Қонаев қаласында ұлттық мерекені ұлықтау орталық алаңдағы 55 метрлік Тутұғырда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көкке көтерумен басталды. Ту көтерілген сәтте Қазақстанның халық әртісі Талғат Күзембаев орындаған еліміздің Мемлекеттік Гимнін ардагерлер, Ассамблея мүшелері, білім, спорт, төтенше жағдай, мәдениет саласының өкілдері, «Жас сарбаз», «Жас полиция» сыныптарының оқушылары, қала жұртшылығы қосыла шырқады.
– Қонаев қаласының 55 жылдығына орай шаһардың орталық алаңына орнатылған Тутұғырда Мемлекеттік Ту көтерілген мезетте жиналған жұртшылықтың Гимнді бірге орындауы ерекше әсерлі болды. Бұл көрініске куә болған менің көңілім толқып, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Мұндай патриоттық іс-шаралардың өскелең ұрпақты елжандылыққа тәрбиелейтіні анық, – деді Ту көтеру рәсіміне қатысқан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жақан Ахаев.
Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік шара одан әрі қалалық Мәдениет үйіндегі салтанатты жиынға ұласты. Зал толы қауымды Республика күні мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қабылданғанына 35 жыл толып отырған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның елдігіміздің берік негізін қалаған, Тәуелсіздігімізге жол ашқан тарихи құжат екенін атап өтті.
– Кеңес одағы ыдырамай тұрғанда декларацияны қабылдау нағыз ерлік еді. Мұндай игі істің басы-қасында отаншыл қоғам және мемлекет қайраткерлері болды. Олардың қатарында еңбек еткен жерлестеріміз Ызғарбек Бектұрсынұлы, Серік Кәтенұлы, Әлихан Әбдіханұлы мен Нұрлан Ілиясұлы ортамызда көпшілікке өнеге болып жүр. Аталған кезеңде Алматы облысы ауқымды өзгерістер жолынан өтіп, өнеркәсіптік базасы қуатты, инфрақұрылымы дамыған, инвестициялық тартымды, халқының әлеуеті артқан аймаққа айналды. Тұрғындар саны 1,6 есеге көбейіп, қазіргі уақытта 1,6 млн адамды құрауда. Жалпы өңірлік өнім көлемі 35 миллион теңгеден 6 триллионға жетті. Осы жылдары 200-ге жуық мектеп, мыңнан астам балабақша, 110 медицина нысаны және 18 миллион шаршы метр тұрғын үй бой көтерді. Облыстың басты бағыттарының барлығында дерлік жаңа жолдар салынып, көліктік инфрақұрылым түбегейлі өзгерді, – деген аймақ басшысы мұның барлығы тұрғындардың өмір сапасының артуының нақты дәлелі екенін, болашақта экономикалық өсім жалғасын таба беретінін тілге тиек етті.
Сахна төрінде Марат Елеусізұлы Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 21 қазандағы № 1053 Жарлығы бойынша мемлекеттік, қоғамдық қызметтегі cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар жерлесімізге «Барыс», «Құрмет», «Еңбек даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарын және «Мемлекеттік қызмет ардагері», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерін табыстады. Сонымен қатар ел бірлігін нығайтуға, татулық пен келісімді сақтауға және мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен, Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Сол секілді аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында аянбай тер төккен жандар «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін кеуделеріне тақты. Мұнымен қатар талантты және дарынды жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауының «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес» және «Медиа» бағыттары бойынша жеңімпаздарға 1 миллион теңгенің қайтарымсыз гранты табыс етілді.
Салтанатты жиын соңында облыс өнерпаздары ән-биден шашу шашты.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ




