«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының мәжіліс залында партия жанындағы өңірлік даму жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиынды кеңес төрағасы Махаббат Бигелдиев жүргізді. Отырысқа облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аслан Көбентаев қатысты.
Күн тәртібінде 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы, ауызсу мәселесі қаралды. Бұл турасында облыстық энергетика және сумен қамту басқармасының бөлім басшысы Ержан Әділет баяндады.
Баяндамашының сөзіне жүгінсек, облыста алдағы жылыту маусымына 9,9 млрд теңге бағытталған. Оның ішінде жылумен қамту нысандарын жөндеуге бюджеттен 1,8 млрд теңге, отын сатып алуға 5,5 млрд теңге бөлінген. Мекемелер есебінен 2,6 млрд теңге қарастырылған. Алдағы жылыту маусымының үздіксіз өтуі үшін 30 қазандық жөнделіп, 18 орталықтандырылған, 81 блокты-модульді қазандыққа дайындық жұмысы жасалған, 2,7 шақырым жылу желісі жаңартылған. 81 блокты-модульдік қазандықтың 12-сі Талғар ауданында және 3-еуі Еңбекшіқазақ ауданында жаңадан салынған. Сонымен қатар 148 қосалқы станса және 1 626 шақырым электр желілері жаңартылуда. Бұл шараларды іске асыру электр желілерінің тозу деңгейін 72%-дан 66%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Халықтың көмірге деген қажеттілігі 696 мың тоннаны құрайды. Бүгінде 147 591 тонна немесе 2 139 вагон көмір жеткізілген және қоймаларда 65 700 тонна жинақталған. Облыс аумағында 35 тұйық және 20 қойма бар. Көмірдің орташа бағасы тоннасына 20 000–24 000 теңгені құрайды. Бюджеттік ұйымдар үшін 13,4 млн литр дизель отыны мен 4,6 мың тонна көмір дайындалуда.
Ал сумен қамту жайына тоқталар болсақ, облыста Алатау, Қонаев, Қаскелең, Есік және Талғар қалалары орталықтандырылған ауызсумен толық қамтамасыз етілген. Облыстағы 368 ауылдық елдімекеннің 344-і орталықтандырылған сумен қамтылған. Қалған 24 ауылдың ішінде 2 елдімекенде, демек, Бозой мен Күртіде құрылыс-монтаждау жұмысы жүргізілуде. Ал 3 елдімекенде, яғни Еңбекшіқазақ ауданының Ащысай, Сарыбұлақ және Қайрат ауылдарында тұрғындар орталықтандырылған сумен қамтудан бас тартқан. Өйткені, олар жеке ұңғымаларды пайдаланады. 19 ауылда блокты-модульдік қондырғылар орнату жоспарланған болатын, алайда талдау нәтижелері мен жергілікті атқарушы органдардың шешімдері негізінде тек 11 ауылда орнату қарастырылуда. Блокты-модульдік қондырғылар орнату бағдарламасынан тұрғын санының аздығына байланысты 8 ауылды алып тастау ұсынылуда.
Су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 5520 шақырым, тозу деңгейі 52,2 пайызды құрайды. 2886 шақырым су желілерін қайта жаңғырту қажет.
Орталықтандырылған су құбыры бар елдімекендерде ауызсудың сапасы санитарлық нормаларға сәйкес келеді. Бақылау шаралары санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен жүйелі түрде жүргізілуде.
Өткен жылы ауызсумен қамтамасыз ету бойынша 48 жобаны және су бұру бойынша 18 жобаны іске асыруға бюджеттен 27,7 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 20 нысан аяқталып, 356,6 шақырым ауызсу желісі қайта жаңғыртылып, салынған. Биыл ауызсумен қамтамасыз ету бойынша 43 жобаны және су бұру бойынша 20 жобаны іске асыруға бюджеттен 28,9 млрд теңге қарастырылған. Барлық жоба аяқталғаннан кейін 898 шақырым желі салынып, қайта жаңартылатын болады. Нәтижесінде сумен қамту желілерінің тозуы 47 пайызға дейін төмендейді. Биыл ауылдық елдімекендерді орталықтандырылған су жүйесімен толықтай қамтуға қол жеткізу жоспарлануда.
Келесі кезекте Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар аудандарының жылыту маусымына дайындығы және ауызсу қамту жайы пысықталды. Бұл ретте Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Ертай Нұрмаханов, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбекұлы, Талғар ауданы әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақбаевтың есебі тыңдалды.
Отырысты қорытындылаған «AMANAT» партиясы облыстық филиалының өңірлік даму жөніндегі кеңес төрағасы Махаббат Бигелдиев жылыту маусымының басталуына санаулы күндер қалғанын еске салып, қалалық, ауылдық елдімекендерді көмірмен, көгілдір отынмен, орталықтандырылған жылу жүйесімен және ауызсумен қамтуда ешқандай қиындықтар орын алмауы қажеттігін айтты. Осы орайда салаға жауапты мекемелермен, мамандармен етене жұмыс істеп, әсіресе көмірдің елдімекендерге кешікпей жетуін және оның бағасының да қолжетімді болуын назарда ұстау қажеттігін кеңес мүшелерінің назарына салды. Сонымен қатар жылыту маусымын өз деңгейінде өткізілу барысы күн тәртібінен түспейтінін, үнемі бақылауда болатынын жеткізді.
Алма ЕСЕНБАЙ