Облыс тұрғындарымен етене жақын болып, байланысты нығайта түсу, талап-тілек, өтініштеріне үн қату мақсатында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев «Instagram» әлеуметтік желісінен жеке парақша ашты. Мұнда халықты толғандырған өзекті мәселелермен қатар ірі мегаполис – Алматының маңында орын тепкен Қонаевтың, жалпы Алматы облысының, жаңадан бой көтеретін Alatau City цифрлық қаласының даму барысы, өнеркәсіпті, аграрлы аймағымыздың тыныс-тіршілігі туралы маңызды ақпараттар жарияланып тұрады.
Жаңа ашылған парақшада аймақ басшысы келесідей жазба жариялады: «Халықтың тығыз қоныстануына байланысты аумаққа тән бірқатар өзекті мәселе туындайды. Соңғы үш жыл ішінде облыста осы түйткілдерді шешуге және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі шаралар қабылданды. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жаңғыртылуда, үшауысымды оқытуды жою үшін жаңа мектептер салынуда. Мәселен, ондай мектептердің саны екі есеге, 52-ден 28-ге дейін қысқарды. Инвесторларды тарту нәтижесінде жаңа өндіріс орындары ашылып, жұмыс орындары құрылды. Сондай-ақ облыстың меншікті кірістері айтарлықтай өсті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көрсеткіші бойынша Алматы облысы республикада үздік 5 аймақтың қатарына енді. Аталған жетістіктер – халықпен бірлесіп жүргізілген нәтижелі жұмыстың жемісі.
Үйлестірілген жұмысты жалғастыру үшін, өңіріміздің дамуы мен болашағына қатысты маңызды бастамаларды бөлісіп отыру мақсатында әлеуметтік желіде өз парақшамды аштым. Алматы облысының өркендеуі үшін кез келген конструктивті ұсыныстарды қабылдауға дайынмын. Әр пікір, әр ұсыныс, әр ой ортақ іске қосылған үлес деп білемін. Халық пен билік арасындағы өзара түсіністік пен бірлік – өркендеудің ең басты кепілі! Сонымен қатар тұрғындармен тұрақты байланыста болу үшін облысымызды ары қарай өркендету, кем-кетігі болса түзету мақсатында пайымды пікірлер, ұтымды ұсыныстар, айрықша идеялар күтемін. Өздеріңізді мазалап жүрген сұрақтарыңызды қойсаңыздар, оған мүмкіндігінше жауап беріп, қажетті шешімдерді қабылдауға тырысамын. Осы парақшаны ары қарай мазмұнды ету – сіз бен біздің қолымызда. Сол себепті парақшаға жазыла отырып, облысымыздың дамуына үлес қосасыздар деген үміттемін. Аграрлы, өнеркәсіпті, күн сайын дамып келе жатқан Алматы облысының өркендеу жолы мен ондағы оң өзгерістерді көргісі келетін, өңір тынысына бейжай қарай алмайтын баршаңызды тұрақты байланыста болуға шақырамын!»
Жаңа ашылған парақшада бүгінгі күннің өзінде ел-жұрттан ізгі тілектер мен ұсыныстар түсіп жатыр. Онда бірі газ, бірі жол, енді бірі инфрақұрылым мәселелерін көтеріп, облыс әкімінің назарына ұсынуда. Міне, осындай билік пен халықты жақындастыра түсетін парақшада: «Облыстағы өзекті мәселелер туралы осы жерден жауап алатын болдық. Тікелей сұрақ қоюға да мүмкіндік туды. Тамаша!» – деген пікір білдіріпті Диас Нұрақын атты әлеуметтік желі қолданушысы.
«Әкім бол, халыққа жақын бол» демекші, игі бастама тұрғындарды мазалаған көптеген мәселенің шешілуіне септігін тигізері сөзсіз.
Алма ЕСЕНБАЙ




