Ұлттық мерекені ұлықтау Қонаев қаласының орталық алаңындағы 55 метрлік тутұғырда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілуімен басталды. Ту көтерілген сәтте Қазақстанның халық әртісі Талғат Күзембаев еліміздің Мемлекеттік Гимнін орындады.
Облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік шара одан әрі қалалық Мәдениет үйіндегі салтанатты жиынға жалғасты. Зал толы қауымды Республика күні мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бүгін қабылданғанына 35 жыл толып отырған Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның елдігіміздің берік негізін қалаған, Тәуелсіздігімізге жол ашқан тарихи құжат екенін атап өтті.
– Кеңес Одағы ыдырамай тұрғанда Декларацияны қабылдау нағыз ерлік еді. Мұндай игі істің басы-қасында отаншыл қоғам және мемлекет қайраткерлері болды. Олардың қатарында еңбек еткен жерлестеріміз Ызғарбек Бектұрсынұлы, Серік Кәтенұлы, Әлихан Әбдіханұлы мен Нұрлан Ильясұлы ортамызда көпшілікке өнеге болып жүр. Аталған кезеңде Алматы облысы ауқымды өзгерістер жолынан өтіп, өнеркәсіптік базасы қуатты, инфрақұрылымы дамыған, инвестициялық тартымды, халқының әлеуеті артқан аймаққа айналды. Тұрғындар саны 1,6 есеге көбейіп, қазіргі уақытта 1,6 млн. адамды құрауда. Жалпы өңірлік өнім көлемі 35 миллион теңгеден 6 триллион теңгеге жетті. Осы жылдары 200-ге жуық мектеп, мыңнан астам балабақша, 110-нан астам медицина нысандары және 18 миллион шаршы метр тұрғын үй бой көтерді. Облыстың басты бағыттарының барлығында дерлік жаңа жолдар салынып, көліктік инфрақұрылым түбегейлі өзгерді, – деген аймақ басшысы мұның барлығы тұрғындардың өмір сапасының артуының нақты дәлелі екенін, болашақта экономикалық өсім жалғасын таба беретінін тілге тиек етті.
Сахна төрінде Марат Елеусізұлы Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 21 қазандағы № 1053 Жарлығы бойынша мемлекеттік, қоғамдық қызметтегі cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар жерлесімізге «Барыс», «Құрмет», «Еңбек даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарын және «Мемлекеттік қызмет ардагері», «Аймаққа еңбегі үшін» төсбелгілерін табыстады. Сонымен қатар ел бірлігін нығайтуға, татулық пен келісімді сақтауға және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлес қосқан азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Сол секілді облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлес «Аймаққа еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталады. Сондай-ақ талантты және дарынды жастарын қолдау мақсатында ұйымдастырылған биылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауының «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар» «Бизнес» және «Медиа» бағыттары бойынша үздік деп танылған жобалардың жеңімпаздарына 1 миллион теңгенің қайтарымсыз грант сертификаттары табыс етілді.




