Зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен реттеледі. Аталған кодекстің 196-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының ратификациялаған халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға зейнетақы төлемдері тағайындалады.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдері және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі республикалық бюджеттен төленеді. Ал бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері инвестициялық табыстан және жарналардан қалыптасады. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі үш деңгейден (ынтымақты, базалық және жинақтаушы зейнетақы) тұрады.
Ынтымақты зейнетақыны тағайындау 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған еңбек өтілі және 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзiлiстерге қарамастан, қатарынан кез келген үш жыл iшiндегi орташа айлық кіріс негiзге алына отырып жүзеге асырылады. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерi ерлерге 63 жасқа толғанда, ал әйелдерге Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында 2023 жылдан 2028 жылға дейін 61 жас болып уақытша бекітілді. Сонымен қатар 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жыл және одан аз болған не болмаған кезде ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 70 пайызы мөлшерінде, оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтілінің он жылдан асқан әрбір толық жылы үшін 2 пайызға ұлғайтыла отырып, бірақ «Республикалық бюджет» туралы Заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 110 пайызынан аспайтын мөлшерде есептеледі.
Ынтымақты зейнетақының азайған мөлшері міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылатын жинақтаушы зейнетақының ұлғаюы есебінен өтелуі тиіс (аудару мерзімі неғұрлым ұзағырақ және зейнетақы жарналарының сомасы көбірек болса, оның мөлшері соғұрлым жоғары болады). Осылайша, мемлекет жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу кезеңіндегі зейнеткерлерді қолдауды өз міндетіне алып отыр.
Олжас РАҚЫМБЕКОВ,
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің
№3 зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру
бөлімінің бас маманы