«Қазақстан халқына» қоры Мемлекет басшысының бастамасымен үш жыл бұрын құрылғаны баршаға белгілі. Осы кезең ішінде ол Алматы облысының тұрғындарына жалпы 10,7 млрд теңге қайырымдылық көмек көрсетіп, 21 қайырымдылық жобасын іске асырған. Сол жобаларды БАҚ-та көрсету мақсатында IV Ұлттық қайырымдылық конференциясы шеңберінде өңіраралық баспасөз туры өтті.
Сапар бағдарламасына сәйкес, жоспарланған үш нысанның екеуі Талғар ауданында орналасқан. Журналистер атбасын тіреген бірінші нысан Қызыл-қайрат ауылындағы «Ақ жол-М» мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы болды. Алғашқы кезекте оның құрылтайшысы әрі төрағасы Рушангүл Тохтахунова орталықтың қалай құрылғаны, сал ауруына шалдыққан қызының қалай емделгені туралы айтып берді.
– Орталықтың құрылуы сал ауруына шалдыққан қызымды оңалту мәселесіне тап болудан басталды. Біз бірнеше жыл дегенде кезекпен Астанада оңалтудан өтуге мүмкіндік алдық. Ол кезде қызым 9 жаста еді, ал қазір – 25-те. Астанадан қайтып келген соң, қызымызды емдеу үшін жаттығу залын ашуға тырыстық. Қызымыз өзін жалғыз сезінбесін деп достар клубын құрды. Осылайша жиналған алғашқы 5 баламыздың бәрі спортшы атанды. Олар аудандық, облыстық және республикалық жарыстарға қатысып, спорт шеберлігіне үміткерлер мен шеберлер разрядына ие болды. Біреуі жеңіл атлетикамен, біреуі шаңғымен бағдарлау спортымен шұғылданды. Менің қызым жүзуден Қазақстанның бес дүркін чемпионы, халықаралық жарыстарда жеңіп алған күміс және қола медалі де бар. Балалардың бәрі жақсы білім алды, қазіргі таңда олардың екеуі – осы орталықтың қызметкері, ЛФК бойынша сабақтар өткізеді, – дейді Рушангүл.
Халық қаражатына салынған ғимарат құрылысының тарихы да айрықша. Бастапқыда үй-жайларды жалға алуға тура келеді, кейін балалардың көптеп келе бастауына байланысты олардың алаңын ұлғайту қажеттілігі туындайды. Тек 2017 жылы «Ақ жол-М» қамқоршылық кеңесінің мүшесі, «Нұр-Мүбәрак» университеті әрі мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлының қолдауымен төрт қабатты заманауи ғимарат салынады. Осылай орталық біртіндеп толыққанды қызмет ету құқығына ие болды.
Рушангүл Ибрайымқызының айтуынша, Мүгедек балаларды дамыту орталығы елімізде халықтан жиналған қайырымдылық қаражатына салынған және жұмыс істейтін жалғыз орталық. Оның тағы бір ерекшелігі – ауылдық жерде орналасуында. Бүгінгі таңда орталықтың қызметін түрлі ауруға шалдыққан 876 бала пайдаланады, 288 бала есепте тұр. Орталықты жарақтандыруға «Қазақстан халқына» қоры 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлген.
Қонақтар орталықты аралап, балалардың оңалтудан өту сәтін көзбен көрді. Мұндағы заманауи жабдықтар мен емдік дене шынықтыру, роботтандырылған механотерапия, жалпы және сегменттік массаж, бассейн (гидрокинезотерапия), парафинотерапия, логопед, психолог және дефектолог сабақтары, мектеп бағдарламасы бойынша оқыту сияқты емдеу процедураларының түрлерімен танысты. Сонымен қатар мамандар ағылшын тілі бойынша сабақтар өткізеді, шахмат, дойбы, армрестлинг және тоғызқұмалақ бойынша ойындарды үйретеді. Орталықта күн сайын 200-ден астам баланы қабылдау жоспарланған, аптасына бес күн жұмыс істейді.
Дене шынықтыру-сауықтыру орталығының пациенттері спортта, музыка мен би өнерінде тамаша нәтижелерге қол жеткізген. Олар бірнеше рет халықаралық және республикалық жарыстардың жүлдегерлері атанып, фестивальдерге қатысып, түрлі байқауда жеңіске жеткен. Мұнда әрбір балаға жеке қарым-қатынас жасалады, ал орталықтың бірегейлігі – көптеген ата-аналарға балалары өзін жалғыз сезінбеуі, олармен бірге болу мүмкіндігі берілуінде. Сондай-ақ мұнда 18 ата-ана білім алып, нұсқаушы болып жұмысқа орналасқанын да айта кеткен жөн. Бұдан басқа, жекелеген фирмалар мен компаниялардың атынан түрлі меценаттар мен демеушілер қайырымдылық көмек көрсетіп, Neuro-MSX -ТМС (транскраниалды магниттік ынталандырғыш), шунгит бөлмесі, оттегі концентраттары, жиһаздар мен компьютерлер сыйға тартылыпты. Роботталған бөлме де бар. Сал ауруы диагнозы қойылған 17 жастағы Ақбар есімді баланың екі жыл бойы роботтандырылған тренажерда жаттығуынан оң өзгерістер байқалған. Мұндай нәтижеге жететін балалар аз емес.
– Бізге Еңбекшіқазақ ауданынан, Нарынқолдан, Шымкенттен, Тараздан, тіпті Шығыс Қазақстаннан да келеді. Егер адамдардың орталыққа жақын жерде пәтер жалдауға мүмкіндігі болса, біз көмек сұрағандардың бәрін қабылдаймыз, – деп түйіндеді Рушангүл Тохтахунова.
Баспасөз турының келесі нысаны «Medicare International» протездік-ортопедиялық кәсіпорны болды. Оның тек Алматыда ғана демесең, Қазақстан бойынша дерлік баламасы жоқ. Мұнда журналистерді компанияның атқарушы директоры Самат Сортов қарсы алып, кәсіпорын жайында толық айтып берді. Самат Қосетұлының айтуынша, кәсіпорын 2016 жылы құрылған және ол заманауи материалдар мен электронды протездерді пайдалана отырып, протездік-ортопедиялық бұйымдарды шығарумен айналысады. «Қазақстан халқына» демеушілік бағдарламасы аясында 600 млн теңгеден астам сомаға тапсырыс түсіп, 162 бұйым жасалыпты, оның 72-сі – қол протезі.
Мұнда өндіріс жақсы жолға қойылған, барлық мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттілігі мен сұранысы ескерілген. Бұйымға үшжылдық кепілдік беріледі. Компанияның «Оттобок» (Германия), «Симфония» (Жапония), «Ортекс» (Ресей), «Колледжпарк» (АҚШ) сияқты әлемнің жетекші компанияларымен тікелей шарттары бар.
Кәсіпорында 42 адам жұмыс істейді. Самат Қосетұлы киім-кешек, шина, гильза, гипс өңдеу, жинау, аяқ киім бөлмелерінен бастап, бұйымның қайралатын бөлмесіне дейін өндірістік аймақтың барлығын көрсетті. Гипстеу бөлмесінде журналистер онда жұмыс істейтін шебер Мұхамедия Ержігітовпен әңгімелесті. Бір кездері ол өзі емделіп, «Қазақстан халқына» бағдарламасы бойынша протезге тапсырыс берген екен. Бала кезінде спортзалда футбол ойнап жүріп, тізесінен зақымданады. Содан кейін саркома ауруы пайда болады, дәрігерлер аяғының жартысы кесілетінін айтады. Оның бақытына орай, бұл қиындықтан оны заманауи еуропалық қондырғыда жасалған протез құтқарады. Оны пайдаланғанына 5 жыл болыпты. Бұрын кәдімгі протезді пайдаланған, ол көбіне ыңғайсыздық тудырған. Қоғамдық қордың арқасында ол қымбат протез (6 млн теңге) сатып алады. Соның арқасында енді толыққанды жүріп, тіпті жұмыс істей алады.
Қоғамдық қордың аға жобалау менеджері Динара Нұрқасымованың айтуынша, бүгінгі таңда 196 мүгедекке 11,4 млрд теңге мөлшерінде қайырымдылық көмек көрсетілген. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Бір сөзбен айтқанда, «Қазақстан халқына» қорының жобалары әрдайым халық игілігі үшін қызмет ете береді.
– Қордың Алматы қаласы мен облыс журналистері үшін ұйымдастырған өңіраралық баспасөз турының үшінші нысаны – Қарасай ауданының Абай ауылындағы №2 орта мектеп. Мұнда қордың «Алматы облысының мектептерінде «Білім инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу» жобасы жүзеге асырылуда.
Мектеп директоры Самат Жұмабековтің айтуынша, қордың қаржысына мұнда үш кабинет жабдықталған. Онда оқушылар үш пән – биология, физика және химия бойынша зертханалық және тәжірибелік сабақтар, ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстар жүргізеді. Олар оқулықтарда бұрын оқығандарын енді өз сабақтарында көрсете алады. Сонымен қатар қор мектепті интерактивті тақталармен қамтамасыз етті және сол арқылы ауылдық және қалалық мектептер арасындағы алшақтықтың жойылуына ықпал етті.
Егер зертханалық кабинеттерге оралсақ, олар педагогтар үшін де үлкен көмек болды. Ал мектепте жасалған жағдай сабақты жаңа деңгейге көтеруге және оқушылардың білім сапасын арттыруға септігін тигізуде. Оқу процесін ұйымдастырудың халықаралық стандарттарға сәйкес келуінің арқасында мектеп оқушылары терең білім көрсете отырып, әртүрлі деңгейдегі олимпиадаларда үздік нәтиже көрсетуде. Сондай-ақ үлкен тәжірибелік маңызы бар қызықты жобалармен жұмыс істеуде. Тағы бір айта кететін жайт, биыл мектеп бітірген 44 түлектің 32-сі ҰБТ тапсырып, 23-і мемлекеттік грант негізінде жоғары оқу орындарына түсті. Мектептің 4 оқушысы республикалық олимпиадалардың, 5-еуі облыстық және 14-і аудандық олимпиадалардың жеңімпазы атанды.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры жабдықтаған үш кабинеттің бірі – биология. Бірінші қабатта орналасқан №126 кабинет оқу-тәжірибелік зертханасымен ерекшеленеді. Біз барғанда мұнда 10 «Ә» сынып оқушылары сабақ оқып жатты. Мұғалім Малика Мырзабекқызымен бірге олар «Әртүрлі күйлердің ақуыз құрылымына әсері» тақырыбын талдады.
Бұдан соң журналистер екінші қабатта орын тепкен физика пәнінен зертханалық №75 кабинетімен танысты. 11 «Б» сынып оқушылары ұстазы Айдын Нұрлыбекованың тәлімгерлігімен «Өткізгіштердің аралас қосылуы» тақырыбында зертханалық жұмыс орындады.
Ең соңғысы – үшінші қабатта орналасқан №38 химия пәні кабинеті. Мұнда 9 «Ә» сынып оқушылары мұғалімі Арна Мұратқызының жетекшілігімен «Ион алмасу реакциялары» тақырыбында тәжірибелік жұмысты орындады.
Мектепте 98 мұғалім жұмыс істейді, оның ішінде физика, биология және химия пәндерінен 8 мұғалім бар. Олардың үшеуі «модератор», тағы үшеуі «мұғалім», біреуі «зерттеуші» және біреуі «сарапшы» мәртебесіне ие.
«Қазақстан халқына» қорының аға жобалық менеджері Динара Нұрқасымова түсіндіргендей, «Алматы облысының мектептерінде «Білім инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу» QH қорының жобасы «Білім инновация» халықаралық қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Оған 136 мектеп қатысады, оның 50-і – Алматы облысында. Жоба 2023-2024 жылдары іске асырыла бастады және қазірдің өзінде жақсы нәтиже көрсетуде.
Ол сондай-ақ жоба аясында «Білім инновация» қорының мамандары мектеп педагогтарына тәлімгерлік көмек көрсетіп жатқанын да атап өтті. Бұл мұғалімдердің кәсіби өсуі мен жеке қасиеттерін дамыту үшін аса маңызды. Алдағы уақытта да қор осы бағыттағы жұмысын жалғастыра бермек.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Алма ЕСЕНБАЙ
Талғар, Қарасай аудандары




