Жұмысшы мамандықтары жылына орай облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «ENBEK FEST» республикалық жастар слеті өтті. Шараға еліміздің 8 аймағынан келген жұмысшы жастар қатысты. Қонаев қаласында өткен слеттің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл форум – кәсіби тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, рухани нәр сыйлайтын мәнді жоба. Қатысушыларға өзекті мәселелерді бірге талқылап, тың идеялармен шабыттануға мүмкіндік береді. Жастар – еліміздің тірегі, экономикамыздың қозғаушы күші. Сондықтан да жастарға үлкен сенім артылады. Бүгінде елімізде жұмысшы мамандық иелері аса қажет. Өндірісте, ауыл шаруашылығында, көлік пен құрылыс саласында білікті, жауапты мамандар саны тапшы. Мемлекет басшысының осы жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауы бекер емес. Облысымызда жұмысшы жастарды қолдау бағытында нақты жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылады. Дуалды оқыту, жастар тәжірибесі, өндірістік тағылымдамалар және алғашқы жұмыс орындарына тұжырымдама беру сияқты бағдарламалар – болашаққа сенімді қадам басуға берілген мүмкіндік. «Жас келсе – іске!» дейді дана халқымыз. Қатысушылардың шара кезінде алған білімі мен тәжірибесі болашақта пайдасын тигізіп, оларды оң өзгеріске бастайтын көшбасшыға айналдыратынына сенемін, – деді Ғани Айдарұлы.
Форум барысында «Jas Talks» панельдік сессиясы ұйымдастырылды. Онда арнайы шақырылған спикерлер – «Дәулет-Бекет» ЖШС басшысы Сыдық Дәулетов, «Шин Лайн» қайырымдылық қорының президенті Дамир Дигай, облыстық мәслихат депутаты Сергей Горяной пайдалы ақпараттарды ортаға салып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
– Сессияда жастардың кәсіпорындарда жұмыс істеуі, олардың кәсіби тұрғыда дамуына қатысты сауалдар қойылды. Біз ауылдан шыққан жастарға өз туған жерінде жұмыс істеп, өсуіне жағдай жасауымыз керек. Баспанамен қамтып, шетелдерде білім алуына, әлеуметтік жағдайын жақсартуға көңіл бөлуіміз қажет. Тәжірибе жинақтап, кейін өз кәсібін ашып, аяқтан тұрса деген де ниетіміз бар. Бәріміз қарапайым жұмысшы болып ісімізді бастадық. Қазір әлемге танылған шаруашылық иесі болдық. Сондықтан әр жас еңбек етіп, өз кәсібінің шыңына шыққанын қалаймын. Қазір дүниежүзінде табиғи өнімге сұраныс артуда. Сондықтан ауылда, елдімекендерде егін егіп, атакәсіппен айналысса, нәтижесі де көңілге қонымды болады деп ойлаймын. Алдыңғы буын ағалардың ақыл-кеңесін тыңдап, тәжірибесіне үңілсе, өмірлік жолын таңдауда қателеспейді деп сенемін, – деді Сыдық Әбуұлы.
Шараға қатысқан Жасұлан Наурызбеков автоэлектр мамандығында оқып, қазір осы бағытта жұмыс істеп жүргенін айтты. «Автоэлектр маманы қазіргі қоғамда аса қажет. Бірақ жастар бұл мамандықта оқудан қашады. Мен керісінше мұның маңызды екенін айтып, түсіндіремін. Жұмысым өзіме ұнайды. Адамдармен қарым-қатынас орнатып, автокөлік бөлшектерін құраудың өзіндік ләззаты бар. Сессия барысында еңбегінің арқасында үлкен жетістікке жетіп, биік белестерді бағындырған спикерлердің әңгімесі ерекше әсер сыйлады. Алған бағыттан жаңылмай, арманымызға адал болсақ, біздің де діттеген мақсатымызға жететін күн алыс емес», – деді ол.
Сессиядан кейін қатысушылар Іле ауданындағы «Дәулет-Бекет» түйе шаруашылығына және «Шин Лайн» кәсіпорнына барып, өнімнің қалай шығарылатынына куә болды. Ал келесі күні Кеген ауданындағы Қара шатқал мен Көлсай көлдеріне экскурсия жасап, тұмса табиғаттың көркем бейнесін тамашалады. Сондай-ақ жастар топтық және көшбасшылық жұмысқа бейімделуге бағытталған дәрістер мен зияткерлік ойындар, мәдени шараларға да қызығушылық танытып, білім-танымын тереңдетті. Слеттің жабылу салтанаты Қара шатқалда өткізіліп, қорытынды кеште белсенділік танытқан жұмысшы жастар марапатталды.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА