⚠️ Ауа райы табылмады.
Сәрсенбі, Желтоқсан 24, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    ЕЛ ҚОРҒАНЫ – МЕДЕТБЕК

    09.10.2025
    in Барлық жаңалықтар, Мерейтой, Руханият, Тарих
    ЕЛ ҚОРҒАНЫ – МЕДЕТБЕК
    0
    SHARES
    83
    VIEWS

          Медетбек Есебайұлы – қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын батыр. Оның есімі халық ауыз әдебиетінде, тарихи жырлар мен аңыздарда жиі кездеседі. Биыл Медетбек батырдың 200 жылдық тойы республика көлемінде кеңінен аталып өтуде.

    Алтайдан Атырауға дейін, Алатаудан Омбыға дейін ұлан-байтақ жерді ата-бабаларымыз құрыш білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келгені тарихтан белгілі. Алатау өлкесінде сондай аңызға айналғандарының бірі – Медетбек батыр. Бұл кезеңде ел жоңғар басқыншыларынан құтылғанымен, Орта Азия хандықтарының талауына тап болған еді. Оларға жергілікті халық алым-салық төлеуге мәжбүр болды. Сонымен қатар, Орта Азияға бет алған орыс империясының әскерімен бірге қоқандықтарға қарсы шайқастарға ерлікпен араласты. Осындай екіталай ауыр заманда елі мен жерін жауға бермей, халқының азаттығы үшін жанын аямай, басын өлімге тіккен Саурық, Сұраншы бастаған батырлар еді. Солардың қайтпас қайсар ерлігін жалғастырып, қарсы келген жауын аяусыз басып тастайтын батырлардың бірі – осы Медетбек.
    Медетбек – Сыпатай батыр Саурықұлымен бірге өскен, қарулас сенімді серігі. Ол Шапырашты тайпасының Есқожа руының Таңатар атасынан тараған. Медетбек ел арасындағы билікке, халық арасындағы бітімгершілікке де қатысып, дау-дамайды шешетін. Оның алыптығы, зор дауысты, ержүрек батырлығы жөнінде көптеген аңыз-әңгіме қазақ-қырғыз еліне кең таралып, қазірге дейін ұмытылмай, ел арасында айтылып келді. Осы аңыздарды естіп өскен және Медетбекті көргендердің әңгімесін тыңдап, көңіліне тоқыған ауыл ақсақалы, соғыс және еңбек ардагері, Медетбекпен аталас Әбдісағи Бердібаев бұл турасында былайша әңгімелейді: «Сыпатай мен Медетбектің жастау кездерінде қырғыздар мен қазақтардың арасында болған шайқаста қырғыздар Сыпатайды қолға түсіріп, байлап әкеткен. Медетбек оның Саурық батырдың баласы екенін білдірмей, жоғалған малын іздеген болып, соңынан қалмай бірге жүріп отырған, айласын тауып, босатып алуды көздеген. Қырғыздар Сыпатайды Орта Азияға құлдыққа сату үшін, шет жаққа алып кетеді. Медетбек табандылықпен есебін тауып, қырғыз ауылының бірінде бие сауғызып жүрген Сыпатаймен кездесіп, қашып кету амалын үйретіп, өзі тосатын жерін белгілейді. Сыпатай ебін тауып, желі басындағы бір жүйрік атпен қашып шыққанда келіскен жерде Медетбекпен қосылады. Артынан қуып келген екі қырғызды ұрып жығып, аттарын алып, төрт атпен түнде жүріп, күндіз тасаланып, он бес күн дегенде аман-есен еліне жетеді.
    Тағы да бірде қырғыз барым­ташы­ларының қазақтарға тұтқиылдан шапқыншылығы кезінде Медетбек батыр байқаусызда қолға түседі. Бұны Медетбек батыр екенін білмеген қырғыздар денесінің алыптығына қарап, бір батырды қолға түсірдік деп мақтанады. Оны Ош қаласындағы бір манапқа апарып береді. Медетбек сол күннен бастап мақау болып, беті-қолын жумай, сақал-мұртын алмай қояды. Қырғыздар мақауды ымдап отын алғызады, су құйғызады. Осылайша бірнеше ай өтеді. Артындағы елі өзі айласын тауып құтылатынына сенеді. Бір күні манаптың үйіне алыстан қонақтар келеді. Манаптың үй іші қонақтарды күтіп, абыр-сабыр болып жатқанда, Медетбек екі жүйрік атты ерттеп қойып, басқа аттарды босатып, терең сайға айдап жібереді. Манаптар қонақасын ала бергенде, батыр аттың бірін мініп, бірін жетектеп, есік алдына келіп: «Ей, манаптар, мен мылқау емеспін, қазақтың Медетбек деген батырымын, ал енді қош болындар, мен еліме кеттім», – деп айқай салып жүріп кеткен екен дейді. Қараңғыда не істерін білмей, дал болған қырғыздар улап-шулап қала берген.
    Саурық батыр жау қолынан қаза тапқаннан кейін, қырғыздар өздерінше күшейіп, қазақтардан жер даулай бастайды. Бірде ел көктеуге отырғанда, Андас датқаға қырғыздың ханы: «Қазақтар Алатауды, Күртінің өзеніне дейінгі жерді қырғыздарға босатып берсін және Саурықтың баласы Сыпатайды байлап берсін, әйтпесе соғысып, тартып аламыз», – деп елші жібереді. Андас датқа Ыстамбекұлы екі-үш рет халқының басын қосып, ақылдасып, бір тоқтамға келе алмайды. Медетбек пен Сыпатай: «Бұл дауды біз шешейік, рұқсат беріңіз», – деп Андас датқадан сұрайды. Андас бұл күрделі дауды сендер қалай шешесіңдер деп, екі рет келісім бермейді. Бірақ үшінші жолы: «Жарайды, жіберіп көрелік, ол үшін сендерге не қажет?» – деп сұрайды. Олар: «Екеумізге екі жақсы ат, екі атқосшы беріңіз», – дейді. Андас олардың айтқандарын орындап, жолға шығарып салады.
    Сыпатай мен Медетбек сал-серілерше киініп, байдың мырза балалары болып, қырғыз ханының ауылына барады. Қырғыздар қазақтың мырзалары келді деп сыйлап, қонақ етеді. Жастар жиналып, ойын-сауық құрады. Қырғыз ханының жалғыз ұлы бар екен. Медетбек сол баланы айналдырып, оған: «Біз мына жотадан (қырғыз бен қазақ елі арасындағы шекара-жота) келдік. Онда ауылымыз бар, қыз-жігіттер ойын-сауық құрып, тамашалап жатырмыз, бізбен бірге жүріп, қонақ болып қайт», – дейді. Бала оның сөзіне сеніп, әкесінен рұқсат алып, атқосшысымен екі жас батырға ілесіп, жайлаудың жотасына шығады. Медетбек ханның баласын атқосшымен бірге байлап, Андас датқаға әкеліп: «Міне, дауды осылар шешеді», – дейді. Датқа: «Балаң менің қолымда, жер жөнінде талабыңнан қайтпасаң, балаңның басын алып, шабуыл жасаймыз», – деп қырғыз ханына елші жібереді. Орман хан: «Баламды өлтірмесін, жайлаудағы Көктөбеде кездесіп, екі ел арасындағы келісімге келейік», – деген жауабын береді. Осы келісім бойынша Көктөбеде қазақ пен қырғыз басшылары бас қосып, Алатаудың күнгейінде, Шудың шығыс бетінде, көшіп-қонып жүрген Шапыраштыларды Алатаудың теріскейіне көшіріп, қырғыздарға Кіші Кемін, Үлкен Кемін, Ақтүзді босатып берген. Шекара Шу өзеніне дейін емес, Алатаудың жотасындағы жолға (Саурық батыр кезінде осы жолды шекара ретінде белгілеген) дейінгі жер қырғыз елінікі деп белгіленді. Екі ел келісімге келіп, баласын аман қайырғаны үшін Орман хан Андасқа сыйға тоғыз айғыр қысырақтың үйірін беріп, қазақ пен қырғыз татуласады. Осылайша ел арасындағы қиын даудың соғыссыз бітімге келуіне үлкен үлес қосқан Медетбек пен Сыпатай нағыз ержүрек батыр екенін көрсетеді.
    Енді қоқандықтар Күрті өзенінен өтіп, Дулаттарды шетінен жаулап, Еспе, Жартасты өзендерінің бойымен Қопа, Қарабастау ауылына дейінгі жерді басып алады. Малын тартып алып, қыз-келіншектерді күңдікке, ұлдарын құлдыққа салып, жер байлығын олжаламақ болады. Дулаттан шыққан Орақ батыр Саурық батырға: «Біздің жерді ойламаған жерден қоқандықтар басып алды, қол ұшын бермес пе екенсіздер?» – деп сәлем жолдайды. Саурық батыр Андас датқамен ақылдасып, шұғыл түрде жүзге жуық қазақтың басын қосып, қашып келіп, Шапыраштыны паналап жүрген орыстың 6 жауынгерін, 4 түрікменді ертіп, көмекке барады. Ішінде Медетбек пен Сыпатай бар. Саурық батыр: «Екеуің әлі жассың, менің айтқанымнан шықпайсындар», – деп ертіп алған. Саурықтың жіберген елшісі қоқандықтарға келіп: «Шапырашты елінен Саурық батыр келе жатыр, қасында Медетбек, Сыпатай деген жас батырлар бар, қарамағында мыңнан астам қазақ қолы, 60 орыс, 40-тан астам түрікмен жауынгері бар», – деп ескертеді. Мұны естіген қоқандықтардың басшысы: «Мынау не деп тұр? Қазақтар орыстар мен түрікпендерді және сонша қолды қайдан жинасын, өтірік, әкетіңдер, басын шауып тастаңдар», – дейді ашуланып. Қоқандықтардың оты өшіп, тегіс ұйқыға жатқанда: «Аттан, Саурық батыр, аттан!» – деп ұрандап, мылтық атылып, от қойылып, керней тартылып, шабуылдағанда қоқандықтар бытырай шашылып қашады. Саурық қашқандардың артынан Сыпатай мен Медетбектерді жібереді. Олар қоқандықтарды ел шетінен шығара қуып, жеңіске жетіп, қолға түскен адамдар мен малды құтқарып қалады.
    1860 жылы күзде Қоқан ханды­ғының Қанағатша бастаған 10 мың қолына қарсы орыс генералы Г. Колпаковский бастаған 800 орыс әскерімен бірге Сұраншы бастаған сарбаздар Саурық бекінісінде қоқандықтардың бетін қайырып, тас-талқан етіп, қырып, жеңіске жетеді. Осыдан кейін Шапырашты, Дулат елдері үшін қоқандықтармен арада аса шиеленісіп тұрған бір қиын уақыт басталады. Қазіргі Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылының батыс жақ іргесіндегі Шалшықбұлақ деген жерде орыс армиясымен Қоқан хандығы әскерлерінің арасында үлкен қақтығыс басталады. Бұл шайқас қазақ тарихында «Ұзынағаш соғысы» деп аталды.
    Тарихи деректерде Ұзынағаш соғысына Сұраншы батыр бес мыңнан астам қазақ жігіттерінен құралған қолмен белсене қатысқан. Бұл туралы халық ақыны Әбдіғали Сариев:
    – Қазақтардың көп қолы,
    Әрбір жақтан кеп қалды.
    Хабарланып барлығы,
    Көп батырлар топтанды.
    Артық батыр ішінде,
    Үш жүзден қолды бөлісіп,
    Қатарын түзеп саптанды.
    Сүттібай бастап біреуін,
    Тұс-тұсынан аттанды.
    Бөлтірік келіп бір жақтан,
    Медетбек келіп бір жақтан,
    Сыпатай келіп бір жақтан,
    Әрбірі қолды басқарды, – деп жырлайды.
    Сөйтіп, олар Қанағатша жасағының ту сыртынан тұтқиылдан шабуыл жасап, қатты қарсылыққа кездескен орыс әскерлеріне үлкен көмек беріп, қоқандықтарды көп шығынға ұшыратты. Қоқандықтарды үрей билеп, быт-шыты шығып, қашып, зым-зия болды. Осыдан кейін ел арасы біраз тынышталып, егін салып, мал өсіріп, көшіп-қонып өмір кешіп жатты. Бірақ батырлар ел тыныштығын ойлап, қашанда сақ жүрді. Алайда қоқандықтар қазақтардың мазасын алуды тоқтатпады. Шу өзенінің батысынан әрі қарай бекініс салып жатып алды. Сұраншы батыр сарбаздармен орыс әскерлеріне қосылып, Шудан өтіп, қоқандықтармен қайтадан шайқаса бастады.
    Сұраншының жасағы Сыпатай, Медетбек басқарған үш мыңнан астам адамнан тұратын еді. Барлығы қолдарына найза, қылыш ұстаған. Сирек болса да білтелі мылтығы бар, жарамды жүйрік ат мінген, шетінен жаужүрек, жас қайрат сарбаздар болатын. Сұраншы сарбаздарына орта жолда Меркі, Аспара аймағынан қосылған қазақ жасақтары, оның ішінде 200 адаммен қосылған Сыпатайдың (Дулат) ержүрек баласы Бірімқұл, Сыпатай Саурықұлы мен Медетбек батырлар бар сарбаздарды жинап, олардың бастарын біріктіруде, жауынгерлерге азық-түлік ұйымдастыруда айрықша еңбек сіңірген. Медетбек пен Сыпатай Сұраншының әрдайым жанында болып, қатерлі жағдайларда батыр ағаларын қорғап қалған. Жас батырлардың бұл ісі, әсіресе қазақ жерін коқандықтардан азат ету кезінде анық байқалған. Мысалы, Әулиеатадан өткенде Сұраншыны бір атақты адам қонаққа шақырған. Оған баруға Сыпатай қарсы болған. Сұраншы: «Бізді құрметтеп жатыр ғой», – деп көнбей, жанына Сарыбайды, Сүттібайды, Диханбайды ертіп, шақырған жерге қонаққа барады.
    Сыпатай, Медетбек, Бірімқұл жүз шақты жігітті ұйымдастырып, олардың соңынан келіп, бай ауылының сыртынан барлаушы жіберіп, өздері бақылап тұрады. Сол күні ай сүттей жарық екен. Бір мезгілде барлаушылары белгі береді. Сөйтсе, байдың жасырып, дайындап қойған жасақтары келіп қалған екен. Сол арада айқас басталып, жау жағы жапырылып, өлгені өліп, қалғаны тым-тырақай қашады. Сөйтіп, қазақтың бас батыры Сұраншы бостан-босқа жазым болып қала жаздаған. Сонда Сұраншы: «Мына інілерімнің тапқырлығы болмаса, мүрдем кетіп қалмағымыз хақ еді»,– деп Сыпатай, Медетбек, Бірімқұлдарға ризашылығын білдірген екен.
    Ержүрек Сыпатай Саурықұлы, Медетбек Есебайұлы, Бірімқұл Сыпатайұлы Сұраншы батырдың сарбаздарымен бірге Әулиеата, Шымкент, Ташкент жеріндегі соғыстарда батырлықпен қоса айлакерлік, тапқырлық, ұйымдастырушылық қабілеттерімен көзге түсіп, талай-талай қиын қыстау жерлерде жол бастап, ерлік көрсеткендері тарихтан белгілі.
    Шымкент жеріне кіргенде бұларға Есқожаның Әуез атасынан шыққан Атамқұл батыр өз жасақтарымен қосылады. Атамқұл Сұраншының бала кезінен бірге өскен жолдасы еді. Ол бозбала кезінде осы жақта тұратын өзбек нағашыларына кеткен екен. Ол алғашқы уақытта қоқандардың жағында болып, кейін олардың қазақ ауылдарына жасаған әділетсіз әрекеттеріне шыдамай, Сұраншыны арнайы іздеп келіп қосылған.
    Енді олар сол 1864 жылдың күзінде Шымкент қаласының оңтүстік жағындағы Сайрам қамалына жетіп, қоқандықтардың қатты қарсылығына кездеседі. Қамалдың түбінде кескілескен ұрыстар болады. Қазақ сарбаздары ерекше көзге түседі. Сайрам қамалының қақпасы ашық тұрған. Сұраншы бастаған бірнеше сарбаздар қамалға атой салып, кіріп кетеді. Қоқандықтар кіреберіске маржан шашып тастаған екен. Сарбаздардың аттары тайып жығылып, Сұраншы мен Сүттібайдың аттары жығылмай өтіп кетеді. Осы кезде қақпа тарс жабылып, аттары құлаған сарбаздар сыртта қалады. Сұраншы мен Сүттібай қамал ішіндегі шайқаста ерлікпен қаза табады.
    Қамалдың сыртында қалған батырлар, жауынгерлер үлкен шайқаспен қамалды алып, қоқандықтарды жеңеді. Осы қамал ішіндегі соғыста Сұраншының серігі Сарыбай Айдосұлы жараланады, Атамқұл, Сыпатай Саурықұлы, Медетбек, Бірімқұл, Әтей мерген, тағы басқалары Сұраншының сүйегін қамалдан алып шығып, Сайрам жерінде жерлеген.
    Сұраншы өлгеннен кейін қазақ жасақтарын Атамқұл басқарады. Қоқандықтармен соғыс одан әрі қарай да жалғасады. Қазақ сарбаздары қоқандықтарды ығыстырып, орыс әскерлерімен бірге Ташкентті алады. Атамқұл Ташкентті билеушілердің бірі болады. Ол өзбек қызына үйленеді. Қазір Атамқұлдың ұрпағы Сайрамда тұрады. Ал Сыпатай Саурықұлы мен Медетбек батыр елдеріне аман-есен оралады. Жастайынан ел қамын ерте ойлаған батыр азаматтар Медетбек пен Сыпатай, бабалары Қарасай мен Кәшкенің, әкесі Саурықтың, ағасы Сұраншының ерлік дәстүрін одан әрі жалғастырады. Сыпатай мен Медетбектің жасаған ерлігі өте көп. Оны зерттеп жазса, әрқайсысы бір-бір дастан болары даусыз. Бұл – келешектің ісі. Медетбек батыр атамыздың ұрпағы Жамбыл ауданындағы қазіргі Саурық батыр ауылында тұрады.

    Мәмбет Қойгелді,
    ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор

    Ұсынымдар

    Үкімет ұсынған қосымша құн салығының мөлшерлемесі тым жоғары – Тоқаев

    Үкімет ұсынған қосымша құн салығының мөлшерлемесі тым жоғары – Тоқаев

    11 months ago
    Қонаевта жаңа жағажай қолданысқа берілді

    Қауіпсіздік талабын сақтайық

    1 year ago
    Кітапхана жайын кім ескерер?

    Кітапхана жайын кім ескерер?

    2 years ago
    Өнерге құштар өрендер

    Өнерге құштар өрендер

    11 months ago
    «Алматы облысы әкімінің кубогы» жабық облыстық шахмат турнирі мәресіне жетті

    «Алматы облысы әкімінің кубогы» жабық облыстық шахмат турнирі мәресіне жетті

    4 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>