Ауыл шаруашылығы санағын өткізу еліміздің аграрлық секторындағы нақты жағдайды бағалаудың және тиімді мемлекеттік саясатты қалыптастырудың негізгі құралы саналады. Бұл жұмыс ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын, ауыл шаруашылығының әлеуетін және қолдау шараларының тиімділігін анықтауға мол мүмкіндік береді. Талғар ауданының әкімдігінде осы мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ұлттық статистика бюросы, ауданның ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен кеңес өтті.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы ашып, жүргізді. Ол санақ жұмыстарын сапалы және уақытылы жүргізу баршаға, соның ішінде ауыл шаруашылығы қызметкерлері үшін маңызды міндет екенін атап өтті.
– Осыған байланысты жергілікті билік органдарының рөлі ерекше. Өйткені олар ауыл шаруашылығы құрылымдарының жай-күйін жақсы біледі және әрқашан фермерлермен, ауыл тұрғындарымен тікелей байланыста болады. Әкімдіктердің белсенді қатысуымен және үйлестіруімен халық санағының толық және сенімді деректері жинақталады, бұл еліміздің аграрлық саясатын одан әрі жетілдіруге берік негіз болады, – деді Бақытнұр Бақытұлы.
Кеңес бағдарламасына сәйкес, әрі қарай Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шауенова сөз алып, ауыл шаруашылығы санағы – еліміздің аграрлық секторының объективті және өзекті мәселелерін айқындауға бағытталған мемлекеттік ауқымдағы маңызды іс-шара екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл шара ҚР Президентінің тапсырмасы және Үкімет қаулысына сәйкес, сондай-ақ БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы мекемесінің 10-шы Дүниежүзілік ауыл шаруашылығы санағы бағдарламасы шеңберінде өткізіліп жатыр.
Әсел Сауқымбекқызының айтуынша, Ұлттық статистика бюросы белсенді дайындық жұмысын жүргізді. 1-31 тамыз аралығында Sanag.gov.kz сайты арқылы ЭЦҚ, SMS-код немесе QR-кодты пайдалана отырып, санақтың онлайн кезеңі өткізілді. Ауқымды ақпараттық-түсіндіру науқаны, бейінді қауымдастықтармен кездесулер ұйымдастырылып, еліміз бойынша 4 мыңнан астам баннер орналастырылды, SMS таратылды және теледидарда бейнеүзінділер көрсетілді, брифингтер өткізілді, әкімдіктер және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен 2700-ге жуық өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы құрылды. 1446 байланыс орталығы, SANAQ МYRZA виртуалды көмекшісі жұмыс істейді. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiмен бiрлесiп, жұмыссыз азаматтарды санақ жүргiзу кезеңiнде интервьюерлерді жұмысқа тарту жөнiнде шаралар әзiрлендi, пошташылардың санаққа қатысуы үшiн «Қазпошта» АҚ-мен меморандумға қол қойылды. Қаржы министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бюро ұсынған тізімдер негізінде шаруашылық жүргізуші субъектілердің іс жүзінде қызметін қалай жүзеге асырып жатқанын айқындау бойынша жұмыс жүргізді.
Осындай белсенді жұмыстың арқасында ел бойынша санақпен қамтудың оң динамикасы алынды. Биылғы жылдың 21 қыркүйегіне дейін 272 мың ауыл шаруашылығы құрылымының 264 мыңы есеп берді, бұл жоспарлы көрсеткіштің 90 пайызын құрайды, ал 350 мың жеке шаруа қожалығының 329 мыңы есеп берді. Осылайша, жеке шаруа қожалықтарын санаққа онлайн тарту жоспары асыра орындалды. 20 қыркүйекте елімізде ауыл шаруашылығын тіркеудің екінші кезеңі басталды.
Әсел Шауенова Алматы облысының жұмысын ерекше атап өтті. Аймақ ұйымдасқан шаруашылықтар арасында 90,6 пайыз және жеке шаруашылық арасында 7,9 пайыз онлайн-форматта қамту деңгейін көрсетті.
– Елімізде ауыл шаруашылығы санағының оффлайн-фазасы жалғасуда. Қазіргі уақытта интервьюерлер 1,2 млн-ға жуық үй шаруашылығына сауалнама жүргізді. ҚР Ұлттық статистика бюросы бұл жұмысқа 3 мыңнан астам интервьюерді тартты. Мен Алматы облысына сапар барысында интервьюерлердің жұмысымен танысып, өңірдегі ауыл өмірін өз көзіммен көрдім. Бүгінгі таңда Алматы облысында 424 интервьюер 160 мыңнан астам үй шаруашылығына барды. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 82 пайызын құрайды.
Халықпен жұмыс өте күрделі. Интервьюерлер күн сайын үйлеріне барып, еліміздің әрбір елдімекенінде тұрғындармен әңгімелеседі, ауыл шаруашылығы санағының мақсаттары мен мүмкіндіктерін түсіндіреді, аграрлық секторды тиімді жоспарлау үшін нақты және сапалы деректер жинайды. Біз интервьюерлерді мұқият дайындап, оларды барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз еттік, – деді бюро басшысының орынбасары. Ол сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар тарапынан санаққа қолдау көрсету табысты жүріп жатқанын атап өтті.
– Олар халықпен алдын ала электрондық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді және интервьюерлерге барынша сапалы сауалнама жүргізуге көмектеседі. Еске сала кетейін, санақтың күндізгі кезеңі 20 қазанға дейін жалғасады. Интервьюерлер әрбір үйге барып, мал басы, ауыл шаруашылығы алқаптары, егіндік және аграрлық секторға барлық мәліметтер жиналатын болады. Сұрақтар бойынша 1446 нөмірі арқылы бюроның колл-орталығына хабарласуға болады, – деді Әсел Сауқымбекқызы.
Келесі спикер, Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық статистика бюросы департаментінің басшысы Бағлан Қарғұлов санақ өткізу – бұл тек статистикалық міндет қана емес, сонымен қатар елдің ауыл шаруашылығын орнықты дамытуға қосқан жалпы үлес екенін атап өтті. Оның пікірінше, облыс бойынша санақтың екінші кезеңі сәтті өтті.
– 30 777 ауыл шаруашылығы құрылымы мен 27 891 шаруа қожалығында сауалнама жүргізілді, бұл жұмыстың 90,6 пайызы орындалды. Енді үшінші кезең басталды. Бүгінгі күні онлайн тіркеуден өтпеген 198 911 жеке шаруа қожалығы санаққа тартылып жатыр. Бұл жұмыстың 82 пайызы ғана орындалды, енді қалған 18 пайызын тез арада орындау керек. Бұл үшін жұмыссыздар қатарынан 111 нұсқаушы-бақылаушы тартылды, 1 нұсқаушы кемінде 4 интервьюердің жұмысын бақылауы тиіс, – деді ол.
Баяндамашы бюро, жергілікті атқарушы органдар және барлық ауыл шаруашылығы санағына қатысушылардың үйлесімді жұмысының арқасында бұл маңызды жұмыс жоғары деңгейде жүргізілетініне және Алматы облысы еліміздің алдыңғы қатарлы өңірлерінің бірі ретінде қала беретініне сенім білдірді.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы
