұзартылады. Кітапханада балалар бөліміне ерекше көңіл бөлінген. Себебі мұнда 15-тен 21 жас аралығындағы 7000-ға жуық оқырман тіркелген. Кітапты сөрелерге қоюдың да өзіндік шарттары бар. Олар библиографиялық көрсеткіш арқылы кодталады. Сол арқылы әр сала бөлек-бөлек жүйеленіп, орнына қойылады.
– Қаладағы балабақша, мектеп және колледждермен тығыз жұмыс жүргіземіз. Кітапханада түрлі танымдық жобалар жиі өтеді. Мұнда болатын әрбір шараның негізгі қатысушылары – жастар. Өйткені ересек, зиялы қауым ол ілімді біз айтпасақ та, біледі. Біз өскелең ұрпақ санасына ілім-білімнің дәнін егіп, бағыт-бағдар беру үшін жұмыс істейміз. Кітапхана – ағартушылық-ақпараттық қызмет көрсететін рухани орда. Оқу орындарының басшылары да мұның мәнін терең түсініп, кез келген шараға қолдау білдіреді. Біз Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Оқитын ұлтқа» айналуымыз керек. Қазір интернет пен гаджетті дұрыс пайдаланбасақ, қауіпті індетке айналып барады. Көпшілігі «Ешкім кітап оқымайды» деген жаңсақ пікірге беріліп кеткен. Мен бұған мүлде келіспеймін. Том-том кітапты іздеп жүріп оқитын оқырмандар бар. Одан бөлек кітап оқуға арналған клубтар бар. Ондағы жастардың бір-бірімен пікір алмасып, айтысып, ой бөлісіп жатқанын көргенде қуанасың. Кітапханамызда кішкентай бүлдіршіндерге арналған экскурсия жиі болады. Олардың жасына сай шығарманы алып, соның мазмұнын образға кіріп, кейде көрініс те қойып баяндап береміз. Кейін оны қай кітаптан оқуға болатынын айтып, шығарманы ұсынамыз. Сол оқулықтар қолдан-қолға тимей, балалардың кезекпен оқыған кездері болған.
Кітап оқудың пайдасы жайлы бізден қанша ғасыр бұрын талай ғұлама зерттеп, дәлелдеп кеткен. «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – дейді Ғабит Мүсірепов. Оқу кезінде адамның жүйке жүйесі, бұлшық еті жақсы жұмыс істей бастайды. Ой өрісі кеңейіп, сөйлеу машығы қалыптасады. Смартфонмен кітап оқығанда көзің қызарып, оқып жатқан жеріңнен адасып қаласың. Кітапты қолға алып оқығанға ештеңе жетпейді. Ең бірінші иісі мұрныңа келіп, барлық назарды кітапқа бұрады, оның киесін сезінесің. Күні бойғы бүкіл стресс шығады, организм демалады. Адамның кітап оқығанда ұйықтап кететіні содан. Көзбен есте сақтау деген бар. Кітаптан оқыған нәрсе есте ұзақ сақталады. Қазір балалардың көбі ұмытшақ. Ата-аналар оларға түрлі дәрумендерді беріп, алдын алуға тырысады. Ал бала үшін ең басты дәрумен ол – кітап. Ұйықтап жатқан мидың қабаттары іске қосылып, сыни ойлау, өмірге деген өзгеше көзқарас қалыптасады. «Телефонға телміргендерді кітап оқығандар басқарады» деп бекер айтылмаған, – дейді Айгүл Бегімбайқызы.
Кітапханада танымдық-шығармашылық бағыттағы өңірдегі ақын-жазушылардан құралған «Қаламгер», жастарға арналған «Масат» клубтары бар. Соңғы аталған ұйым алғашында шығармашылық қабілеті бар, өлең, проза жазатын балаларға арналып, өз таңбасы қалыптасқан ақын-жазушылармен кездестіріп, соларға бағыт-бағдар беру үшін құрылған. Бірақ кейін өзге балалар да қызығушылық танытып, қазір жалпы жастардан құралған ортаға айналыпты. Онда оқыған шығармаларын талдап, кітапханада болатын шараларда өлең оқып, көрініс қойып, белсенділік танытады.
Кітапхана жаны – білім шырақшысы болып қызмет ететін кітапханашы мамандар. Мұнда көп жылдық тәжірибесі бар және бұл салаға енді аяқ басқан жас мамандар біріге, ауызбіршілікте жұмыс істейді. Солардың бірі 33 жыл бойы кітапхана ісінде еңбегі сіңген – Қарлығаш Нұрқыдырқызы.
– Ең алғаш кітапханашы болып жұмысқа келгенімде жасым небәрі 19-да болатын. Бұл мамандықты жаным қалап, өзім таңдадым. Әрине, басында көп қиындықтар кездесті. Жалақысы да төмен болды. Мамандығымызды көпшілік жұрт құрметтемеді, көңіл бөлінбеді. Жақындарымның «Кітапханада неге жүрсің? Әлі жассың, бұдан жақсы жұмыс тауып беремін» деп үгіттеген кездері де болды. Ешкімнің сөзіне құлақ аспай, көңілім қалаған жерде жұмысымды жалғастыра бердім. Қазір соның жемісін көрудемін.
Бұрынғы мен қазіргі оқырманды салыстыруға келмейді. Заман күн сайын дамып, түрлі өзгерістер орын алып жатқан тұста оқырманның да талабы өсті. Техникалық жаңалықтар кітапханаға да көп жеңілдік алып келді. Бұрын оқырмандар ұзын-сонар кезекте тұратын, кітаптар да аз болатын. Жаңа технологиялық жабдықтар пайда болғалы бұл жұмыс біраз жеңілдеді. Кітапханаға әсіресе ғылыми жұмыспен шұғылданатын оқушылар, олардың жетекшілері келіп, күні-бойы осы жерде өз жұмысын жазады. Олар интернеттегі ақпарат кейде жалған мәлімет беретінін әрі кең көлемде ақпарат алуға жеткіліксіз екенін айтып, осында ағылады. Біз барынша керек ақпаратты тауып беруге тырысамыз. Кітапхана білім шаңырағы екенін осыдан-ақ аңғаруға болады, – деді ол.
Кітапханадағы жас маман Айдана Дәулетова да бұл саладағы өз жолын баяндап берді. Ол кітапхана ісі мамандығын Абай атындағы ҚазҰПУ-да оқыған. Алғашында «Мұны да мамандық ретінде оқи ма?» деген сауал көп ойландырғанын да жасырмады. Бірақ уақыт өте келе, кітапханашының қоғамдағы рөлі үлкен екеніне, жан дүниесі де осы саланы қалайтынына көзі жеткен.
– Университет қабырғасында білім алып жүргенде шет мемлекеттерде, әсіресе Еуропа елдерінде 7-8 саладан хабары бар маман ғана кітапханашы бола алатынын білдік. Ізденіс үстіндегі оқырманға керек ақпаратты тауып беру, әрбір оқырманның деңгейіне, қызығушылығына сай кітап ұсыну терең білімді талап етеді. Сенің дұрыс кеңесің қаншама жанның ғажайыпқа толы кітап әлеміне еніп, көкірегін құндылыққа толтыруына, ойлы адам болуына жол ашуы мүмкін. Немесе керісінше бұл маңға жоламайтын жағдайға да әкелуі мүмкін. Сондықтан да кітапханашы маманның жауапкершілігі жоғары. Оқырман толастамай келу үшін қазіргі заманға сай әлеуметтік желімен жұмыс істеу керек. Бүгінде барша әлем ғаламторға үңіліп отыр. Онда кітапхана жұмысымен таныстырып, қызық кітаптардың мазмұнын айтып, креативті, бүгінгі трендтерге сай видеолар, подкасттар түсіріп, ғаламтордағы қауымның назарын аударуға болады, – дейді жас маман.
Кітапханаға жан бітіретін – білім мен парасатқа ұмтылған оқырман. Рухани ордаға жиі келетін тұрақты оқырманның бірі – Ғазиз Нұрыллаұлы. Ол дарг, харг-фентези, фантастика бағытындағы, сондай-ақ тарих пен саясатқа қатысты шығармаларды көп оқитынын айтты. «Кітап таңдайтын кезде мамандардың кеңесіне жүгінемін. Олар сұраған кітапты бірден тауып береді. Алдымен аннотациясын, кіріспесін оқып көріп, қызық болса әрі қарай тереңіне үнілемін. Кітапханадағы қызмет көрсету сапасы, ондағы ішкі атмосфера мен үшін маңызды. Ал мұнда бардық жағдай жасалған. Сондықтан жиі келіп тұрамын», – деді ол.
«Артық білім – кітапта, Ерінбей оқып көруге», – деп толғайды ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы. Қоғамдағы көп қатердің себебі – білместіктен, надандықтан. Сол қара түнектен жарық әлемге бастайтын, ізгілікке үндейтін – кітап. Сондықтан талай уақыт өтіп, адам өзгерсін, заман басқа кейіпке енсін, бәрібір кітапқа деген қажеттілік, оның мәніне деген ұмтылыс ешқашан жойылмайды. Ал әлемнің түкпір-түкпіріндегі рухани орда ілім-білім жолындағы, ізденістегі жанның көмекшісі болып мәнді қызметін жалғастыра бермек.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
Қонаев қаласы