Жамбыл ауданында көрнекті қаламгер Күмісжан Байжанның 75 жасқа толуы зор құрметпен аталып өтті. Ұзынағаш ауылындағы Мәдениет үйінде өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас, елдің әр өңірінен зиялы қауым өкілдері, қаламгердің әріптестері мен шәкірттері, өңір тұрғындары қатысты.

Шара барысында Күмісжан Құдайбергенқызының өнегелі өмірі мен еңбек жолы сан қырынан сөз етілді. Игі тілектер айтылып, ән мен жырға толы тамаша кеш болды. Алдымен көрермен назарына аймақтың рухани өмірінде айрықша орны бар қарымды қалам иесі туралы әріптес, шәкірттерінің лебізі таспаланған бейнекөрініс ұсынылды. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте иегері, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Күмісжан Байжан құрметпен сахна төріне шақырылып, айтыскер ақын Жалғас Садырұлы жырдан шашу шашты. Шараны ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын, сазгер Жылбек Тоқтасынов жүргізді. Алғашқы сөзді алған облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің мерейтой иесіне арнаған ілтипатты ізгі тілегін оқып берді.
Онда: «Құрметті Күмісжан Құдайбергенқызы! Сізді ғұмырыңыздағы айтулы белес – 75 жасқа толған мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Жарты ғасырдан астам уақыт бойы сіз қаламыңыздың қуаты мен жүрегіңіздің жылуын халыққа арнап, өңірдің, елдің тыныс-тіршілігін, әлеуметтік, мәдени және тарихи құндылықтарын жан-жақты насихаттап келесіз. Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі ретінде абыройлы қызмет атқарып, журналистиканың дамуына өлшеусіз үлес қостыңыз. Сіздің шығармашылық жолыңыз – жас ұрпаққа өнеге, ұстаздық мейіріміңіз – шәкірттерге бағдаршам. Еңбегіңіз бен азаматтық ұстанымыңыз ел тарапынан жоғары бағаланып, мәртебелі марапатқа ие болуыңыз – соның айғағы. Сіздің еңбегіңіз бен қайраткерлігіңіз – туған өлке үшін үлкен мақтаныш. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық, шығармашылық табыс тілеймін!» – делінген.
Ғани Айдарұлы жеке өзінің де жүрекжарды тілегін білдіріп, кеш иесіне сый-құрмет көрсетті. Одан кейін мінбеден сөз алғандар Күмісжан Байжанның сан қырына тереңірек тоқталды. Ел руханияты мен өңір тарихын насихаттаудағы еңбегі ерекше атап өтілді. Жеке басындағы жақсы қасиеттері де кеңінен айтылып, ұрпаққа үлгі боларлық өнегесінің мол екені сөз болды. Күмісжан Құдайбергенқызының өмір жолы – адалдық пен парасаттың, еңбекқорлық пен ұлтжандылықтың жарқын үлгісі.

Бұл орайда көпшілік алдында облыстың Құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов, журналист, ақын, аудармашы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің бұрынғы қызметкерлері Қорғанбек Аманжол мен ардагер-журналист Жұмагүл Солтиева, кеш иесінің бала кезден бірге өскен замандасы, ардагер-ұстаз Дәукеш Әмірқызы ой-пікірлер, жылы лебіздерін ортаға салды. Мерейтой иесінің шәкірті, бүгінде «Жетісу» газетінің ардагері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Нүсіпбай Әбдірахым Талдықорған қаласының әкімі Ернат Дүйсенбекұлының жолдаған құттықтауын тапсырды. Өйткені Күмісжан Байжан республикалық газетте қызмет еткен жылдары аталған қаланың абыройын арттырып, мәдениетінің өркендеуіне зор үлес қосқан болатын. Мектеп оқушылары қаламгер шығармасынан үзінді, ақындар арнау өлеңдерін оқып, аудандық «Сүйінбай сазы» халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамблі кешті ән-жырмен әрледі.
Күмісжан Байжан бүкіл саналы ғұмырын елге, жерге, тарихқа қызмет етуге арнап келеді. Қазақ журналистикасына қырық жылдан астам уақыт қызмет етіп, өзіндік қолтаңбасымен айшықты із қалдырған қаламгер өңір баспасөзін дамытуға елеулі еңбек сіңірді. Зейнеткер болса да, әлі де қаламы қарымды, мерзімді басылымдарда мақаласы жиі жарияланып келеді. Есімі елге танылған публицист облыстың, Талдықорған қаласының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы. «Жамбыл елінің жайсаңдары», «Кие», «Бақыт баспалдағы», «Жақсылардың парызы», «Туған жер тұмарың» сияқты тағы басқа кітаптардың авторы.
Шара соңынан мерейтой иесі сөз алып, үлкен құрмет көрсеткен ел-жұртқа шынайы ризашылығын білдірді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




