Есік қаласында «Белсенді ұзақ өмір орталығының даму перспективасы» атты облыстық конференция өтті. TEDx форматына негізделген жиынға мемлекеттік құрылымдар, ғылыми орта, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Шара аясында егде жастағы азаматтардың өмір сапасын жақсарту, ұрпақтар сабақтастығын сақтау және белсенді қартаюды қолдау мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шара Белсенді ұзақ өмір орталығындағы үлкен көрмені тамашалаудан басталды. Мұнда соңғы екі жыл ішінде облыс аумағындағы барлық қала, аудандарда ашылған орталықтың филиалдары жиналып, өз жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды. Оның ішінде ерекше қызығушылық тудырғаны – «Гарденотерапия» жобасы болды. «QazAGO» компаниясы ұсынған жоба аясында зейнеткерлер калифорниялық қызыл шылаушын өсіре алады. Мұндай бір құрт 16 жылға дейін өмір сүреді және қалдықтарды биогумусқа айналдырады. Шылаушыннан алынған биогумус өнімділікті 1,5-2 есе арттырады. Бақша терапиясына ерекше қызығушылық танытқан қарттар алдағы уақытта органикалық тыңайтқыш өндіру технологиясымен шындап айналыспақ.
Конференцияның басты мақсаты – Белсенді ұзақ өмір орталығының 2025-2030 жылдарға арналған бесжылдық даму жоспарын қабылдау. Әр жылы жасалатын жұмыс нақты қадам-қадамымен қарастырылып, орталықтың құқықтық және ғылыми-әдістемелік негізін қалыптастыру, инфрақұрылымын дамытудан бастап, болашақта Қазақстанның белсенді қартаю саласындағы ұлттық моделін жасап, оны халықаралық деңгейде паш ету жоспарланған. Бұл бағыттар егде жастағы азаматтардың қоғамға бейімделуін жеңілдетіп қана қоймай, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға жол ашады. Әрі қарттардың әлеуметтік-психологиялық, медициналық жай-күйін жақсартып, шығармашылық әлеуетін арттыруға мол мүмкіндік береді. Бұл жұмыстарды жүйелі жүзеге асырып, елімізде белсенді қартаю мәдениетін қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және егде жастағы азаматтардың өмір сапасын арттыру көзделген.
Жиын барысында бірқатар баяндама оқылды. Ұрпақтар сабақтастығының ұлттық негізі жайында сөз қозғаған Ұлттық құндылықтар академиясының өкілі Сараш Қоңырбаева үлкенге құрмет, кішіге ізет жайында айтып, қарттардың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды орнына тоқталды. Педагогика ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Мұхамедрахым Құрсабаев қарттарға арналған цифрлық маркетплейс платформаларының мүмкіндігін таныстырды. Геронтопсихолог Күлмаш Елшібаева эмоционалды денсаулық мәселесін сөз етсе, профессор Айнұр Ешманова геронтологиялық технологияларды қолданудың тиімділігін түсіндірді. PhD, медицина магистрі, стратегия және жобалық басқару жөніндегі директордың орынбасары Қарлығаш Қожахметова егде жастағы жандарға тән деменция, альцгеймер сырқаттарына байланысты профилактикалық жұмыстар туралы баяндады.
Жиын соңында облыстық ардагерлер ұйымы, ақсақалдар мен аналар кеңесі, Ұлттық құндылықтар академиясы, Ғылыми геронтология орталығы және Еңбекшіқазақ көпбейінді орталық аудандық ауруханасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бұл – аға буынның тәжірибесін тиімді пайдалану, қарттар денсаулығын нығайту, олардың қоғам өміріне белсенді араласып, ел дамуында атқарар үлкен рөлі үшін жасалған маңызды қадам.
Белсенді ұзақ өмір орталығы – қарттарға жасалып отырған әлеуметтік қамқорлықтың жаңа моделі. Ол тек қана зейнеткерлерге арналған орталық емес, ұрпақтар арасын жақындастыратын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін және ғылыми инновацияларды енгізетін ерекше алаңға айналуда. Бұл бастама еліміздің әлеуметтік саясатының жаңа бетбұрысы болып, егде жастағы азаматтардың өмір сапасын жақсартуға серпін беретіні сөзсіз.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы




