Облыстық қоғамдық кеңеске Жамбыл аудандық мәслихатынан депутаттық сауал және ауыл тұрғындарынан шағым түскен еді. Осыған байланысты Қонаев қаласынан жұмыс тобы мән-жайды анықтауға келді. Туындаған даулы мәселелерді заң аясында шешу үшін арнайы құрылған комиссия тобы шу шыққан ауылдарда тұрғындармен кездесіп, істің ақ-қарасын айыруға тырысты.
Депутаттық сауалда бірнеше мәселе көтерілген. Жағдайға көз жеткізу үшін облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қазыбек Дәуітәлиев бастаған комиссия алдымен аудан орталығынан шалғайдағы Қазыбек бек бекетіне барды. Себебі мұндағы тұрғындар елдімекенде топырлатып ит жиған кәсіпкерге наразы. Облыс орталығынан келгендер ит ұсталған орынды көріп, тұрғындар шағымына құлақ түрді. Олардың айтуынша, «Домик в деревне» атты жеке қордың ит асыраушылары жергілікті халықтың пікірімен санаспайды. Күндіз-түні тоқтаусыз үрген иттің дауысы әбден мезі еткен. Иттің шуымен қоса жағымсыз иіс те мазаларын қашырып, есік-терезені ашудан қалыпты. Қазір онда 70-ке жуық ит бар көрінеді.
Қазыбек бек бекетінің тұрғыны Гүлбаршын Қарасаева жанайқайын былайша білдірді: «Екі жыл болды, иттің шуы мен айналаға тараған сасық иістен әбден мезі болдық. Үйімізге жақын жерде ит бағып жатқанына қарсымыз. Қалай шулап жатқанын өздеріңіз де көріп тұрсыздар. Мынандай иістің жанында тыныш өмір сүру мүмкін емес. Бұлар барған сайын көбейіп, жаңадан иттер әкеліп жатыр. Ауылдан алыс жерге көшірілсін».
Шынымен де күні-түні улап-шулаған иттің дауысы мен қолқаны қабатын жағымсыз иісі тұрғындардың шыдамын шегіне жеткізген сияқты. Мамандардың айтуы бойынша, заң талабына сай мұндай шаруашылық елдімекеннен белгілі бір қашықтықта, яғни алыста орналасуы керек. Ал мұндағы иттер елдімекен ішінде бүкіл ауылды басына көтеріп тұр. Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері тұрғындар мен ит қожайынымен бірлесе отырып, оларды ортақ келісімге келтіруге әрекеттенгенімен, ит асыраушысы кездесуге келмеді. Дегенмен тұрғындар тілегін қанағаттандыру үшін жергілікті әкімдікпен келісіп, ауылдан кемінде 3-4 шақырымдай алыс арнайы жер бөлгізіп, оларды көшіруге көндіреміз деп шешті. Қазір соған лайықты жер телімі қарастырылып жатыр. Қоғамдық кеңес соған көшіруді ұсынбақ. Ит асырап жатқан жердегі жағдайды көзбен көрген комиссия мүшелері онда басқа да санитарлық талаптардың бұзылғанын анықтады. Ол бойынша да ұсыныс әзірленіп, прокуратураға, полицияға жолданбақ.
Жұмыс тобы одан кейін Мыңбаев ауылына барды. Бұл елдімекеннің іргесіндегі ит асыраушылар да халықтың наразылығын тудырып отыр. Тұрғындар 15 жылдан бері иттен жапа шектік деп қапалы. Ауыл іргесіндегі жайылымдық бағыттағы 5 гектар жер теліміне «Белли бим» деп аталатын қожалық 150-ге жуық ит асырап отыр. Ондағы азулылар кешқұрым тіпті ауыл балаларына да шабуыл жасапты. Мұны ауыл тұрғыны Шаймұрат Ахметұлы былайша жеткізді: «Түнде сағат 10-11-лерде иттерді шығарып жібереді. Кейде күндіз де бос жүреді. Менің үйім одан 100 метрдей ғана жерде. Осы қоршаудан шыққан ит менің үйіме барады. Немерелерімді де ит қуған, әйтеуір қауып алудан Құдай сақтады. Бос иттер кешке мына жерден адам жүргізбейді, малды да қуады. 40-50 итті бір-ақ шығарып жібереді, олар көше кезіп кетеді. Жан-жаққа одан да көп ит шығады. Осы ит мәселесі бізде өте қиын болып тұр».
Мыңбаевтағы ит асыраушыларға да қоғамдық кеңес өкілдері аудандық әкімдікпен бірлесіп, ауылдан шалғай жерден арнайы орын босатып беруге ықпал ететін болды. Өйткені басқасын айтпағанда жайылымдық бағыттағы жер теліміне бұлайша ит бағу заң нормасына сай келмейді. Мұны Мыңбаев ауылдық округінің әкімі Темірлан Төлебеков те растап, тұрғындардың тынышын алған төрт аяқтыларды елдімекеннен тезірек алыстатуға тырысып жатқанын білдірді. Ол ит ұстаған орынның аумағы дұрыстап қоршалмағанын, онда ешқандай санитарлық талап сақталмағанын айтты. Жер телімінің жанында бұлақ бар, ол айналып барып Ұзынқарғалы өзеніне қосылады.
Мыңбаевтықтарға бұл күнде ит мәселесі мұң болғандай. Асыл тұқымды қой шығаратын ғылыми-зерттеу институтымен әйгілі ауыл енді ит шығарумен аты шықпаса игі еді. Бұдан соң қоғамдық кеңес мүшелері бастаған, құрамында кәсіпкерлік басқармасының жауапты мамандары бар арнайы топ аудан орталығындағы «Ұзынағаш южная» атты кірпіш зауытының жанына аялдады. Мұнда зауыт қожайындарымен бірге осы маңда тұратын бір топ тұрғын жиналыпты. Құзырлы органдардың қаулысымен 2022 жылдың ақпан айынан бастап бұл кірпіш зауытының топырақ өндіру құқығы шектелген. Бірақ 2005 жылдан бері кірпіш шығарып келе жатқан кәсіпкер өз жұмысын әлі де тоқтатпаған көрінеді. Өзін зауыт жұмысын жүргізіп отырған «Байженұлы» жеке кәсіпкерлігінің иесімін деп таныстырған Айдос Құнанбайұлы «Барлық құжатым түгел, заңды жұмыс жасап отырмын» дегенді алға тартты. «20 жылымды осы кәсіпке арнадым, егер менің жұмысымды мүлдем тоқтататын болса, осынша жылғы шығынымды өтеп берсін», – дейді ол.
Депутаттық сауалда сонымен қатар өндіріс орнының елдімекенге тым жақын орналасқаны, қазіргі талап бойынша арақашықтық 500 метрден кем болмау қажеттігі айтылған болатын. Бұған кәсіпкер: «Мен рұқсат алып, жұмысымды бастағанда мына үйлер болған жоқ. Онда неге зауыт жанынан тұрғын үй салуға жер берілген?» – деген уәж айтты.
Қоғамдық кеңес бұл мәселені құзырлы мекемелер мен өндіріс орны қожайындарының басын Қонаев қаласында қосып, ортақ шешімге келуге ықпал ететін болып уағдаласты. Өйткені кәсіпкер ісін бастаған 2005 жылдан бері жер пайдалану заңнамасына өзгерістер енгізілген. Соған сәйкес кәсіпкермен бұрын жасалған келісімшарттың күші жойылған. Жердің қазіргі нысаналы мақсаты одан топырақ қазып алуға қайшы келеді. Жұмысын тоқтатпаудың бір жолы – жаңадан лицензия алу. Оған облыстық кәсіпкерлік басқармасы тарапынан кеңесшілік көмек көрсетілетін болды.
«Барлық кәсіпкерлік қызмет заң аясында жүруге тиіс. Біз осыған себепкер болып, лицензия алуға қажетті барлық қадамның жасалуына қолдау көрсетеміз», – дейді облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Қазыбек Дәуітәлиев.
Сол арада топтала қалған тұрғындар болса, орайлы сәтті пайдаланып, облыс орталығынан келгендерге жол мәселесін алға тартты. Елдімекен шетіндегі жол тым сапасыз болғандықтан көп қиындық туындап жатқанына шағымданды. Бұл мәселе бойынша Ұзынағаш ауылдық округі әкімдігіндегілер алда жол құрылысының жобалық құжаттамасын әзірлеп, келесі жылы тұрғындар тілегін орындауға күш салынатынын айтты.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы