⛅
-6°C
Қонаев
Дүйсенбі, Желтоқсан 22, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Қазақшасы қайда?

    23.10.2025
    in Барлық жаңалықтар, Мемлекеттік тіл
    Қазақшасы қайда?
    0
    SHARES
    5
    VIEWS

         Тіл – халықтың жаны, рухының тірегі. Ал мемлекеттік тілдің мәртебесін сақтау – әр азаматтың борышы, әр мекеменің міндеті. Осы ұстанымды негізге алған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Алматы облыстық филиалының өкілдері Іле ауданының орталығы Өтеген батыр ауылында және Алатау қаласында мемлекеттік тіл туралы талаптардың орындалуына бағытталған рейд жүргізді.

    Бұл іс-шараның басты мақсаты – «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 21-бабында көрсетілген деректемелер мен көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуы, маңдайша мен жарнамаларда орфографиялық және аударма норма­ларының сақталуын бақылау. Сонымен қатар «Жарнама туралы» және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң талаптарын түсіндіру, қажет жағдайда «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 75-бабы негізінде ескерту жасау да назардан тыс қалмады.
    Рейд жұмысына Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалы­ның басшысы Гүлзира Сейітбекқызы, орынбасары Күләйша Бейсембаева, «Қазақ тілі» қоғамы Іле аудандық филиалының төрағасы Қарлығаш Бұдұғұлова және облыстық «Алатау арайы» газеті қатысты. Біз алдымен аудандық әкімдікке бас сұғып, ондағы өткізу аппаратының орысша сайрап тұрғанына қынжылдық. Қазақша сөйлетпесе де, дауысын басып қойса, тілге деген зор құрмет болар еді. «Мемлекеттік мекеменің өзі мемлекеттік тілде сөйлемесе, халықтан қалай талап етеміз?» деген орынды сауал көкейге оралды. Тексеріс барысында Өтеген батыр ауылындағы өрнектің көбі өзге тілде екенін аңғардық. Әсіресе, Заманбек Батталханов 7 «В» көшесінде орналасқан ғимарат айрықша назарымызға ілікті. Бұл жерде түрлі компания мен шағын кәсіп иелерінің кеңселері шоғырланыпты. Сыртқы маңдайша мен жарнаманың барлығы дерлік орыс тілінде ғана жазылған. Мұнда мамандар бірнеше кеңсеге кіріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізбек болды, алайда басым бөлігі жұмыс орнында болмады. Тек бір компания өкілі ғана жауапкершіліктен жалтарып, «Бұл мәселе бойынша басшылық шешім қабылдайды» деп қысқа қайырды. Жұмыс тобы оларға арнайы заң талаптары жазылған жадынама қалдырып, бір ай ішінде түзету керек­тігін ескертті. Бұл жадынамада «Деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтіні мемлекеттік тілде сол жағында немесе жоғары жағында, орыс тілінде оң жағында немесе төменгі жағында орналасуы тиіс» деп көрсетілген.
    Одан соң тексеру тобы аудан орталығындағы дәмханалардың біріне бас сұқты. Мұнда мәзірдің бір бөлігі қазақ тілінде жазылғанымен, көрнекі жазулар түгелдей орыс тілінде. Асхана иесіне тіл нормалары түсіндіріліп, кемшіліктерді жою үшін бір ай уақыт берілді. Кәсіпкер бұл талапты түсіністікпен қабылдап, олқылықтарды түзетуге уәде етті. Артынша Жансүгіров көшесіндегі сүзбе дайындайтын шағын дүңгіршектің маңдайшасында «Мы открылись» деген үлкен жазу көзге оттай басылды. Бұл жерге де арнайы топ кіріп, ескерту жасап, жарнаманы алып тастауды және тағам атаулары мен бағаларын мемлекеттік тілде көрсету қажеттігін айтты. Орысша жарнама сол сәтте алынып, өзге қателіктер де көп күттірмей түзетілетіні айтылды. Сол көшедегі телефон жөндеу орталығы, шаштараз және киім дүкендеріндегі жазулар да бірдей сипатта – толықтай орыс тілінде. Барлығына түзету міндеттелді.
    Түс ауа тексеру тобы Алатау қала­­­­сына бағыт алды. Мұнда комиссия­ны «Қазақ тілі» қоғамының қалалық өкілі Арайлым Жақсылық күтіп алып, бірнеше нысанды бірге аралады. Асханалар мен самса сататын дүңгір­шек­терде, тігін шеберханалары мен шаруашылық дүкендерінде де тілдік талаптар сақталмаған. Қоғам мүшелері бұл орындарға да арнайы жадынама қалдырып, «Тіл туралы» Заң талаптарын нақты түсіндірді. «Егер белгіленген мерзімде түзетулер енгізілмесе, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 75-бабы негізінде айыппұл салынады», – деп қатаң ескерту жасалды. Рейд барысында мамандар кәсіп иелеріне «Жарнама туралы» Заңның 6-бабын да еске салды. Онда Қазақстан аумағын­дағы жарнама қазақ тілінде, қажет болған жағдайда орыс және басқа тілдерде де таратылады деп нақты жазыл­ған. Ал «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 24-бабы бойынша сатушы немесе қызмет көрсетуші тұтынушыға мемлекеттік тілде толық әрі түсінікті ақпарат беруге міндетті. Қоғам өкілдері бұл талаптар – жазалау емес, тәртіп орнату мен ана тілінің беделін арттыру жолындағы ізгі шара екенін атап өтті.
    Міне, солай бір күндік рейд бары­­­сында Өтеген батыр ауылы мен Алатау қаласындағы оннан аса нысан­ға түсін­дірме жұмысы жүргізілді. Кейбір кәсіп­керлер олқылықтарды сол күні-ақ түзетіп, жаңа жазулар іле бастады. Бұл көңіл қуантатын көрініс тіл жанашырларының еңбегі еш кетпегенін аңғартты. Осы орайда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының басшысы Гүлзира Сейітбекқызы рейд жұмысы­ның нәтижелі өткенін айтып, тіл заңдылығын сақтау баршаға ортақ мәдениетке айналуы тиіс екенін алға тартты. Сондай-ақ аталмыш рейдтік шара­лар алдағы уақытта басқа аудан, қала­ларда да өткізілетінін тілге тиек етті.
    Іле ауданындағы рейд жай бақылау емес, санаға салынған сабақ болды. Мамандардың тіл мәртебесін ұлықтап жатқан жұмысын көрген тұрғындар да жылы лебізін білдіріп, мемлекеттік тілге құрмет – елге құрмет екенін жеткізді.Тілдік норманы сақтау – заң талабы ғана емес, азаматтық ардың өлшемі екенін сөз еткен Күләйша Бейсембаева бүгін жадынама түрінде таратылған ескертулер ертең елдік намысқа айналып, әр маңдайшада, әр жарнамада қазақ тілінің айбары асқақтаса, бұл жұмыстың жемісі сол болатынын айтты.

    Құралбек СӘБИТОВ

    Ұсынымдар

    Теорияны тәжірибемен ұштастырған

    Теорияны тәжірибемен ұштастырған

    1 year ago
    Тұмаудан сақтаныңыз!

    Тұмаудан сақтаныңыз!

    12 months ago
    Премьер-министр: Алматы мен Атырау облыстарында негізгі макроэкономикалық өсім төмен

    Алматы облысында ЖӨӨ 7,4 пайызға өсті

    1 year ago
    Сүйіндік би

    Сүйіндік би

    5 months ago
    Алматы облысында 337 шақырым туристік жол жабдықталады

    Алматы облысында 337 шақырым туристік жол жабдықталады

    3 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>