Адамзат үшін медицина саласындағы мамандықтың қай-қайсысы да аса қажет. Соның ішінде қақсаған тісіңе ем беріп, мүжілгенін жөндеп сән беретін тіс дәрігерінің денсаулығыңа қосар үлесі зор. Дертіне шипа іздеген адамға бұл саланың дәрігерлерін құтқарушыдай көретініміз айдан анық.
Бала кезінен таңдаған мамандығын жақсы көріп, болашақта тіс дәрігері болсам деген арманның асқақ қанатында өскен білікті дәрігердің бірі – Бағдат Шынтілеуов. Ол 15 жылдан аса уақыт осы саланың ыстық-суығына бірдей төзіп келеді. Білікті маман осы уақыт аралығында мемлекеттік емханалар мен жеке клиникаларда еңбек етіп, өз ісіне төселіп, толыса түсіпті. Қазір Қонаев қаласында өзінің шағын тіс емханасын ашып, жанына шипа іздегендерге қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді.
Бүгінде жер-жерде тіс емханасы көбейді. Дегенмен емдеу мекемелерінің саны артқанымен, баға арзандаған жоқ. Ал «KASO» тіс емханасы заманауи әдістермен емдеу жұмыстарын қолға алған.
– Менің мақсатым тек тіс емдеу ғана емес, адамдарға өзіне деген сенімділік пен денсаулықты қорғауға қажетті жауапкершілікті түсіндіргім келеді. Ең бастысы, кәсібім өзіме ұнайды. Мен бұл істен жан рақатын табамын. Тісін емдетуге келген клиенттерім де қызметіме дән риза. Мұнда негізінен тіс жұлу, емдеу және тіс салу қызметтері көрсетіледі. Бағасы да қолжетімді деп ойлаймын. Біз әрдайым клиенттің жағдайына қараймыз. Көрсетілетін қызметтің де бағасы соған қарай белгіленеді. Дәрігер болу екі адамның бірінің қолынан келе бермейді. Ол үшін адамға жылы жүрек пен жан мейірімділігі, кішіпейіл мінез, ең бастысы, қолдың ептілігі, білімнің жоғары болуы және сезімталдық қасиеттер ауадай қажет. Адамның бойында мұндай қасиеттер болмаса, дәрігер болу да мүмкін емес, – дейді Бағдат Шынтілеуов.
Тіс емдеу саласында мол тәжірибесі бар дәрігердің қызметіне жүгінетіндер көп. Олардың дені арнайы іздеп келіп, арзан әрі сапалы қызметті пайдаланады.
«Негізі халыққа сапалы қызмет көрсетсеңіз, олар бір-біріне айта жүреді. Бір-біріне кеңес беріп, қызметіңді насихаттай бастайды. Бізге келушілердің көбі бірінен-бірі естіп келеді. Әзірге емханада өзім ғана жұмыс істеймін. Келушілердің қатары көбейіп келе жатқандықтан емхананы кеңейту, мамандарды жұмысқа алу жоспарда бар. Тіс – адам көркі. Десек те, көп жандар тісіне уақытылы күтім жасамай, немқұрайлы қарайды. Күтім жасамағанның салдарынан тісті зақымдап, асқындырып алады. Ал мұндай тістерді емдеу ұзақ уақыт пен көп қаражатты талап етеді. Сол себепті тіс маманы ретінде осындай жағдайдың алдын алу үшін, үнемі тіске уақытылы күтім жасау қажет. Тісін емдеткісі келетін жандар біздің 2 ГИС қосымшасында көрсетілген 4-шағын аудандағы, 54-үйде орналасқан орталығымызға келіп қызметімізге жүгіне алады. Сонымен қоса «Kaso-stom» Instagram парақшамыз арқылы да онлайн кеңес ала алады, – дейді тәжірибелі тіс дәрігері.
Халыққа қалтқысыз қызмет көрсете бастаған тіс стоматологиясы – білікті маманның ұзақ жылдар бойғы тынымсыз ізденіске толы жұмысының нәтижесі. Ақ халатты абзал жанның мақсаты – бүгінгі заман көшінен қалмай, үнемі жаңашылдыққа ұмтылып, жұмыстың тиімділігін арттыру екені анық.
Ерзат Асыл
Қонаев қаласы




