⛅
9°C
Қонаев
Сенбі, Қараша 1, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Азаттық үшін айқасқан

    30.10.2025
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    Азаттық үшін айқасқан
    0
    SHARES
    2
    VIEWS

    Медетбек батырдың туғанына 200 жыл толуына арналған «Ұлт-азаттық күрес және Медетбек батыр» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бас ғимаратында ұйымдастырылған шараға ғалымдар, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері және студенттер қатысты.

    Жиынды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жамбыл атындағы филологиялық зерттеулер ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Алмасбек Мәуленов ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөзді алған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми істер жөніндегі проректоры, философия докторы Ертай Сұлтан осы оқу орнының басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілептің конференция қатысушыларына арнаған құттықтауын оқып берді. Ал облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің ізгі тілегін «Amanat» партиясы облыстық филиа­лының төрағасы Ерлан Жақыпов жеткізді. Мемлекет және қоғам қайраткері, Халық қаһарманы, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев өз сөзінде ел жадында мәңгілік сақталып қалған есіл ердің батырлығына айрықша баға берді.
    Конференцияда белгілі ғалымдар батырдың ерлік істері мен қайраткерлігі жайында кең көлемде баяндама жасап, ұрпаққа қалдырған өнегесін сан қырынан ашып көрсетті. Бұл орайда ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚазҰПУ тарих және құқық факультетінің деканы Ғабит Кенжебаев «Ұлттық тұлға тұғырындағы Медетбек батыр», академик Қансейіт Әбдезұлы «Қазақтың азаттық жолын­дағы күресі және Медетбек батыр» тақырыбында баяндады. Ал жазушы Қорғанбек Аманжол «Бахадүр әулет. Батыр бабалар ғибраты», ҚР ҰҚК Алматы облысы бойынша шекара қызметі басқармасының бастығы Әлібек Қаюпов «Ел қорғаған ер: Медетбек батырдың тарихи тұлғасы» тақырыптарын тарқатты. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің деканы Досбол Байғұнақов «Ер майданда шынығады», аталған оқу орнының тарих және қоғамдық ғылымдар институтының профессоры Талдыбек Нұрпейіс «Ерлікпен өткен бір ғасыр», ҚР ҰҚК Шекара академиясының профессоры, әскери ғылымдар докторы Досай Абырайым «Өткен заман­ның белгісіз беттері», ҚазҰУ Жамбыл атындағы филологиялық зерттеулер ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері Қайрат Жаңабай «Сүйінбай Аронұлы поэзиясындағы ұлт-азаттық идеялар», «Медетбек батырдың парасаттылығы туралы» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Доқтырхан Тұрлыбек, «Ел қорғаған қазақ батырларының соңғы ізбасарларының бірегейі» тақырыбында өлкетанушы, шежіреші, тарихшы Асқар Селеубаев өз зерттеулерін ортаға салды.
    Медетбек батырдың өмірі мен қызметіне қатысты нақты тарихи деректер аз болғанымен, батырлығы мен ел қорғаудағы ерлік істері халық жадында жақсы сақталған. Есімі ел ішінде құрметпен аталып, өскелең ұрпаққа үлгі болып келеді. Баяндамашылар ол өмір сүрген кезеңдегі тарихи жағдайларды сараптай отырып, батырдың алар орнын айшықтай түсті. Ерлігі ел аузында жүрген Сұраншы, Саурық, Өтеген, Медетбек сияқты ерлер – Қоқан хандығының езгісіне қарсы күресте аты шыққан батырлар.
    Қоқан хандығы 1808-1810 жылдары қазақтың Түркістан, Шымкент аймақ­тарын, 1820 жылдары Арал теңізінен Шу, Іле өзендеріне дейінгі аралықты басып алғаны белгілі. Олар қазақтарға алым-салықты үдетті. Мысалы, жылына үй басына 6 қой, 24 қап көмір, 4 арба сексеуіл, 100 бау қамыс, тиісті мөлшерде алтын-күміс тапсыруға міндеттеп, үш ай сайын елден салық жинау үшін әскер жіберіп отырған екен. Қоқан билеушісі Мырза Ахмет 1858 жылы наурызда Әулиеата, Жетісу жеріне 4000 әскер жібереді. Жергілікті қазақтарға қысым жасап, қорлап, мал-мүлкі мен қыз-келіншіктерін тартып алып, істеген зорлық-зомбылығы халықты қатты ашындырады. 1858-1876 жылдар аралығында қазақ жерінде Қоқан хандығының езгісіне қарсы 40-қа жуық көтеріліс болады. Әділетсіздікке қарсы мұндай қарулы қақтығыс Түркістан, Әулиеата, Сайрам, Шымкент, Шу, Жетісу өңірлерінде жиі орын алған. 1858 жылы Әулиеата маңында бұрқ ете түскен көтеріліс қазақтың бүкіл Оңтүстік өлкесін, Жетісу жерін, Шудың шығыс бөлігін толықтай қамтиды.
    Азаттық жолындағы күрес даңқты батырларды туғызды десек, соның бірі – Медетбек батыр Есебайұлы. Жастайынан атқа қонып, бес қаруын асынып, соғыс өнерімен ерте машық­танған Медетбек 20 жасқа толар-толмастан басқыншыларға қарсы халық көтерілісіне қатысады. 1845 жылға қарай Жетісу жеріндегі жағдай ушыға түскен. Солтүстіктен қаптаған Ресей империясының басқыншылары да қазақ даласына дендей еніп, үстемдігін жүргізе бастайды. Олар салған бекіністердің саны күннен-күнге артып келе жатты. Әр бекіністе ұңғысы үңірейген шойын зеңбіректер, мылтығын шошайтқан мыңдаған әскер қарсы шыққанды құрбандыққа шалуға дайын тұрды.
    Екінші жақтан Қоқан хандығы да аш бөрідей жағадан алып, халықты қан қақсатты. Мұның бәрі Алатау баурайын мекендеген халыққа да оңай тиген жоқ. Сол заманда тарихта аты қалған Сұраншы, Саурық, Байтұра, Бекболат, Шымырбай, Сүттібай, Байсейіт, Медетбек сияқты батырлар мен Нарбота би, Андас датқа, Сарыбай би сияқты көрнекті тұлғалар халықты басқыншыларға қарсы күреске жұдырықтай жұмылдыра білді. Қасиетті атақонысты сақтап қалуға өлшеусіз үлес қосты.
    Қазақ елі мен жерін тұтасымен уысында ұстап тұруға бұрыннан құмбыл Ресей патшалығы бұл өлкеге Қоқан хандығының иелік етуін қаламайтыны белгілі еді. Сондықтан 1860 жылдың күзінде Қоқан хандығының Қанағатша бек бастаған жасағына қарсы орыс армиясының генералы Г.Колпаковский 800 әскерімен соғыс ашты. Орыс қолына Сұраншы, Байсейіт, Медетбек батырлар бастаған қазақ сарбаздары қосылып, Ұзынағаш маңында Қоқан әскерін тас-талқан етіп жеңді. Бұл соғыс тарихта «Ұзынағаш шайқасы» деген атпен қалды.
    Алайда соңында қалың қолы бар қоқандықтар қазақ елінің мазасын алуды тоқтатпады. Олар Шу өзенінің батысынан әрі қарай бекініс салып жатып алды. Сұраншы мен Медетбек батырлар қоқандықтармен қайта шайқасуға кірісті. Қазақтың бұл жасағында 3 мыңнан аса сарбаз бар еді. Аз да болса қолдарына білтелі мылтық алып, найза, қылышпен қаруланып, жарау ат мінген, шетінен жаужүрек жігіттер кез келген шайқасқа дайын болатын. Жетісулық қолға орта жолда Меркі, Аспара аймағынан ер-азаматтар қосылып, күшейе түседі.
    Сыпатай Саурықұлы, Медетбек Есебайұлы, Бірімқұл Сыпатайұлы, Байсейіт Тойшыбекұлы сияқты ерлер Сұраншы батырдың сарбаздарымен бірге Әулиеата, Шымкент, Ташкент атырабындағы шайқастарда батыр­лықтарымен қоса тапқырлық, ұйымдас­тырушылық қабілеттерімен көзге түсіп, көптеген тар жол, тайғақ кешуде ерен ерліктерімен даңққа бөленеді. Сұраншы бастаған қол 1864 жылдың күзінде Шымкент шаһары маңындағы Сайрам қаласына жетіп, қоқандықтардың қатты қарсылығына ұшырайды. Сол жерде кескілескен шайқаста Сұраншы батыр қапыда қаза тауып, сүйегі Сайрам жерінде арулап жерленеді. Ол қайтыс болған соң қазақ қолын Атамқұл мен Медетбек басқарып, Қоқан әскерімен соғысты әрі қарай жалғастырады. Қазақ жауынгерлері қарсыластарын ығыстырып, орыс әскерімен бірге Ташкентті алады.
    Конференцияда осы жайлар кеңінен сөз болды. Ел шебін қорғауда ерлік көрсеткен батырдың есімін мәңгі есте қалдыру шарасының бірі ретінде Жамбыл ауданындағы «Қарғалы» шекара заставасы Медетбек батырдың атымен аталса деген ұсыныс айтылды. Сонда оның отаншылдығы, ел мен жерді сүюі сарбаздарға үлгі болмақ. Сонымен қатар батырдың 200 жылдығына арналған «Еліне қорған болған ер Медетбек» тақырыбында республикалық ақындар мүшәйрасы жарияланғаны хабарланды. Поэзия мен еркін тақырыптағы шығармалар байқауының қорытындысы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында белгілі болмақ. Жиын соңында батырдың өмірі мен қызметін зерттеген ғалым, қаламгерлер «Медетбек батырдың 200 жылдығы» төсбелгісімен марапатталды. Сол күні батыр аруағына арнап ас берілді.
    Медетбек батыр Есебайұлының ел азаттығы жолындағы күресте көрсеткен ерлігі туралы әңгіме бізге ұмытылмай жетіп, жас ұрпақтың отаншылдық рухын көтеруге қызмет етіп келеді. Даңқты ғұмырын халқының келешегіне арнап, елім деп еңіреп өткен есіл ерін халқы ардақтап, жадында сақтап, ерлігін өнеге етіп келеді. Жиын барысында толықтырылып қайта басылған «Медетбек батыр» кітабының тұсауы кесілді. Белгілі журналист-жазушылар Доқтырхан Тұрлыбек, Манарбек Ізбасар және профессор Алмасбек Мәуленовтің бұл кітабында халық қаһарманы туралы аңыз болып жеткен әңгімелер мен тарихи деректер барынша қамтылған. Аталған авторлар Медетбек батырдың ерлік істерін жинақтап зерттеуге және насихаттауға зор үлес қосып отыр.
    Еңбекшіқазақ ауданы Таутүрген ауылында 2007 жылы Медетбек батырдың айшықты кесенесі бой көтерген. Арада бір жыл өткен соң, Жамбыл ауданы Саурық батыр ауылының маңындағы Қаракөтерме биігінде ат үстіндегі еңселі ескерткіші салтанатты жағдайда ашылды. Сол жылдарда батырдың ерлігі мен қайраткерлігі баяндалған деректі фильм түсірілген. 2012 жылы жазушы-режиссер Доқтырхан Тұрлыбектің «Тереңнен тартқан тектілік» атты тарихи-танымдық кітабы баспадан шыққан. Онда, әсіресе, батырдың парасаттылығы нақты мысалдармен ашып көрсетілді.
    Биыл Медетбек батырдың 200 жылдығы өңірде кеңінен аталып өтуде. Бұған тарихи тұлғаның тікелей ұрпақтары белсенділік танытуда. Медетбек Есебайұлының шөбересі, мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов бастаған зиялы қауым өкілдері осы айдың басында Таутүрген ауылындағы Медетбек батыр кесенесінде тағзым етіп, аруағына Құран бағыштады. Мерейтойлық шара Жамбыл ауданында жалғасып, Қаракөтермедегі ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Аудан орталығы Ұзынағаш ауылындағы Мәдениет үйінде салтанатты жиын болды. Онда аудан әкімі Нұрлан Ертас есімі аңызға айналған Медетбек батырдың ерлігіне көпшілік алдында ерекше тоқталды. Әділ Шаяхметов бүкіл ғұмырын елін қорғауға арнаған батыр бабасының есімін ардақтап келе жатқан аймақ жұртшылығына ризашылығын білдірді. Сол күні ауданның бір топ тұрғынына Медетбек батырдың естелік медалі, Алғыс хат тапсырылды. Батырға арналған мерейтойлық іс-шаралар алда әлі де жалғасады. Оның ішінде бұқаралық-спорттық жарыстар өткізу де көзделіп отыр.
    Батырдың 200 жылдығын лайықты атап өтуге ұйытқы болып жүрген мемлекет және қоғам қайраткері, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің түлегі, қазір осы оқу орнындағы  ректорлар кеңесінің құрметті мүшесі, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметұлының елеулі еңбегін атап өткен жөн.

    Серік САТЫБАЛДИЕВ

    Жамбыл ауданы

    Ұсынымдар

    «КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕР» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ: АУЫЛДЫҚ ӨҢІРЛЕР ҮШІН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

    «КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕР» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ: АУЫЛДЫҚ ӨҢІРЛЕР ҮШІН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

    2 months ago
    “Ұзынағаш-Отар” жолының 140-тан аса шақырымын жөндеу жыл соңына дейін аяқталады

    “Ұзынағаш-Отар” жолының 140-тан аса шақырымын жөндеу жыл соңына дейін аяқталады

    1 month ago
    Бүгінгі күннің батыры: Жолаушылар өмірін сақтап қалған оқушыға құрмет көрсетілді

    Бүгінгі күннің батыры: Жолаушылар өмірін сақтап қалған оқушыға құрмет көрсетілді

    2 years ago
    Заречныйдағы темірбетон зауыты басшылығы: Өндірісті кеңейтуге энергия қажет

    Заречныйдағы темірбетон зауыты басшылығы: Өндірісті кеңейтуге энергия қажет

    2 years ago
    Шарын тұрғындарына газ қосылды: Ұйғыр ауданында газбен қамту желісі кеңейіп жатыр

    Шарын тұрғындарына газ қосылды: Ұйғыр ауданында газбен қамту желісі кеңейіп жатыр

    3 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>