⛅
-22°C
Қонаев
Сенбі, Қаңтар 17, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар Әлеумет

    Базары бей-берекет Байсейіт

    21.10.2025
    in Әлеумет, Барлық жаңалықтар, Қоғам
    Базары бей-берекет Байсейіт
    0
    SHARES
    8
    VIEWS

         Қарт Қарадала мен Аспантаулар өлкесіне ат сабылтқан жолаушы аялдамай кетпейтін Байсейіт атты аядай ғана ауыл бар. Еңбекшіқазақ ауданы Бартоғай ауылдық округіне қарасты бұл ауыл қайнаған хан базарға айналғалы қашан? Ауыл жұртшылығы азық-түлік пен киім-кешекті, өзге де тіршілікке қажетті заттың барлығын осы жерден алады. Соған қарай базардың айналасы да қашан көрсең, ығы-жығы халыққа, ретсіз көлікке толы. Саудагерлер республикалық маңызы бар жол аясын тарылтқандықтан кептеліс те жиі орын алады. Қара жолдың қауіпсіздік мәселесі қалай болып жатыр? Кез келген жерде сауда көркін қыздыруға бола ма? Бұған жергілікті әкімдік не дейді? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

    Алғашқы кезекте Байсейіт база­рында жеміс-жидек сатып отырған саудагерлерге жолықтық. Таң атқаннан күн батқанға дейін мұнда қызу тіршілік толастамайтын тәрізді. Бірі жаймасын жайып, бірі қолда барын тасып әлек.
    «Бұл базарда сауда жасап жүргеніме отыз жылдан асты. Осы уақытқа дейін не сатпадық? Алғашында тек санаулы адам алма мен нан сататын. Сол шағын жайма біртіндеп базарға айналды. Жаз шыққаннан күзге дейін жеміс-жидек саудалаймыз. Ауылдағы жүздеген адам осы базардан нәпақасын тауып отыр. Соңғы кездері әкімдік базарды басқа жаққа көшіру туралы мәселе көтеруде. Мен осы арада сауда жасай бергім келеді. Өйткені біз мұндағы тірлікке әбден бой үйретіп алдық», – деді Фарида есімді саудагер.
    Байсейітте біз жол бойында тұрған саудагерлерден сауда-саттыққа бері­летін рұқсат қағаздарының бары не жоқтығы туралы сұрадық. Олардың басым көпшілігі жауап беруден ат-тондарын ала қашты. Деседе базар­дың заман талабына сай емесін, жүр­гіншілердің қауіпсіздігіне кері әсер жасап жатқанын мойындағандар да кездесті.

    Өзін Жайна Бағдәулетқызы деп таныстырған сатушы ойын былай жеткізді: «Жаз бен күз – сауданың нағыз қызған шағы. Осы қолайлы сәтті пайдаланып, мұндағылар келер жылға дейінгі керек нәпақасын тауып алуға тырысады. Қазір жергілікті әкімдік тарапынан бізге ештеңе айтылып жатқан жоқ. Дегенмен алдағы жыл­дары жаңа базар салынады деген сыбыс бар. Шынымен де жаңа базар салынып, барлық жағдай жасалса, онда көшіп баруға қарсы емеспін», – деді ол.
    Бүгінде елімізде жол бойындағы көше саудасына рұқсат берілмейді. Мұндай орындар тауар сатуға арналмаған. Десе де Байсейіт база­рының айналасындағы жолдарға дейін сауда-саттық алаңына айналған. Балалар ойыншығы ма, тез тағам түрлері ме, керегіңіздің бәрі бар. Сонымен қоса шағын дәмханалар мен нан өнімдерін сататын дүңгіршектер де жетерлік. Әрине, бұл ретте базарда санитарлық талаптар мүлдем ескерілмейді деуге келмес, дегенмен сауда-саттықтан соң шашылып жатқан қоқыстар мұндағы тазалық мәселесінің мәз емес екенін көрсетеді. Ол маңға арнайы қоқыс жәшіктері қойылмаған. Сатушылардан естуімізше, базарда әркім айналасын өзі тазалайды. Ал қауіпсіздік туралы сөз қозғаудың өзі қорқынышты. «Сақтансаң, сақтайды» деген қағиданы мұндағы жұрт жадынан шығарып алғандай. Соның салдарынан жаз айларында бірнеше жазатайым жағдай туындапты. Бұл ретте Бекзат есімді жергілікті полиция өкілі былай деді: «Әрбір адам жеке тұлға ретінде барлық қауіпсіздік шарасын сақтауға тиіс. Шынын айту қажет, ауыл тұрғындарының көбі жол ережесіне бағынбай, қалаған жерден өтіп кетеді. Тіпті жаяу жүргіншіге арналған жолақтан дұрыс өтпейтіндер бар. Қазір базар маңына белгіленген стандартқа сәйкес жол белгілері қойылған. Арнайы бейнебақылау камералары орнатылған. Алайда жұртшылық оның бәрін елей бермейді. Оның үстіне жол бойына ережесіз көлік қоятындар да аз емес. Соның салдарынан кейде қарапайым адамдардың өміріне қауіп төніп жатады. Сондықтан тұрғындардан сақтық шараларын барынша сақтауды сұраумен келеміз».
    «Байсейіт базарының маңында қордаланған мәселелер қалай шешімін таппақ?» деген сауалмен жергілікті әкімдікке бардық. Бартоғай ауылдық округі әкімінің орынбасары Эльдар Якубов сұрағымызға былайша жауап берді: «Республикалық маңызы бар автодәліздің кеңеюіне байланысты бұл сауда орны «қызыл сызыққа» өтіп кеткен. Сондықтан жол бойындағы қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, тұрғындардың амандығы үшін аталған сауда орнын ауыл маңына көшіру көзделіп отыр. Әрі сол маңнан арнайы жер телімі де қарастырылған. Жаңа базарды салатын инвестор іздеп жатырмыз. Қазіргі базар орны сауда-саттыққа арналмаған. Сондықтан ондағы кәсіпкерлік нысандарды заңсыз деп тануға болады. Мұндай жерде базар емес, тарихи, мәдени құндылықтар орналасуы керек. Сондықтан базардың көшірілетіні уақыттың еншісіндегі іс. Ал оны көшіру мәселесін біз алдымен жергілікті кәсіпкерлермен, тұрғындармен ақылдасып, олардың арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп барып, шешуіміз керек. Яғни бұл істі бірте-бірте жүзеге асырған жөн. Жергілікті халық бұл ұсыныспен келіседі деген ойдамыз. Базарды көшіру біреудің жеке мүддесі үшін емес, тұрғындар үшін қолға алынғалы тұр. Оның игілігін бірінші кезекте халық көреді», – деді.
    Расында қазіргі базар орналасқан жердің орнына тарихымыз бен мәдениетімізді жаңғыртатын жаңа нысандар салынса игі еді. Мәдени құндылықтарымыздың қадіріне жетіп, олардың лайықты бағасын бере білу –өркениетті, дамыған қоғамға тән үрдіс. Осы тұрғыдан келгенде базардың өзге орынға көшірілуін болашаққа деген оңды көзқарас деп бағалаған абзал.
    ТҮЙІН: Сөзіміздің соңында Байсейіт базарындағы бей-берекеттік пен жабайы сауда туралы өзекті мақаламызды Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі тағы да елеусіз қалдырмай, бір ретке келтіреді деген үміттеміз. Тағы да деп түйрей сөйлеуіміздің өзіндік ащы себебі бар. Өйткені Еңбекшіқазақ ауданы дегенде, Есік өңіріне баса көңіл бөлінеді де, Шелек төңірегі баяғыдан назардан тыс қалып отыратын. Мұны жергілікті тұрғындар да растайды. Байсейіт осы Шелек өңіріндегі ауылға жатады. Осы жолы Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі өңірлерді бөле-жармай, Шелек жақ деп шекеден қарамай, Байсейіт базарын ретке келтіруді жеделдетіп қолға алады деп сенеміз. «Ойды ой қозғайды», бөле-жарады дегеннен шығады, Есік пен Шелек өңірін екі бөлек аудан жасайтын уақыт та келді-ау осы?! Мұны басшылық ескерер ме екен?!

    Ерзат АСЫЛ

    Байсейіт ауылы,
    Еңбекшіқазақ ауданы

    Ұсынымдар

    Қайырымдылыққа жаны құштар

    Қайырымдылыққа жаны құштар

    10 months ago
    Қаламгерлерге құрмет

    Қаламгерлерге құрмет

    1 year ago
    Маңызды шара

    Маңызды шара

    6 months ago
    VIII сайланған Мәжіліс депутаттары ант берді

    VIII сайланған Мәжіліс депутаттары ант берді

    3 years ago
    №6 жағажайдың болашағы қандай?

    №6 жағажайдың болашағы қандай?

    5 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>