Біздің мектепте ұлағатты ұстаздар көп. Соның ішінде мен үшін ерекше жан – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дана апай. Ол кісінің сабағы әрқашан қызықты өтеді. Әдебиет сабағында бізге ақын-жазушылардың шығармаларын оқытып қана қоймай, олардың өмірімен байланысты түрлі әңгімелер айтып береді. Қазақ тілінен өткен тақырыптарды да түсінікті етіп жеткізеді. Кейде күрделі ережелерді мысалдар арқылы жеңілдетіп түсіндіргенде, бәріміз бірден ұғып аламыз.
Ұстазымның бойындағы маған ең ұнайтын қасиет – бізді үнемі қолдап, сенім білдіруі. Сабақты қате айтсақ та, ұялтпай, өзі бағыт-бағдар беріп отырады. Қандай істе де «Сенің қолыңнан келеді» деп жігерлендіреді. Сол үшін біз де апайдың сабағына әрқашан дайындалуға тырысамыз. Әдебиет сабағында Абайдың өлеңдерін талқылағанда, Дана апай бізді терең ойлануға, кемеңгер сөзіндегі керемет сырды ұғынуға жетелейді. Ол кісінің сөздері бізді шабыттандырады. Тіпті кейде өзіміз шағын өлең жазып көру үшін қалам тербей бастағанымызды сезбей қаламыз. Мен үшін Дана апай – тек мұғалім ғана емес, өмірлік өнеге үйрететін тәлімгер, дана ұстаз. Ол бізге тек білім беріп қана қоймай, адалдыққа, мейірімділікке, еңбекқорлыққа тәрбиелейді. Осындай ұстазымыз бар болғанына қуаныштымын.
Зере Бақытжан,
Әл-Фараби атындағы мамандандырылған лицейдің
8-сынып оқушысы
Қарасай ауданы




