Дәулескер күйші, композитор, дирижер, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай елімізде ауқымды мәдени іс-шаралар өтуде. Соның бір жарқын көрінісі – Өтеген батыр ауылында бой көтерген еңселі ескерткіш пен жаңа Мәдениет үйінің ашылуы болды.
Бұл – мәдениет пен тарих тоғысқан күн. Өйткені тәуелсіздік алғалы бері 35 жылдың көлемінде Іле ауданының орталығы Өтеген батыр ауылына мәдениет ошағын салу арман болса, оған қазақтың біртуар перзенті – Нұрғисасының есімі беріліп, ескерткішінің ашылуы қайталанбайтын тарихи сәтке айналды.
Қасиетті жұма күнімен тұспа-тұс келген шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен өнер майталмандары қатысты. Алдымен Нұрғиса Тілендиев ескерткішінің ашылу рәсімі өтіп, қонақтар ұлы тұлғаның рухына тағзым етті.
Нұрғиса Тілендиевтің мүсінін белгілі мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов әзірлеген. Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі – 2,85, тұғыры – 1,5 метр. Жалпы биіктігі – 4,35 метрді құрайды. Тұғыры граниттен жасалған. Бұл ескерткіш – ұлы сазгердің өнерге сіңірген еңбегіне деген ел құрметінің айғағы.
Шарада алғашқы болып сөз алған Аида Ғалымқызы Президентіміздің арнайы құттықтауын жеткізе келе: «Ардақты ағайын! Дәулескер күйші Нұрғиса Тілендиевтің өнерімізді дамытуға қосқан үлесі айрықша зор. Композитордың әр қазақ тебірене тыңдайтын күйлері мен жұртшылық жатқа білетін әндері, халқымызбен біте қайнасып, ұлттық өнеріміздің алтын қазынасына айналды. Ұлы композитор халқымыздың тарихы мен тағдырын, қуанышы мен қайғысын, арман мен мұратын өнермен өрнектеп, артына мол мұра қалдырды. Нұрғиса атамыз 500-ден аса музыка, әндер мен күйлер, опера және балет шығармаларын дүниеге әкеліп, қазақ музыкасын жаңа биікке көтерді. Қазақ музыкасының болмысын әлемге танытты. Сондай-ақ көптеген шәкірт тәрбиелеп, дарынды жастардың өсіп-жетілуіне ықпал етті. Бүгінде шәкірттері ағамыздың сара жолын жалғастырып, ұлт мәдениетінің өркендеуіне өз үлесін қосып жүр. Биыл Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы кең көлемде атап өтілуде. Мерейтой аясында шетелде іргелі мәдени шаралар ұйымдастырылды. Бұл ұлы тұлғаға деген халықтың ыстық ықыласы деп білемін. Атап айтқанда, Түрксой халықаралық ұйымы 2025 жылды «Нұрғиса Тілендиев жылы» деп жариялап, Түркия астанасы Анкарада ашылу салтанатын өткізді. Сонау Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде күйшінің құрметіне ұлт аспаптар көрмесі ашылды. АҚШ-та әйгілі Корнеги-холлда «Құстар қайтып барады» арнайы кеші өткізілді. Дәл осындай мәдени шаралар Мәскеу, Алматы, Түркістан қалаларында өтті. Бүгінгі ескерткіштің ашылуы ұлы тұлғаның рухын ұлықтауға арналған іс-шаралардың бір парасы деп білеміз. Осынау еңселі ескерткіш Нұрғиса Тілендиевтің ұлт жүрегіндегі мәңгілік орнын айшықтайды. Ескерткішті ашуға атсалысқан барлық азаматқа алғыс айтамын», – деді министр.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев салтанатты жиында сөз сөйлеп, Нұрғиса Тілендиевтің қазақ мәдениетіндегі орны ерекше екенін атап өтті.
«Бүгін біз ұлы композитор, дирижер, Қазақстанның Халық әртісі, ұлт мақтанышы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған маңызды оқиға – еңселі ескерткіш пен Мәдениет үйінің ашылу салтанатына жиналдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі – еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түседі» деп атап өткен еді. Биыл ЮНЕСКО көлемінде аталып жатқан бұл мерейтой – жалпы қазақ халқының ұлттық абыройы. Ұлт өнерін күмбірлеген күйімен асқақтатқан Нұрғиса Атабайұлының есімі ел жадында мәңгілікке сақталады. Туған жерінде еңселі ескерткіш бой көтеріп, мәдениет ошағына есімі берілуі – ұлы тұлғаның өнердегі мұрасын ұлықтаудың айқын көрінісі», – деді аймақ басшысы.
Бұдан кейін Мәдениет үйінің есігі айқара ашылып, жиналған жұрт оның көрме залдарын аралады. Шара аясында ұйымдастырылған концертте дәулескер күйшінің сазды әуендері күмбірлеп, өнерпаздар жүрек тербетер ән-күйлерді орындады.
Жаңа Мәдениет үйі – Іле ауданының халқы үшін зор қуаныш. Оның құрылысын «АК Construction» ЖШС жүргізген. Жалпы сыйымдылығы 400 орынды мәдени ошақта Сүйінбай атындағы облыстық филармония, Іле аудандық ардагерлер ұйымы, кітапхана, көркемөнерпаздар ұйымы, Жастар ресурстық орталығы және Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы орналасатын болады.
Ғимараттың ішкі дизайны заманауи үлгіде жасақталып, интерьерлер аса биік талғаммен таңдалған. Мәдениет үйінің ашылуы өңірдің рухани өмірін жандандырып, өнер мен мәдениеттің дамуына тың серпін бермек.
Аудан тұрғыны, зейнеткер, газет жанашыры, Журналистер одағының мүшесі, еңбек ардагері Қабылан Көрпебаев: «Міне, бүгінгі күніміз тарихтан ойып тұрып орын алды. Көптен күткен Мәдениет үйіміз есігін айқара ашты. Мен жақын жерде тұрамын, енді мәдени шаралардан қалмаймын, немерелерімді де ала келемін. Ауласы кең, келіп тыныстап отырып, демалсам да болады. Мұнда әлі талай игі істің куәсі боламыз. Халқыма, ауылдастарыма құтты болсын дегім келеді», – деп қуанышын жеткізді.
Нұрғиса Тілендиев – ұлттық музыка тарихында өшпес із қалдырған тұлға. Оның күйлері мен әндері халық жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Сазгердің мерейтойы аясында Пекин, Мәскеу, Бішкек қалаларында арнайы мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, қазақ өнерінің мәртебесі асқақтады. Сонымен қатар, композитор туралы музыка зерттеушілерінің еңбектері бір жинаққа топтастырылып, жаңа кітап жарық көрмек.
Іле жерінде өткен бұл айтулы шара – ұлы тұлғаның ел тарихындағы орнын дәріптеп қана қоймай, жас ұрпақты өнерге, елжандылыққа тәрбиелеудің жарқын үлгісіне айналды. Ұлттық мәдениет пен өнерді ардақтау – болашаққа қалдырылар мәңгілік қазына екені тағы бір мәрте дәлелденді.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы




