Қонаев қаласында Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының құрылуына 30 жыл толуына байланысты «Адам құқықтары мен Конституция: 30 жылдық тәжірибе» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова, полиция басқармасының өкілдері, судьялар, мемлекеттік органдардың қызметкерлері және қоғам өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында Конституциялық Соттың соңғы жылдардағы қызметі, қабылданған қаулылардың орындалу барысы мен олардың азаматтардың құқықтарын қорғаудағы рөлі талқыланды.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының талдаушысы Дәурен Шәріпбаев баяндама жасап, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазіргі уақытқа дейін Конституциялық Соттың қабылдаған 74 нормативтік қаулысының 41-і (56%) толық орындалғанын атап өтті.
Тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізіліп, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар нақты шешімдер қабылданған.
Мәселен, 2023 жылғы 6 наурыздағы №4 қаулы мемлекеттік қызметке қабылдауға тыйым салу мәселесін қамтып, азаматтардың еңбек ету құқығын қалпына келтірсе, 2023 жылғы 11 сәуірдегі №9 қаулы үйқамақ шарасы кезінде адамның негізгі құқықтарын қорғауға қатысты маңызды ұстанымды бекітті. Сондай-ақ алимент өндіріп алу, бейбіт жиналыстар өткізу сияқты әлеуметтік маңызы бар мәселелер де назардан тыс қалмаған.
Қазіргі таңда Конституциялық Соттың 33 нормативтік қаулысы (44%) іске асырылу кезеңінде. Ал 14 қаулыны орындау бойынша мемлекеттік органдар нақты шаралар қабылдап жатыр.
Сонымен қатар дөңгелек үстелде ҚР Конституциялық Сотының судьясы Роман Подопригора сөз сөйлеп, Соттың 30 жылдық тәжірибесі мен конституциялық заңдылықты нығайту бағытындағы жетістіктерді баяндады.
Кездесуді қорытындылаған қала әкімінің орынбасары:
«Мұндай кездесулер туындайтын мәселелерді жүйелі түрде талқылауға, ортақ шешімдер қабылдауға және барлық мүдделі тараптар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясын нығайтуға және құқықтық мемлекетті дамытуға айтарлықтай үлес қосады», – деді.
Дөңгелек үстел Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының 30 жылдық қызметінің қорытындысын шығарып, құқықтық мемлекетті одан әрі дамыту жолындағы маңызды диалог алаңы болды.