Алматы қаласындағы «Апорт-Молл» сауда орталығына «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының «Жартас суреттері – көне дәуір дерегі» атты фотокөрмесі қойылды. Көрме мақсаты – жартас суреттері арқылы ежелгі заман адамдарының өмір салтын, наным-сенімін, тұрмыс-тіршілігін таныстыру әрі салынған бейнелерді тарихи дереккөз ретінде танып, оның археологиялық және мәдени маңызын түсіндіру.
Жартас суреттері – адамзат өркениетінің ең ерте кезеңінен жеткен мәдени және тарихи мұра. Бұл бейнелер, бір жағынан, көне дәуір суретшілерінің эстетикалық көзқарасын танытса, екінші жағынан, ежелгі адамдардың когнитивтік қабілеттері мен дүниетанымын, тұрмыс-тіршілігін және наным-сенім жүйесін көрсететін маңызды тарихи дереккөз ретінде есептеледі. Жартас суреттері жазу пайда болмай тұрған кезеңде, тіпті жазумен қатар қолданыста болған ақпарат алмасу құралы болды. Яғни ежелгі адамдар өз ойы мен тәжірибесін, сенімін тас бетіне бейнелеу арқылы жеткізген.
Алматы, Жетісу өңіріндегі Таңбалы, Ешкіөлмес, Баянжүрек секілді белгілі археологиялық кешендермен қатар Қыземшек, Қаракүнгей, Кетпентау және басқа да ескерткіштерден мыңдаған жыл бұрынғы тұрғындардың өмір салтын бейнелейтін петроглифтер анықталды. Қазіргі таңда жартас бетіне салынған суреттердің мазмұнын, олардың астарында жасырылған коммуникативтік әрі ақпараттық деректердің құпия кодтарын ашу ғылымда күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Біз бұл туындылардағы композициялық құрылымдар мен символдардың семантикалық мағынасын терең түсінуге ұмтылғанымызбен, көбінесе тек жалпылама тұжырымдармен шектелеміз. Осыған байланысты, ежелгі мәдени мұраларды жан-жақты зерттеу мен зерделеу келешекте де өзектілігін жоймайды деген ойдамыз. Сол себепті де ежелден жеткен осы рухани-мәдени мұраны болашақ ұрпаққа түсіндірудің бір жолы ретінде адамдар көп шоғырланатын, демалыс күндерін өткізетін орындарға көрме қойылды.
Көрме экспозициясында әр жылдары Алатау, Жетісу жерінен жаңа ашылған жартас суреттерінің фотолары мен эстампаждары хронологиялық тәртіппен орналастырылды. Қола дәуірі мен орта ғасыр аралығын қамтыған бұл жартас суреттерінде аңшылық көріністері, салттық билер, тұрмыстық құралдар, жануарлар мен түрлі таңба, абстрактілі символдар, ту ұстаған салт аттылар, түйеші, керуеншілер бейнеленген. Сонымен қатар, көрменің тартымдылығы мен ақпараттылығын қамтамасыз ететін арнайы заманауи көркем интерпретация және музейлік ақпараттар цифрлық форматта – QR-кодтар арқылы үш тілде ұсынылды.
Көрмені Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында «Алматы – Бішкек» жолында орналасқан «Aport Mall West» сауда-ойын-сауық орталығынан тамашалауда. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымы ұлттық мұрамызды ұлықтауға және мәдени құндылықтарды кеңінен насихаттауға көрсеткен қолдауы мен үлесі үшін «Aport Mall» басшылығына ерекше алғысын білдіреді.
Әсел ОМАРҒАЗИЕВА,
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының аға ғылыми қызметкері, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың докторанты