Алматы облыстық әмбебап кітапханасында ғибратты кеш өтті. Журналист, жазушы, зерттеуші Төлен Қаупынбайұлын қазақ қоғамы жақсы біледі. Тірі болса, 87 жаста болар еді. Баласы Дәурен Қаупынбаев пен қызы Елдана Қаупынбаева себеп болып, кітапхана директоры Ғалия Сламбайқызының ұйымдастыруымен қаламгерді еске алу шарасы өтті.
Кеште Төлен Қаупынбаевтың қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген «Райымбек батыр» кітабы мен Елдана Төленқызының «Қыз мұңы» туындысының тұсауы кесіліп, көпке таныстырылды. Елдананың қаламынан туған жаңа кітап әкесі Төлен мен анасы Ләйләнің рухына арналыпты. Сондықтан да кештің аты «Ұрпаққа ұласқан аманат» деп аталыпты. Шараға Ұлықбек Есдәулет, Нұрдәулет Ақыш, Биғайша Медеуова, Дүйсен Мағлұмов, Тоққожа Қожағұлов және өзге де көптеген қаламгер, ғалым, тіл мамандары қатысты. Сөз алған қонақтар Төлен аға туралы кеңінен тоқталып, Елдананың кітап жазғанына алғыстарын жаудырды.

Жазушының баласы Дәурен – «Tamos Education School» мектептер жүйесінің негізін қалаған кәсіпкер. Елдананың АҚШ-та тұрып жатқанына 28 жыл болды. Соншама жыл елден жырақта жүрсе де, Елдана өз ана тілін ұмытпаған. Тіпті үш тілде де жазып, оқып, тамаша сөйлей де алады. Бала-шағасы да қазақ тіліне жетік. Жазушының перзенттері ата-ана рухына арнап шығарма жазып, кеш өткізіп, көптің есіне салып, бастама көтеріп отыр.
Арада бес күн өткенде игі шарамыз тағы да жалғасын тапты. 15 қыркүйек күні белгілі қаламгер, Алматы облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың, М.Мақатаев атындағы және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының, екі дүркін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, артына 40-тан астам кітаптан тұратын мол мұра қалдырған Төлен Қаупынбайұлы 20 жыл бойы тұрған, Алматыдағы Бөгенбай батыр көшесі 237-үйге (Исаев көшесінің қиылысы) мемориалдық ескерткіш-тақта қойылды.
Рәсімге Алматы қалалық әкімдігінің өкілі, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халық жазушысы Бексұлтан Нұржеке, «ТҮРКСОЙ» Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Стахан Белғожаев, Бүкей Исабеков ақсақалдар сөз алып, Төлен Қаупынбайұлының өмірі мен шығармашылығына тоқталды. Басқосуға жазушының сыныптастары, курстастары, қызметтестері, зиялы қауым өкілдері мен қаламгерді білетін қала тұрғындары жиналды.
Қаншама қаламгерлер өмірден өтті? Солардың көбі атаусыз, іздеусіз қалып жатыр. Осындайда перзенттік борышын ұмытпайтын, аманатқа адал Дәурен мен Елдана секілді ұрпақтарға риза боласың!
Елдана алдында «Қыз мұңы» кітабына қолтаңбасын қойып, маған сыйлаған болатын. Бас алмастан бір-екі күнде оқып бітірдім. Бұрынғылар: «О, Алла, бала бер, бала берсең, сана бер. Сана бермесең, ала бер!» деп қатты айтқан екен. Тағы да: «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» демей ме?! Төлен аға мен Ләйлә тәтенің артында опалы, қайырлы ұл-қыздары қалған екен. Біз Елдананы көріп «Қасқа айғырдан ең кемінде төбел құлын туады» деген тұжырымға көз жеткізгендей болдық. Оған мынау тірліктері мен жазған кітабы куә!
«Қыз мұңын» оқыдым дедім ғой. Бұл бір есте қалатын, жүрекке әсер ететін тамаша еңбек болыпты. Кітапта Төлен аға мен Ләйлә тәтенің шынайы өмірі кестеленеді. «Жақсысын асырып, жаманын жасырмай» иланатын шындық пен әсерлі сәттер баяндалады. 1964-1970 жылдар көз алдымыздан өтті. Елданада өжеттік, әділдік, байқампаздық, жазушылық шеберлік қатар жатыр екен. Еңбегіндегі анасы Ләйлә Шаймерденова, әкесі Төлен Қаупынбайұлы, «ескі дос» Амангелді, анасының құрбылары Бәтес, Айман, тағдыр қиылыстырған сырлы кейіпкер Фатима Расулқызы, анасының соғыстан із-дерексіз кеткен әкесі Ғабдолмәлік Күзембаев туралы эпизодтар кейіпкеріміздің образын ашуға өз септігін тигізіп тұр.
Әкесі Төлен Қаупынбаевтың журналистік ортасы, ондағы аттары аталған Ахат Жақсыбаев, Төлен Әбдіков, Әнес Сараев, Бексұлтан Нұржеке, Тельман Жанұзақов, басшылары Сейдахмет Бердіқұлов, Шерхан Мұртаза секілді тұлғалар бізге таныс. Олардың Төлен ағамен байланысты тұстары да ашылған.
Шығарманы оқу барысында байқағаным, Елдана Төленқызының орта мектепті қазақ тілінде оқығаны – оның басты артықшылығы. Сондықтан да аманатқа адалдық, жазуға тәуекел, қиындыққа қарсы еңбектену бой көтергені анық. Жасынан қазақы мінезбен тәрбиеленгені көрініп тұр. Сөз тыңдап, құлағына құйып, жадына сақтап, ойына бекітіп бойжеткені анық.
«Қыз мұңының» басты артықшылығы шындыққа құрылғаны, ата-анасы бола тұра бұлтарыс-қалтарыстарға да қалам тартқан. Ол кейіпкерлерін періште етіп өсірмеген, пенделік мінез бен даналық сипаттары да қатар жатады. Оқырманын сендіреді. Осы арқылы ол бұл кітаптың отбасы альбомы емес, қоғамға арналған деректі көркем әдебиет екенін дәлелдейді.
Кітаптағы Ләйлә тәтенің әкесі Ғабдолмәлік Күзембаев пен сырлы кейіпкер Фатима Расулқызы өмірлері кәдімгі детектив жанрындағы шығарманы есіңе салады. Сол екі кейіпкердің образдары арқылы Кеңес одағының саяси сипаты да анық көрінеді. Ең соңында Төлен ағаның делегация құрамында Францияға баруы, Ғабдолмәліктің табылуы, кенеттен пайда болатын Фатима апаның көмегі мен ерлігі оқырманын сүйсіндіреді.
Анасы Ләйләнің сұлу да көркем келбетін, турашыл бірбеткейлігін суреттейді. Әсіресе, ешкім айта бермейтін Ләйлә тәтенің «ескі досы» Амангелді мен «жаңа досы» Төленнің салыстырмалы бейнесі қатар жарысады. Махаббат майданындағы адалдық, сертке беріктік, шын сүйіспеншілік, еркектік характер тұрғысынан Төлен ағаның аты озып шыққанына қуанасың!
Ал, біздің Елдана өз заманымыз бен көпке таныс қоғамды ашады. Ол таланты мен өзі таңдаған жазу тәсілі арқылы бас изетеді. Төлен аға әулетінен осындай өжет, еңбекқор, аманатқа адал қыздың шыққанына қуандым. Сонымен бірге жазған кітабының тартымды, тағдырлы, үйлесімді болып шыққанына сүйіндім.
Кітап қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көріпті. Менің қолымдағы қазақша нұсқасына еңбегі сіңген редакторы Қалдыгүл Жаныбаева мен жоба менеджері, талантты аудармашы Майра Айжарыққа ерекше алғыс айтамыз.
Дәулетбек Байтұрсынұлы,
ақын, республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы



